Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Turkistan» газетіне берген сұхбатында бірқатар маңызды мәселелер көтерілді. Соның ішіндегі басым бағыттың бірі - цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамыту.
Сұхбатта президент бұл тақырыпты сән үшін емес, ұлттық қауіпсіздік пен экономикалық тәуелсіздік тұрғысынан қарастырды. Президенттің «Қазақстан цифрлық державаға айналуы керек» деген пікірі стратегиялық мақсаттың айқын тұжырымы. Оның атап өтуінше, жаңа технологиялар дәуірінде бәсекеге қабілетті, өркениетті ел болып қалудың басты шарты цифрлық трансформация мен жасанды интеллектіні экономиканың және қоғамдық өмірдің барлық саласына жүйелі түрде енгізу. Бұл - уақыт талабы.
Бұл бағытта елімізде нақты ілгерілеу бар. Мемлекеттік қызметтерді цифрландыру, финтех саласының қарқынды дамуы, Astana Hub экожүйесінің қалыптасуы, IT-экспорт көлемінің артуы соның айқын дәлелі. Сонымен қатар суперкомпьютерлердің іске қосылуы, соған қажет тиісті заңнамалық базаның қабылдануы және салалық министрліктің құрылуы жасанды интеллектіні дамытуға берік институционалдық негіз қалыптастырды. Қазақстанды үш жылдың ішінде толыққанды цифрлық елге айналдыру және 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялау нақты мақсатқа бағытталған мемлекеттік саясаттың көрінісі. Бұл бастама еліміздің жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттырып қана қоймай, жаңа буын мамандарын даярлауға, ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты нығайтуға кең мүмкіндік береді.
Президент ерекше атап өткен кадр даярлау мәселесі - табысты цифрландырудың өзегі. AI-Sana бағдарламасы аясында жүздеген мың студенттің білім алуы, сондай-ақ алдағы уақытта жасанды интеллектіге мамандандырылған зерттеу университетінің ашылуы еліміздің адами капиталын жаңа, сапалы деңгейге көтеретіні сөзсіз. Мемлекет басшысының бұл бастамаларының табысты жүзеге асуына сенім бар. Өйткені, бүгінгі таңда ортақ мақсат айқын, барлық тарапқа жүктелген нақты міндеттер бар және жоғарыда аталған жобалар жүйелі түрде іске асырылып жатыр. Мұның барлығы Қазақстанды шын мәнінде цифрлық державаға айналдыруға толық мүмкіндік береді.
XXI ғасырдың стратегиялық ресурсы - жасанды интеллект деп айтуға толық негіз бар. Оны игеру тек технологиялық қажеттілік емес, ұлттық қауіпсіздік пен экономикалық тәуелсіздіктің кепілі. Қазақстан үшін ЖИ саласында артта қалу болашақта жаһандық бәсекеге қабілетсіз болу деген сөз. Сондықтан елімізде қолға алынған бастамалардың түпкі мақсаты - ғылымды, білімді және инновацияны ұштастыра отырып, жасанды интеллект арқылы Қазақстанды озық әрі өркениетті елдердің қатарына қосу.