Заты есіміне сай Елдос

none

Мені жас жазушы әрі тамаша зерттеуші Елдос Тоқтарбай шығармашылық ізденістерінің ауқымы кеңдігімен, тереңдігімен, жазғандары мен атқарып жүрген істерінің мазмұндылығымен қайран қалдырып, риза етіп жүргенін атап айтқым келеді. Соңғы айларда оның Ілияс Жансүгіров жайында жаңа деректер табуды көздеген арнайы экспедициямен Мәскеу, Петербор архивтеріне барып, республикалық басылымдар беттерінде ізін суытпай жедел берген материалдарынан іссапарының нәтижелеріне қанық болдық. Сол сапарының артынша еліміздің бірнеше қаласында әдебиеттегі классиктеріміз, Алаш қайраткерлері мен олардың мұралары жайында жастар алдында дәрістер оқуы, тіпті Ұлттық ұлан сарбаздары арасында болып, отаншылдықтың сырын қазақ тарихынан, ХХ ғасыр басындағы қоғамдық-саяси оқиғалардан, Барлыбек Сырттановтың өмір жолынан тартып, тағылымды әңгіме арқауына айналдыруы оның ізденгіштігі мен еңбекқорлығын тағы да дәлелдей түседі.

Осы уақытқа дейін жастардың түрлі байқаулары мен фестивальдеріне қатысып, жеңімпаз болып жүрген, бірнеше прозалық, публицистикалық кітап және Ахмет Байтұрсыновтың мұрасын, түрмелерде, эмиграцияда туған шығармашылық табиғатын зерттеу жұмыстарын шығарып, бірқатар айтулы сыйлықтардың, соның ішінде республика үкіметінің мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты болып үлгерген Елдостың биыл екі кітабы жарық көріпті. Екеуі де Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың қолдауымен «Жетісу кітапханасы» сериясы бойынша шыққан екен. «Мезгіл дәптері», «Таным дәптері», «Көңіл дәптері» атты үш бөлімнен тұратын «Сөз-сәуле» портреттік эсселер мен толғаныстар кітабында жас қаламгер өзінің шәкірттік шағында үлгі тұтқан ұстаздары, өз сөзімен айтқанда, «Алашты тану, Алаш мұрасын зерттеу» жолына қалай шыққаны, тарихтағы тағылымды тұлғалар мен олардың мұралары, қазақ әдебиетінің өзіне ерекше әсер еткен алыптары мен қарымды қаламгер ағалары хақында ой-толғайды. Шын жүректен әсерлі жазылған жинақ. Ал «Барлыбек туралы бірер сөз... Б. Сырттанұлының өмірі мен қызметі туралы тарихи толғам» кітабында қазақ ұлт-азаттық қозғалысының ХХ ғасыр басындағы көрнекті өкілі Барлыбек Сырттановтың өмір жолы мен қызметіне байланысты өзіндік зерттеулерінің нәтижелері топтастырылған. Кітап Алаш қайраткерінің жұртшылыққа беймәлім өмір деректерін көрсететін құнды материалдарға бай. Мұнда Елдос барлыбектану жолына мектеп қабырғасында қалай түсе бастағанын, Барлыбекті халқына тұңғыш таныстырған заңгер-ғалым Сәкен Өзбекұлының маңызды еңбегін сүзіп оқып, бүгінгі зерттеушілермен және олардың жұмыстарымен қалай танысқанын, жаңа деректерді қайтіп тапқанын әңгімелей отырып, көне материалдардан, Сырттановтың ұрпағымен, ағайын-туғандарымен кездесіп, сұхбаттасудан қызықты да танымды ой түйеді. Сол арқылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында елімізде ұлт ардақтысын терең тану мақсатында атқарылып жатқан істерден оқырманын жан-жақты хабардар етеді. Дұрысында, түрлі құнды деректерді, фотоайғақтарды тұңғыш рет ғылыми айналымға шығарып, қайраткер тағдырындағы әлі де зерттеле түсуі тиіс тұстар жайында елеулі ой айтуы арқылы жұртшылықты барлыбектанумен бауырластыра, жақындастыра түседі.

Жас жазушы, әдебиеттанушы және өрімтал тарихшы-ғалым Елдос Тоқтарбайдың зерттеушілік жолға айнымастай боп түскеніне, осы жолдағы ізденістерінің нәтижелерін жұртшылыққа көркем және ғылыми тәсілдерді ұштастыра отырып жазу жолымен жеткізуге белді бекем байлағанына күмән жоқ. Ал бұл – өскелең ұрпақты тарихи білімге тартудың өте тиімді әдісі. Ол жастығына қарамай Алаш мұхитына терең бойлап, жиған білімі мен түйгендерін көпшілік игілігіне жомарт көңілмен, құдды атқылаған жанартау секілді, бұрқырата шашып жүр. Елдосқа осы ұмтылысында жаңа жеңістерге жете беруіне тілектестік білдіреміз. Ол – кешегі Алаш арыстарының заңды жалғасы, лайықты ізбасары, солар сияқты қазақтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтаушы. Бойына Алаш рухы терең сіңген, болашағы зор талапты да талантты жас жігіттің елімізде таңдап аталып жүрген жүз жаңа есім қатарына қосылуы өте орынды екені хақ.

Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ, жазушы, тарих ғылымдарының кандидаты.

Айдары: Төбе 19.11.2019 139

Қатысты мазмұн