Түркияда Серікжанның «өміріне қауіп төндірген» кім?

none

Қытайдан Қазақстанға қоныс аударған қазақтардың екеуара әңгімені рұқсатсыз жазып алып, оны өз мүддесі үшін немесе біреуді екінші адаммен шағыстыру мақсатында әлеуметтік желіде жариялап жіберетін сорақы әдеті жөнінде бұған дейін жазылған. Әсілінде, мұндай сұмырай қылық «Нағыз Атажұрт» деп аталатын ұйым мүшелеріне тән. Телефондағы әңгімені құпия жазып алып, оны оңды-солды тарата беру мүдделі топтың да сырын сыртқа шашып жатыр. Мұндайда «таяқтың екі ұшы болатыны» ұмыт қалады. Бұл мақалада «таяқтың» екінші ұшы өз басына соққы болып тиген бір оқиғаны баяндауды жөн көрдік.

Әлеуметтік желіде жарияланып кеткен аудио жазба - «Нағыз Атажұрт» ұйымының белсендісі Гүлжан Әліш пен Түркия қазағы Бабусалам Окутан арасындағы әңгіме. Жазбадағы екі дауыстың ерекшелігінен әңгімені құпия түрде жазып алған және ватсап желісі арқылы таратқан Гүлжан Әліш екені анық байқалып тұр. Әңгімеде «Нағыз Атажұт» лидері Серікжан Біләшұлы мен Қытай концлагерінің «экс-тұтқыны» Гүлзира Әуелханның Қазақстаннан Түркияға барып, бірақ онда көп аялдамай АҚШ асып кеткені баяндалады.

text

Гүлжан Әліштің ойынша, Серікжанға және Гүлзираның отбасына түрік қоғамы уәде еткен көмегін бермеген. Сондықтан олар Түркияда көп аялдамай АҚШ-қа кетіп қалыпты. Бабусалам Окутан бұл пікірмен келіспейді. Себебі, елдегі короновирус індетіне қарсы карантин шаралары Түркиядағы қазақтарға әлеуметтік және медициналық көмек беруге кедергі болыпты. Соны сылтауратқан екі қазақ белсендісі «бұл елден де қайыр жоқ» деген ренішпен АҚШ асып кетіпті.

Бабусалам Окутанның айтуынша, Қазақстаннан «саяси көзқарасым үшін қуғын көрдім» деп сарнайтын Серікжан Біләшұлы Стамбулдағы АҚШ консулдығына виза алуға барғанда Түркияны да әбден жамандаған. Ол әдетінше АҚШ консулына Түркиядағы Қытайдың «жұмсақ күші» мен «ықпалды агенттері» жөнінде өтірік-шыны аралас әңгімені гөйіте келе, өзінің өміріне қауіп төндіріп тұрған адамдардың бірі ретінде Бабусалам Окутан есімін атаған. Серікжан Біләшұлы мұндай жалалы сөзді АҚШ визасын тездетіп алу үшін айтпағаны анық. Себебі, АҚШ визасын алу Түркияда проблема емес. Серікжанның «маған қастандық жасалуы мүмкін» деп айтуының астарында АҚШ елінен босқын мәртебесін алу дәмесі болған секілді.

Стамбулдағы АҚШ консулы Серікжан Біләшұлына да, Гүлзира Әуелхан мен оның отбасына да виза бергенін, олар шұғыл түрде мұхит асып кеткенін білеміз. Олар кеткен соң Бабусалам Окутан мен оның ұлын Стамбул полициясы тергеуге шақырады. Сірә, АҚШ консулы «қытай қазақтарының «көсеміне» төнген қауіп» жөніндегі Серікжанның сөзін түрік полициясына жеткізуді өзіне міндет санаған секілді. Полиция Бабусалам мен оның ұлын қысымға алып әбден тергейді, олардың заңға қайшы әрекет жасамағанына көзі жеткен соң ғана босатып жіберді.

Бабусалам Окутанның айтуынша, қарабасының қамы үшін АҚШ асып кеткен Серікжан Біләшұлы Қытайдың Шыңжаң өлкесінде тұрып жатқан және Қазақстанға қоныс аударған миллиондаған қазақты ыңғайсыз жағдайға қалдырып отыр. Бәрін өзіне жау санайтын Серікжанның мынау қылығынан кейін түрік қоғамында қытай қазақтарына деген сенім азайды.

Бабусалам Окутанның айтуынша, Серікжан бастаған Шыңжаң қазақтары өздеріне жерлес ұйғырлардың қателігін қайталап жатыр. Қытайдан Түркияға қашқан ұйғырлардың бір бөлігі АҚШ-тан пана іздеп мұхит асқаны белгілі. Ақиқатында, АҚШ-қа Шығыс Түркістанда Қытай билігінің езгісіне ұшырап жатқан мұсылман халықтың жағдайы маңызды емес, АҚШ-Қытай арасындағы кикілжіңнің төркіні сауда-саттық мәселесіне ғана тіреліп тұр. Егер экономикалық мәселеде оңды нәтиже болса, онда АҚШ та Қытайдың Шығыс Түркістандағы саясатына көзжұма қарайды – ұзақ жылдар бойы «ұйғыр мәселісінің» шешілмеуі де сондықтан.

Түркия – түркітілдес, мұсылман дінін ұстанатын қауым. Шығыс Түркістаннан қашқан ұйғырлардың көбі осы елді паналап отыр. Өткен ғасырдың ортасында Тибет асып, Үндістанға өткен қазақ босқындарын да кемемен алдырып, пана берген де Түркия еді. Оларға Түркия мемлекеті үй-жай, егістік жер, мал беріп, мүмкіндігінше жағдай жасады. Түркия азаматы Бабусалам Окутан да, Германия азаматы Өмірхан Алтын да - сол кезде Шығыс Түркістаннан Тибет арқылы қашып келген босқындардың ұрпағы.

Осы тұста «өміріме қауіп төнді» деп, Түркияны да, Бабусаламды да жаманатты қылып, АҚШ-қа өтіп кеткен Серікжан Біләшұлының мұхит аспай-ақ неге Еуропаны «паналамағаны» жөнінде айта кетейік. Бұған дейін Серікжанның Германия азаматы Өмірхан Алтын мен Швециядағы Сайрагүл Сауытбайды шағыстырып, екі тұлға арасына ылаң салғаны жазылған. Қытай қазақтарының Еуропадағы жалғыз жанашыры Өмірханның Серікжанға реніші бұл ғана емес. Серікжан Өмірханның «ауыр қылмысы» жөнінде өсек таратып жүргеніне біршама уақыт болды. Айтуынша, ертеректе Өмірхан өзінің досымен Германияның бір мейрамханасында ішімдік ішіп, әлдебір қуанышты тойлапты. Мейрамханадан масайып шыққан екі дос машинамен ызғытып келе жатып жүргіншілер жолағымен кетіп бара жатқан қарт немісті байқамай қағып кетіпті. Машина тізгінінде Өмірхан болыпты, бірақ ол досын алдап-азғырып, «кейін өзім арашалап алам» деп адам өліміне себеп болған қылмысты мойнына алуға көндіріпті-мыс. Нәтижесінде Өмірханның досы ұзақ жылға сотталып кетеді, ол бірнеше жылдан кейін түрмеде аурудан қайтыс болыпты. Өмірхан осылайша жазадан құтылып кетіпті-мыс.

Серікжан Біләшұлының Өмірхан жөнінде таратып жүрген жалалы өсегі бұл ғана емес. Оның айтуынша, Германия қазағы сол елдегі «Күрдістан жұмысшы партиясымен» байланысып, сол ұйымның астыртын саясатын жүргізгені үшін қаржы алып тұрады екен.

Түркияда «Күрдістан жұмысшы партиясы» террористік ұйым саналады, Түркиядан жер бөліп алып, Күрдістан атауымен мемлекет құрғысы келетін сепаратистік ұйымның басшысы Абдулла Оджалан өмірлік түрмеге қамалған. Түркия билігі әлемде жасырынып жүрген оджаланшылармен байланысқан кез келген адамды аямайтыны белгілі. Ал Серікжан Біләшұлы өзіне бәсекелес санайтын Өмірхан Алтынның оджаланшылармен байланысы бары жөнінде әдейі өсек таратып жүр. Әрине, Өмірхан Алтын жөніндегі екі өсек те шындыққа тіпті жанаспайды. Себебі, неміс полициясы адам қағып кеткен "машина тізгінінде кімнің болғанын анықтай алмай қалды" дегенге кім сенеді?! Тіпті, мұндай қайғылы оиғаның болуы да екіталай. Екіншіден, Германия азаматы Өмірхан Алтын – Түркияның тумасы. Оның туыстары әлі Түркияда тұрады және Өмірхан туыстарымен барыс-келіс жасап тұрады. Егер Өмірханның оджаланшылармен байланысы анықталса, Түркия қауіпсіздік қызметі оны жазасыз қалдырмас еді. Сондықтан Серікжанның Өмірхан жөніндегі таратып жүрген өсегі күндестіктен туындаған арам пиғыл екен анық.

Германия азаматы Өмірхан Алтын «Еуропадағы қазақ форумы» атты ұйымды басқарады. Ол - Еуропадағы қазақтардың ішіндегі ең беделді тұлға, оның сөзіне көпшілік иланады. Өзі жөнінде Серікжанның өсек таратып жүргенін Өмірхан да білсе керек, қазір екеуінің арасы қатты суып кеткен. Қазақстаннан да, Түркиядан да «қудаланып», «өміріне қауіп төнген» Серікжан Біләшұлының Еуропаға баруға беті күйіп, АҚШ асып кетуінің бір себебі –осы.

Ораз Әлімбеков

Айдары: Түтін 19.03.2021 685

Қатысты мазмұн