
Асқар Мырзахметовтің мектебінен өткен адам мықты әкім болары сөзсіз. Қазір Берік Уәли ағамызды сынап жатқандардың пікірлерін оқып отырып, оның тек журналист емес, үш миллион халқы бар Оңтүстіктің ішкі саясатын басқарған тұлға екенін еске салғым келеді. Оңтүстік – оңай жер емес, бұл кішігірім мемлекет секілді. Сол өңірде бүкіл журналистермен, белсенділермен тіл табыса білу – үлкен тәжірибе.
Менің де қыңыр мінезімді көрмеді емес, көрді. Халықтың мәселесі үшін талай рет пікір таластырып, ұрсып қалған сәттеріміз болды. Бірақ бәрібір мемлекет мүддесі үшін “бұзық қыз” деп әзілдеп, көрген жерде сәлемін үзген емес.
“Журналист әкім бола алмайды” деген пікірмен келіспеймін. Өмірінде әкімдікке қатысы жоқ даяшылар да, хаттама тасып жүрген елшілер де әкім болып отыр ғой! Сондықтан өз туған жеріне әкім болғаны – дұрыс шешім. Абайлықтар қалай сынаса да, қалай ұрысса да, ол – өз жерінен шыққан, ел алдында жүрген азамат. Ең бастысы – кадр таңдаудан қателеспеу.
Әкімнің айналасы жағымпаздардан таза болуы керек. “Артыңызға кіруге бола ма?” деп жалпаңдайтындардан аулақ жүрген жөн. Менің берер кеңесім – өзіне кеңесші ретінде Асқар Мырзахметов ағамызды қасына алу. Бұл – тиімді басқару жолындағы маңызды қадам болар еді.
Халықтың және Президентіміздің сенімін ақтайды деген үміттемін. Сәттілік тілеймін!
Айгүл Орынбек