Хиуаз ауылындағы құпия дереккөзімнің және басқа да ақпаратты сараптай келе Ринат Рафхаттың анасы мен бауырларына қайғырып көңіл айта отырып, ұсыныс-өтініш айтуды да жөн деп санадым. Себебі Ринат Қазақстанның қиыр батысындағы бір үйдің үлкен ұлы ғана емес, елдің, жердің мүддесін күйттеген, ешкімді алаламай кісі құқығын қорғаған азамат еді.
Ринат Рафхаттың 2010-жылдардың ортасында Макс Боқаев (суретте сол жақта), Талғат Аяндармен бірге жер митингісіне қатысты. Макс пен Талғат қамалғанда Ринатқа да қарсы арандату ұйымдастырылған. Дегенмен, оны жергілікті кісі құқығын қорғаушылар Алматыға аттандырып жіберді. Сөйтіп Ринат Рафхат Шорманбаевтардың заңгерлік офисінде қызмет істеді, кісі құқығын қорғаудың әдістемелік курстарынан (Грузия, Бішкек) өтті. Ол Қазақстанда қоғам белсенділеріне қарсы қозғалған қылмыстық істердегі, сот процесіндегі заң бұзушылықты сараптай алатын жақсы маман тұғын. Ринат сияқты қазақтілді құқыққорғаушы бірен-саран ғана. Биылғы саяси процесстерге қарасақ, Ринатты қатысуы тиіс ондаған іс күтіп тұрған-ды. Оның бәрін айтып жатпаймын. Бірден негізгі мәселеге көшейін.
Ринаттың мәйітін жерлемей тұрып, оған сотмедэкспертиза жасау қажет. Сонда ғана Қиғаш өзенінің бойында балық аулап жүріп кенеттен қайтыс болған Ринат өлімінің себебін білеміз. Бұл шаруаны Қуандық Бишімбаев азаптап өлтірген Салтанат Нүкенованың мәйітіне экспертиза жасап, анық-қанығын дәйектеп берген Тахир Халимназаровқа сеніп тапсырған жөн. Себебі, Хиуаз ауылындағы құпия дереккөзім Ринаттың денесінде пышақ немесе қатты заттың соқысынан түскен жарақат жоқ екенін айтты. «Біреу пышақтап немесе ұрып өлтірсе, анасы мен бауырлары Ринатты өлтірген адамды жазалауды талап етуші еді ғой...» деді дереккөз. Дереккөздің болжауынша, Ринат тұншығу салдарынан немесе өте жаман у-дан өлген секілді. Әдетте аңшылықта немесе балық аулау кезінде спирттік ішімдік ішуі мүмкін, бірақ арақ-шараптан аяқ асты өліп қалмайды. «Тышқан өлтіретін дәріні шімдікке салып жіберсе, кез келген адамды сеспей қатырады деп естуші едім. Солай болды ма екен... Ауылда Ринаттың өлімінің себебін ешкім ашып айтқысы келмейді. Бәрі бірдеңені жасырғысы келеді. Біз де қатты үрейленіп жүрміз» деді дереккөз...
Әрине, қоғам белсендісі, құқық қорғаушы Ринат өлімінің себебін анықтау қажет. Ол үшін, жоғарыда айтылғандай Тахир Халимназаров секілді білікті экспертті іске қосқан жөн. Осындай мәйіт эксперттері ғана Ринат өлімінің нақты сбебін анықтай алады. Бұл шаруаның қазақ қоғамы үшін аса маңызды екенін Ринаттың туыстарына құқық қорғау ұйымдарының жетекшілері, қоғам белсенділері түсіндіргені жөн. «Ринаттың иманы саламат болсын, жаны жәннатта болсын» дегенге саятын көңіл айтумен, қайғырып құса болумен проблема шешілмейді. Күмән мен күдік көңілді күпті қылып қоғамды ішінен кеміріп жейтін дерт болып қала береді. Сол бізге кере пе?!.
Дереккөз: «Белгілі құқық қорғаушы Rinat Rafkhatты сарай ішінде асылып тұрған жерінен тауып алған». Ринат Рафхатұлының Хиуаздағы үйіне жақын тұратын дереккөзім құқыққорғаушының сарайда асылып қалды дегенді айтады. Әрине, дереккөз Ринатты қыл арқаннан ажыратып алуға қатыспаған. «Асылып қалды» деген там-тұм ақпараттан басқа ештеңе айтылмайды, бәрін құпиялап отыр» деді дереккөз. Оның ойынша, қайғылы оқиға 22-інен 23-іне қараған түні болған. Сондай-ақ, құпия дереккөз Ринаттың ауылдастарымен бірге 22 желтоқсанда Қиғаш өзенінен балық аулап демалыс жасағанын растады. «Ішімдік ішкен-ішпегенін, отырыстары қанша уақытқа созылғанын білмеймін» деді дереккөз. Айтуынша, Ринаттың үйі өзен жағалауына өте жақын. Ал сарай мен үйдің арасы айқайлаған дауыс еміс-еміс естілетін әудем жерде. «Үйде отырған адам сарайда не болып, не қойып жатқанын естімейді» деді дереккөз.
Алматыдағы дереккөздің мәлімдеуінше, соңғы кездері Ринат Рафхатұлы мен Абзал Достияровтың өзара достығы бұрынғыдан да күшейген. Бұрын екеуі оппозицияшыл саясаткер Жанболат Мамайды қолдады. Жүре келе Абзалдың да, Ринаттың да Жанболатпен арасы суыды. «Қаңтар оқиғасына кейін олар Жанболатты «сатқын» деп жек көріп кетті. Көзқарас ұқсастығы Ринат пен Абзалды қатты жақындастырды» деді дереккөз. Айтуынша, Ринатты құқық қорғаушы Шорманбаевтар заңгерлік кеңсесіндегі жұмыстан шығарып жіберіпті. Сондықтан жұмыссыз қалған ол ауылына кеткен. Біраз демалып алған соң, бұдан кейінгі құқыққорғаушылық жұмысын қоғам белсендісі Абзал Достияровпен жалғастырмақ болды» деді дереккөз.
Әлеуметтік желідегі Ринаттың жазбаларына қарасақ, ол алматылық белсенді Абзал Достияровқа құқықтық қолдау білдіру үшін жолға шықпақ ниеті болғанын білеміз. Дегенмен, Ринаттың қазасына орай Шорманбаевтардың қаржылай қолдауымен Алматыдан Хиуаз ауылына бет алған Абзал Достияров «Сан-саққа жүгіртіп, қауесет таратпауларыңызды сұраймын...», Ринаттың «жақын күндері Алматыға келетін жоспары болған жоқ» деп жазды. Ал Ринат өлерінің алдында Абзалға «...Күт мені» деп жазған еді... Соған қарағанда Абзал Достияров та Ринаттың неден өлгенін анықтайтын экспертиза өткізу жөнінде марқұмның туыстарына өтініш айтпайды-ау. Жабулы қазанның жабулы қалғанына біраз адам мүдделі сияқты.
Ораз Әлімбек