«Төңкеріс симфониясы дирижерінің» оркестрі жоқ

none

БТА-банктің қаржысын және өзі дәуірлеген кезде қоян-қолтық істескен бұрынғы режимнің ықпалды адамдарының ақшасын жымқырғаннан кейін шетелде бассауғалап жүрген олигарх Мұхтар Әбілязов қазақстандықтарға қанды қақтығысқа әкеп соғуға бағытталған «Төңкеріс симфониясын» тықпалаудан жалығар емес. Өзінің Заманбек Тілеулиев деген буыны қатпаған жас блогермен сұхбатында елде төңкеріс жасаған адамдарға қыруар ақша төлеймін деген сандырақ ұсынысын қоймай қайталайды. Оның үстіне қазақтың мүддесін мүлдем ойламайтын орысқол Әбілязов қазақ аудиториясына арнап аздап қазақша сөйлеп қоюды да үйрене бастапты.

Өзін 1917 жылы Ресейде төңкеріс ұйымдастырған құдды Лениндей сезініп отырса керек. Жоспарын сағат-сағатымен, локациясымен белгілеп қойыпты. Қатаң тәртіп сақтаймыз деп «ескертіп қояды». Үнпарақ таратып, мемлекеттік органдардың ғимараттарын басып алып, билікті құлатқан кезде фото, видеоға түсіп, яғни жасаған қылмысын айғақтайтын құжат жасап, бір айдан кейін сыйақыларыңды аласыңдар деп маңызданып сөйлейді. Онысын мемлекеттің ақшасын алғаннан кейін төлемек екен.

Бірақ ақшаға бола ауыр қылмыс жасауға дайын адамдар табыла қойса, ешқандай тәртіпке бағынбай, жаппай бейберекетсіздік болатынын іштей жақсы біледі. Оған керегі де сол. Сол кезде өзінің өшін алып, айызы қанады. Жылы жерде отырып "дирижер таяқшасымен" бәрін басқарып, сырттан бақылап отырмақ. Өйткені ол үшін адамдар жұмсалатын материалдан артық емес. Көздеген мақсатына жеткізетін құрал ғана. Өзінің амбициясы ең бірінші орында. Дегеніне жетсе, заң органдарынан қашып жүрген кезде пайда болған комплекстерінен арылып, бақытты боламын деп армандайды. Сондықтан қарапайым халықтың жағдайы нашарлап кетті деген тақырып ол үшін сылтау ғана.

Әбілязов Қазақстанның нысана етіп алған қалаларын, ондағы ғимараттар мен көпшілік орындарды нақты белгілеп алғанымен, бір нәрсені түсінбей-ақ қойды. Ол сенгіш адамдардың қолымен жасамақ болып отырған қылмыс Қылмыстық кодекстің 179-бабы бойынша «Билікті басып алуды немесе ұстап тұруды насихаттау немесе оған жария түрде шақыру, сол сияқты билікті басып алу немесе ұстап тұру не Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын күштеп өзгерту» деп аталады және кез келген мемлекеттің заңында ол үшін тиісті жаза көзделген. Ол үшін бір мыңнан бес мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Сондықтан парасатты, есі дұрыс адамдардың бірнеше мемлекеттің заң органдарын алдап, қашып жүрген алаяқ банкирден әлдебір сыйақы аламын деп бұрын-соңды түсіне де кірмеген деп ауыр қылмыс жасамайтыны анық. Демек, ұлылық маниясына ұшыраған "дирижердің" оркестрі жоқ. Мұнысы өз-өзіне беретін бағасын жоғарылату үшін камера алдында ойнап жатқан, көрермені жоқ қойылым ғана.

S

Айдары: Түтін 04.11.2022 61

Қатысты мазмұн