«Тіл майданы» Ресейге қызмет ете ме?

none

Қазақстан Бас прокуратурасы 24 тамызда «Тіл майданы» қозғалысының лидері Қуат Ахметовтің видеолары бойынша «ұлт араздығын қоздыру» бабымен (174-бап) іс қозғады. Соған қарамай Ахметовтің адвокаты Ақтау әуежайынан Бакуге атандырып жіберді. Ресми мәліметте Қуат Ахметовтің ісімен Алматы полициясы айналысып жатқаны айтылады.

Қуат Ахметовтің дүкендер мен басқа да коммерциялық мекемелердің сатушыларынан қазақ тілінде сөйлеуді талап етіп, дау шығарып жүргеніне көп болған жоқ. Ол қазақ ұлтшыл патриоттары қатарына беріде келіп қосылған адам. Соған қарамай ол қысқа мерзімде әсіре ұлтшылға айналып, қоғамға танымал болып шыға келді.

Сарапшылар «Қ.Ахметов – ұлтшылдық форматындағы жаңа саяси жоба» деген болжам айтады.

Ресейдің «Новая газета» басылымының саяси шолушысы Вячаслав Половинко бұл саяси жобаны «Кремльден түскен тапсырма», Ресейде өтетін «сайлау қарсаңындағы уақытша науқан» деп атады.

Биыл Ресей мемлекеттік думасының сайлауы өтеді. Кремльдің саяси технологтары «ұлтшылдық қартасының ойыны» халыққа жақсы әсер ететін жақсы біледі. Бұл «Айнала толы – жау. Ресейдің ту сыртынан қанжар қадағысы келеді. Демек, қазіргі биліктің маңайына топтасу керек» деген ой қалыптастыруды көздейтін саяси ойын.

Журналистің мұндай болжам айтуында негіз бар. Ресей билігі Қазақстан азаматы Қуат Ахметовке елу жылға дейін елге кіруге тиым салды. Бұл «қазақ ұлтшылының» Ресейге өмір бой кіре алмайтынын білдіреді. Әрине, қазақ қоғамындағы орыс тілінің бәсін түсіруге орай Ахметовтен өткен радикал бастама көтерген ұлтшылдар көп. Соның бірі – ақын Қазыбек Иса. Оған қарсы Ресей билігі ешқандай санкция салған емес, Қ.Исаға қарсы Қазақстан билігі ұлт араздығын қоздыру бойынша қылмыстық іс қозғаған емес. Қазір Қазыбек Иса – ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты.

Қуат Ахметовтің саяси жоба екенін дәлелдей түсетін тағы бірнеше жағдаят бар. Оған «Қосанов» жобасын жүзеге асыруға атсалысқан «тіл жанашыры» Дос Көшім қолдау білдіріп отыр. Оның үстіне, «Ахметов» жобасы «Қосанов», «Мамай» жобаларына ұқсас, бұл жобалардың бәрінде бір саяси технологтың қолтаңбасы байқалады.

Қуат Ахметовтің басқа ел емес, Украинаға қашып баруында да гәп бар. Бұл елде Қазақстан билігіне «оппозиция» болып жүрген қазақстандық ондаған белсенді тұрып жатыр. Ермек Нарымбаев, Жанара Ахметова, Марғұлан Сейсенбаев, ерлі-зайыпты Садықовтарды «саяси жоба» немесе «жоба емес» деп ешкім нақты айта алмайды. Қуат Ахметовтың да Украина «қашып кетуі» күмәнді ойға жетелейді.

«S»

Айдары: Түтін 27.08.2021 180

Қатысты мазмұн