Қытайдан Еуропаға құрлық арқылы тасымалданатын жүктің 80 пайызы Қазақстан арқылы өтеді деген статистикадан еліміздің транзиттік маңызын айқын көруге болады. Мысалы, соңғы 15 жылда көлік инфрақұрылымына 35 млрд доллар инвестиция салынды. Бүгінде бес теміржол дәлізі, сегіз транзиттік бағыт, екі теңіз порты мен 25 әуежайы бар Қазақстан жай ғана транзиттік аумақ емес, Азия мен Еуропаны жалғайтын логистикалық хабқа айналып келеді.
Алайда осы артықшылықты сақтау үшін инфрақұрылымды дамыта беру керек. Бүгін ТМД мемлекеттері басшылары кеңесінің отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та осы мәселеге тоқталып, «Солтүстік – Оңтүстік», «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» және Транскаспий бағыттарын өзара үйлестіру жүк тасымалының тиімділігін арттыратынын айтты.
Әсіресе Транскаспий халықаралық көлік бағытының маңызы артып келеді. Ол Каспий арқылы Азияны Еуропамен байланыстыратын балама жол ғана емес, Қазақстанның өңірлік саудадағы рөлін күшейтетін стратегиялық арна. Тамызда ұзындығы 1,5 мың шақырымнан асатын Арал – Каспий магистралінің құрылысы басталды. Жоба іске қосылғанда Қытайдан Еуропаға дейінгі автожол шамамен мың шақырымға қысқарып, жүк жеткізу мерзімі үш тәулікке дейін азаяды деп күтілуде.
Бірақ дәліздің бәсекеге қабілеті тек жол салуға байланысты емес. Цифрландыру, электронды құжат айналымы және шекарадағы рәсімдерді үйлестіру де шешуші рөл атқарады. Қазақстан Өзбекстанмен және Қырғызстанмен рұқсат құжаттарын электронды форматта алмасуды жолға қойды, Ресей және Беларусьпен де осындай жұмыстар жүргізіліп жатыр. Мұның бәрі бірыңғай цифрлық дәліз қалыптастыруға көмектеседі.
Бұған қоса, индустриялық-сауда орталықтарын дамыту, негізсіз кедергілерді азайту, инвестиция мен бірлескен өндірістерге жағдай жасау қажет.
Негізі Қазақстан үшін басты мақсаттың бірі географиялық орналасудың артықшылығын нақты экономикалық табысқа айналдыра алу. Сонда Орта дәліз біздің үлкен әлеуетіміз, Еуразиядағы сауданы жандандыратын, экспортты арттыратын және өңірлік ынтымақтастықты нығайтатын маңызды экономикалық арнаға айналады.