Үш жазушы бір аңызға таласып қалды

none

Биыл мемлекеттік сыйлық алған Тынымбай Нұрмағанбетовтің «Періштелердің өлімі» атты шығармасы дауға ұласты. Осы шығарманың негізіне алынған адам сенгісіз аңыздың желісімен "Егемен Қазақстан" газетінің журналисі Айнаш Есалы «Құндыз бөрікті кісінің құпиясы», ал жазушы Думан Рамазан «Алақандағы ойық» атты шағын әңгіме жазған екен. Адам сенгісіз аңызды бірінші болып кім қағазға түсіргені талас тудырып жатыр.

Айнаш Есалы:

«Құран ұстап тұрып айтайын!

Мемлекеттік сыйлық алған Тынымбай Нұрмағанбетовтің "Періштелердің өлімі" қашан жазылған, қай жерде тұңғыш жарық көрген?

Менің 21 жыл бұрын, 1999 жылы "Егемен Қазақстан" газетінде жарияланған "Құндыз бөрікті кісінің құпиясы" дейтін әңгімеммен аса мазмұндас екен? Мен бұл хикаятты КазГУ бітіріп, жұмыссыз жүрген 1995 жылы жаздым.

Бала кезімде нағашым трактор айдаушы еді. Кеңес өкіметі кезінде көктемде, күзде облыс орталығына тіркемесімен барып совхоздағы егістікке тыңайтқыш тасиды. Сол тыңайтқыш тарататын қоймада алақанында тесігі бар адамды көріп, содан естіп келген әңгімесі бала құлағымда қалған ғой. Мен бұл әңгімені 1995 жылдары жаздым. 1999 жылдары етжеңді "Егемен Қазақстан" газетіне "Қаз қалпында" деген айдармен жарық көрді".

Думан Рамазан:

"Егемен Қазақстан" газетінің қызметкері Айнаш Есалы: "Құндыз бөрікті кісінің құпиясы" деген әңгімем мен Тынымбай Нұрмағамбетовтың "Періштелердің өлімі" атты шығармасының мазмұны өте ұқсас екен, оны мен бірінші жазғам" деп жарияға жар салып, Тынымбай ағамыздың өз шығармасына жиендік жасағанын меңзепті. Оны кейбір оқырмандар іліп әкетіп, Тынымбай ағамызды ұры, көшірмеші қылып қойыпты. Тіпті қатты кетіп, жазғырып жатқандар да бар. Сонымен бірге қосақ арасында менде кетіп қалыппын. Өйткені, менің "Алақандағы ойық" әңгімем де Айнаштың әңгімесінің мазмұнын қайталайды-мыс.

Мен бүгін Ұлттық кітапханаға арнайы келіп анықтап отырмын, менің "Алақандағы ойық" әңгімем "Туған ауыл", "Қызғаныш", " Махаббат мұңы", "Қос ішек" әңгімелеріммен бірге "Жұлдыз" журналының 2000 жылғы 3- санында жарияланыпты, ал Айнаш Есалының "Құндыз бөрікті кісінің құпиясы" әңгімесі "Егемен Қазақстан" газетінің 2000 жылғы 29 қараша күнгі санында жарық көріпті.

Сонда кімнен кім көшірген болып шығады?

"Өлімнен - ұят күшті" деген. Айнаш Есалының логикасы бойынша ұры өзі болып шықты. Ал мен олай ойламаймын. Менің естігенімді Айнаш та, Тынымбай аға да естіп, өздерінше жазып шыққан. Себебі ел арасына тарап кеткен әңгімені "бірінші мен естідім, мен жаздым, менен кейінгі жазғандар менен көшірді" деудің өзі таза ақымақтық, ессіздік, есалаңдық... Ал енді Айнаш Есалы не дер екен?

Құрметті ағайын, енді Тынымбай ағаны жайына қалдырыңыздар. Ол кісі Айнаш екеумізден оқиға ұрлайтын адам емес. Айнаш Есалы ұрыны тапқан екен! Ұят болады. Ақсақалдың жанын олай жазықсыз жараламаңыздар! Болған бір оқиғаны үшеуміз де естігенбіз, сол бойынша жазып шыққанбыз. Осымен бұл алыпқашпа әңгімеге нүкте қояйық!

Тағы да қайталап айтамын, бұл әңгімені бірінші мен жазып, бірінші баспа бетінде жариялансам да, ешкімге ешқандай дауым жоқ. Өйткені, әр нәрсенің өз орны, жөн-жобасы болады. Оны да ұмытпайық!»

Айдары: Бақ-бақ 14.12.2020 541

Қатысты мазмұн