БТА банінің қаражатын жымқыруға қатысты іс бойынша сот Мұхтар Әбілязовтың ағасына үкім шығарды. Осыған орай адвокат Жан Күнсеркин банкир Мұхтар Әбілязовтың ісіне қатысты мәлімет бөлісті. Ulysmedia.kz хабарлағандай, наурыздың 19-ы күні Алматы қаласы Медеу ауданының №2 аудандық сотында БТА банкіндегі ұрлық ісі бойынша сот үкімі жарияланып, мерзімнің ескіруіне байланысты сотталушы Қуаныш Нұрғазин жазадан босатылды.
«Сот Қ.Нұрғазинді ақтаған жоқ. Бірақ істі қарау барысында БТА банкіне қатысты басқа фигуранттардың істері бойынша бұрын сотта зерделенбеген кейбір мәліметтер ашылды. Банк акцияларының 62 %-ы М.Әбілязовке тиесілі болған екен. Демек, оның 2017 жылы өз ақшасын ұрлағаны үшін қалай кінәлі деп танылғаны мүлде түсініксіз», - дейді адвокат Күнсеркин.
Қуаныш Нұрғазин – Мұхтар Әблязовтың ағасы. Ол былтыр шілде айында өз еркімен Қазақстанға қайтып оралған. Сол кезде прокуратура хабарлағандай, 12 жыл бойы Литва аумағында жасырынып, сол жерде босқын мәртебесін алған. Нұрғазин Қазақстанға өз еркімен оралуға ниет білдірді. 24 шілдеде паспорт бақылауынан өткеннен кейін ол ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Нұрғазин М. Әбілязов басқаратын «BSC» ЖШС-ның номиналды директоры. Әбілязов пен оның сыбайластары осы компанияны заңсыз несиелендіру арқылы БТА Банктен аса ірі көлемде қаражат жымқырғаны белгілі.
Адвокат Күнсеркин жерден жеті қоян тапқандай, Әбілязовты сүттен ақ, судан таза етіп шығарғысы келеді. Әбілязов өзіне тиесілі банктің, яғни өзінің ақшасын алып кеткені үшін қылмыскер деп танылды деген тұржырымға келіп отыр. Бірақ БТА банктің Қазақстанның жүйе құрушы банктерінің бірі болғаны, оған ел экономикасының тірегі болып отырған талай ірі компания қаражатын салғаны, одан бөлек жеке салымшылардын да сеніп артып ақшасын салғаны белгілі. Осындай маңызы зор банкті тақырға отырғызып кету әрекетінің салдарын болдырмау үшін үкіметтің бюджеттен миллиардаған қаржы құйғанын да ешкім жоққа шығара алмайды. БТА банкінің акцияларын иемдену үшін бұдан басқа қылмысқа барғаны бар. Сондықтан Әбілязовтың жауапкершіліктен құтылмайтыны анық.
Қазір Қазақстанда Мұхтар Әбілязов қылмыстық қоғамдастық құрып, БТА банкінен 7,5 миллиард доллардан асатын қаражатты ұрлағаны үшін кінәлі деп танылды. Экс-банкир Қазақстанда экстремистік ұйым деп танылған, заңды билікті құлатуды мақсат тұтатын, тіркелмеген «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысының жетекшісі.