«Жас алаш» сатылды ма?

none

Бұл сұраққа кесімді жауап беру үшін «Жас Алашқа» және басқа да оппозициялық басылымдарға қатысты кейбір келеңсіз оқиғаларға қысқаша шолу жасаған жөн, себебі газеттің бас редакторы болып Инга Иманбайдың тағайындалуына байланысты редакцияда туындаған дау-дамай да «газет басқа біреудің қолына өтіп кетті ме» деген үрейден туындады. «Жас алашты» соңғы үш жыл басқарған Руслан Ерботаның газет акционеріне (қожайынына) реніш білдіруіндегі негізгі себеп те - осы.

Оқырманның есінде болу керек, 2017 жылдың басында «Жас алаштың» қожайыны Салтанат Атушева өзінің қайнағасы Рысбек Сәрсенбаевты қарсыласқанына қарамай, газет басшылығынан алып тастаған болатын. Келін мен қайнаға арасындағы текетірес кезінде Рысбек Сәрсенбаев «Жас алашты» сатқалы жатыр» деп байбалам салып жұртты дүрліктірген. Ал Руслан Ербота «Жас алаштан» кету себебін түсіндірген жазбасында сол оқиғаны қайтадан еске алды. Сол кезде оған Салтанат Атушева былай депті: «Руслан, газетті сату ойыма да кірген емес, сатсам баяғыда сатар едім. Сатпаймын да. Екіншіден, Алтынбек ағаңның армандаған мемлекеті енді орнамас. Бірақ, «Жас Алаш» оның көзіндей, листовкаға айналдырмай, бір адамға қадалып қалмай, өйткені, ертең ол кеткенде газет бірге кетеді, жалпыға ортақ, ешкімге бүре тартпайтын нағыз газет жасасақ, кейін ағаңа, ана жаққа барғанымда жүзім ашық болар». Сәрсенбаевтар әулетіне жиен болып келетін Руслан Ербота осы сөзден «аттап» кете алмай «Жас алашқа» бас редактор болуға көнеді. Нағашы жеңгесіне осылайша ренжіп өкпелеуіне қарағанда, Руслан Ербота «Жас алаштың» осы жолы сатылғанын білетін секілді.

Әрине, «Жас алаштың» акциялары қор биржасында тұрған жоқ, сондықтан әзірге газетті кімнің сатып алғанын анықтау мүмкін бола қоймас – оған біршама уақыт керек.

Журналист Гүлжан Ерғалиеваның иелігінде болған «Свобода слова» газетінің билікке сатылып кеткені де бір жарым жылдан кейін ғана анықталды. Онда да Г.Ерғалиеваның Жақияновтар отбасына қарызға берген 1 миллион доллардан шу шығып, даулы іс сотқа жеткенде, мол қаржының қандай табыс көзінен келгені жөнінде судья сұрау салғанда тығырыққа тірелген журналист құпияны амалсыз жария етуге мәжбүр болған. Сотта Г.Ерғалиева газеттің өзіне тиесілі 25 пайызы үшін 2,5 млн. доллар алғанын мойындап, 1 млн. сол ақшаның бөлігі екенін айтқан еді.

«Свобода слова» газетінің сатылу схемасына қысқаша шолу жасау «Жас алашқа» қатысты мәселенің мәнін аша түседі. «Свобода слова» сатылған тұста Президент әкімшілігінің жетекшісі Аслан Мусин еді. Кейбір мәліметтерде билік тарапынан келіссөзді жүргізген саяси кеңесші Ермұхамбет Ертісбаев пен олигарх Болат Өтемұратов, ал оппозиция жағынан Болат Әбілев араағайындық жасағаны айтылады.

Қазақстанның тәуелсіз БАҚ тарихына өшпес қара дақ жағып кеткен келісімнің шарты да құйтырқы болатын: газет сатылғанымен, Г.Ерғалиева «Свобода слова» редакциясынан бірден кетпейді, жарты жылдан кейін ғана газет тізгінін басқа біреуге (журналист Евгений Рахымжанов) тапсырады; бұдан кейін Г.Ерғалиева оппозициялық басқа медиа жобамен шұғылданбайды және т.б. Ал «Свобода слова» газетін сатып алушы тарап сиырқұйымшақтатып барып, оппозициялық басылымды жауып тастауы тиіс болатын. Солай болды да. Осы жағдайды еске алсақ, «Жас алаштың» сатылуы «Свобода слованың» сүрлеуімен кетіп бара жатқан секілді.

Өмірінің соңғы жылдарында оппозиция алаңына шыққан Алтынбек Сәрсенбаевтың өлімінен кейін билік пен оппозиция арасындағы астыртын байланысты Ораз Жандосов, Болат Әбілев және Төлеген Жүкеев жүзеге асырған болатын. Саяси конъюнктураның өзгеруіне орай кейінгі жылдары бұл миссия «оппозицияның сұрқай кардиналы» Төлеген Жүкеевтің қолына түбегейлі өтті. Ол Рысбек Сәрсенбаевты «Жас алаштан» қуу операциясына, оның иелігінде болған 25 пайыз акцияны Салтанат Атушева алып беруге атсалысты. Сонымен қатар Төлеген Жүкеев жаңа партия құруға белсене кіріскен Жанболат Мамайдың баяғыдан «кураторы» екені жұртқа мәлім. «Жас алашқа» басқа емес, Ж.Мамайдың әйелі Инга Иманбайдың бас редактор болып тағайындалуы да газеттің қожайыны ауысқанынан хабар береді.

Берік Мыңжасар

Айдары: Түтін 16.01.2020 228

Қатысты мазмұн