«Жартылай бостандыққа» шыққан Мамайдың ісі немен аяқталады?

none

2 қараша күні түстен кейін Мамайдың ақырында «таза ауаға» шыққаны белгілі болды. Алматы сотының баспасөз қызметі Бостандық ауданының № 2 аудандық сотына Жанболат Мамайға қатысты «заңсыз митинг ұйымдастыру, бұқаралық ақпарат құралын пайдалану жолымен билік өкілдерін қорлау, көрінеу жалған ақпарат тарату» айыбы бойынша қылмыстық істің түскенін хабарлауы қамауда отырған саясаткер Мамайдың өзі үшін де күтпеген жаңалық болыпты.

Оған дейін БАҚ Британия парламентінің мүшелері Жанболат Мамайдың ісі негізінде Қаңтар оқиғасында және оқиғадан кейін Қазақстанда адам құқықтары мен халықаралық құқықтардың бұзылғаны жайлы хабарларды тексермек болғаны туралы мәлім етілген еді.

Ал Мамайдың адвокаты Ернар Кенжебаев онлайн жиында белсендіге қатысты тергеу аяқталып, іс сотқа жіберілгенін айтқан болатын. Өткен аптада Мамайға тағылған «жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру» айыбы «бейбіт митинг өткізу туралы заңды бұзу» бабына ауыстырылған еді. Сондай-ақ, оған «жалған ақпарат таратты» деген де айып тағылған.

Сөйтіп, адам құқықтарын қорғайтын халықаралық ұйымдардың, Британия парламенті мен Еуропарламент мүшелерінің араласуынан кейін 8 жарым ай тергеу изоляторында отырған тіркелмеген Демократиялық партияның төрағасы Жанболат Мамай өзі айтқандай «жартылай бостандыққа», яғни үйқамаққа шықты. Мұның ойламаған жерден болғанын өзі мәлімдеді. Айтуынша, 15 шарты метрдің ішінде өмірінің өтіп жатқанына үйреніп кеткендей де болыпты. Белгілі болғандай, Мамайдың ісі бойынша бірінші сот отырысы 7 қарашада өтеді.

Мамайдың ісі бойынша алдағы президент сайлауының алдында қозғалыс басталғанын қалай тәпсірлеуге болады? Бұған халықаралық ұйымдардың, Британия мен Еуропа парламенті мүшелерінің араласуы себеп болды ма немесе бұл сайлауға қатысуға ортақ кандидат ұсынуға жарамаған оппозицияның кейпін сәл болса да «әдемілеп қою» үшін жасалып жатқан амал ба?

Осыдан сәл ғана бұрын Еуропада бас сауғалап жүрген қашқын экс-банкир Әбілязов Мамайдың қамалғанын Кәрім Мәсімовтің төңкеріс жасау әрекетінің әшкере болып, ұсталуымен байланыстырған болатын. Оның айтуынша, Мамай – Мәсімовтің агенті. Әбілязов Мамайды жақсы білетінін де айтты. Өйткені, ол Мамайдың шығарып жүрген газетін қаржыландырыпты. «Ол өзінің барлық қадамын менің ресурстарымның есебінен жасады» - деді Әбілязов.

Өзінің ойынша «нағыз демократ, оппозиционердің» қызметін қаржыландырып, мақсатыма жетемін деп, «Троя атын асырап алданып қалғанын» түсініп өкінген Әбілязовтың айтқаны рас болса, Мәсімов мемлекетке опасыздық жасағаны үшін ұзақ мерзімге сотталып кетсе де, Мамай қазіргі билікке әлі де керек фигура деген қорытынды шығаруға болады. Екінші жағынан, ұзақ уақыт қамауда жатып өзіне халықаралық беделді ұйымдардың назарын аударған саясаткер қазіргі жұпыны оппозициялық картинаның палитрасын сәл де болса «байытып», аз-маз көркемдік беру үшін қажет.

Қазір Мамай билік үшін ұзақ уақыт жертөледегі қоймада сақталған жақсы шарап сияқты. Бұған қоса оны жақтаушылардың басым бөлігі әйелдер екенін ескерсек, бұл жағдайдың барлығы оның келбетіне романтикалық сипат та береді. Ұзаққа созылып, адамдарды жалықтыра жаздаған «Мерлезон балетінің» келесі көрінісін алдағы уақытта тамашалаймыз.

Айдары: Түтін 03.11.2022 71

Қатысты мазмұн