Жақиянов демократ па?

none

Сөз бостандығының құны 1 млн теңге ме? Оппозицияшыл демократтың күпісіне оранып алған экс-әкім Ғалымжан Жақиянов өзінің жан досы әрі бизнес-партнері Төлен Тоқтасыновтың видео-сұхбаты үшін «Адырна» ақпарат порталын қысымға алып жатыр. Талабы: портал Т.Тоқтасыновтың сұхбатын түгел өшіруі тиіс, «Адырна» порталының журналисі Arman Aubakir Ғ.Жақиянов «шеккен моралдық қайғы» үшін 1 млн теңге төлеуі керек. Талапты тез арада орындағамаған жағдайда «Адырна» порталын сотқа тартып, Ғ.Жақиянов «шеккен моралдық шығын» еселене түсетіні жөнінде «қытайский» ескерту берілді.

Төлен Тоқтасыновпен ақша үшін бетжыртысып жатқан Ғ.Жақиянов «Адырнаға», демократияның критерийі тұрғысан қарасақ, Сөз бостандығына қысым жасамағанын айтып ақталыпты. Мұнысы бекер енді, Жақиянов әрқашан біреудің қолымен от көсеуге әуес, өзі үнемі «сүттен ақ, судан таза» демократтың кейпінде қалып қоюдың әдісін жақсы меңгеріп алған. Мынау жағдайда да «Адырна» порталына тікелей өзі емес, өкілі арқылы ультиматум қойып жатыр.

Оппозицияшыл журналист Гүлжан Ерғалиеваның өзі басқарған «Свобода слова» газетін билікке пәленбай млн долларға сатып жібергенін білеміз. «Свобода слованы» иелігіне алып алған билік ол газетті бір жылдан кейін жауып тынды, ізім-ғайым жоқ қылды, Сөз бостандығы бір рупорының үнін осылай өшірген. Г.Ерғалиева алған сол ақшаның 1 млн долларын Жақияновтар отбасы «Қытайдағы зауытқа инвестиция ретінде саламыз, Гүлжан, сен де, бізде қарық боламыз» деп алдап, кейін «зауыт – банкрот, ақша жоқ» деген сылтау айтып, ауызын қу шөппен сүртті ғой... «Қадалған жерінен қан шығармай қоймайтын» Гүлжан Ерғалиева қарыз ақшаны тікелей аты дардай демократ-саясаткер Ғалымжан Жақияновтың мойнына ілмекші болып біраз тыраштанды. Талай интриганы көрген әккі саясаткер «менің бұл ақшаға қатысым жоқ, Гүлжан қарызын берген адамынан өндіріп алсын» деп тайқып шықты.

Шынымен де Г.Ерғалиеваға қарыз ақша үшін Қарлығаш Жақиянова салфеткаға айбақ-сайбақ жазылған қолхат берген екен. «Үй шаруасындағы әйел», яғни намына ешқандай дүние-мүлік рәсімделмеген Қарлығаш Жақиянова соншама көп ақшаны қайдан тапсын?!. Сот та «Ғалымжанның қатысы жоқ, қарызды Қарлығаш қайтарсын» деп шешім шығарып берді. Рас, Қарлығаш Жақиянова ай сайын жүздеген мың теңге тауып, «мойнындағы қыл арқанды жіңішкертіп» жатыр. Мынау екпінмен Г.Ерғалиева берген қарызын 80-90 жылда түгел қайтарып алады. Қарыз қайтарудың мұндай сценарийі демократ-саясаткерге ұнайды, қазір оның құлағы тыныш, Ерғалиевамен «алысып-жұлысуға» әйелін алдыға салып қойып, қызықтап қарап отыр. Қазір өзі экс-досы Төлен Тоқтасыновты «жүндеп» жатыр. Айтуынша, оған Тоқтасынов тең дәрежелі бизнес-партнер болмапты, бар болғаны Төлен Ғалымжанның қарамағында жалақыға жұмыс істеген менеджер қызметін атқарыпты. Сондықтан Жақиянов Моңғолиядағы бизнестен Тоқтасынов алған үлестің бір тиынына дейін қалдырмай қайтарып алмақшы. Мейлі ғой, байлардың ақша үшін жан берісіп, жан алысуы баяғыдан келе жатқан дәстүр, бірақ екі адам арасындағы дау үшін Сөз бостандығының құрамдас бөлігі «Адырна» порталы неге жапа шегуі керек?! «Үйтіп жіберемін, бүйтіп жіберемін» деп журналистердің зәресін ұшырып, саяси қоқан-лоқы жасау демократ саясаткерге жараса ма?

Ораз Әлімбеков

(Материал Фейсбук парақшасынан алынды)

Айдары: Дүрбі 03.08.2023 68

Қатысты мазмұн