Тағдыр деген не?

none

Тағдыр деген не өзі? Ол мандайға туа жазылған құпиялы жазмыш па, әлде әр адам өз тағдырын өзі «қолдан» жасай ма? Егер тағдыр жазмыш болса, онда адамдардың оны өзгертпек болып жанталасатыны несі? Жанымыз қиналып, қыларға шара қалмағанда: «Жазмыштан озмыш жоқ» дейміз кейде таусыла. Осы сөзді сенің әкең, атаң, бабаларын да айтып өткен пәниден. Бұл әншейін тілге оңай орала кететін ұйқасы жеңіл сөз ғана ма? Мүмкін бір сәт болса да: «Осы екі ауыз сөздін астарында жаратылыстан жалғасып келе жатқан жұмбақ сыр жатқан жоқ па екен» деген ой көкейіңізде көмескі көлеңкесімен көлбен еткен болар.

Егер тағдыр шынымен жазмыш болса, неге мына пенделер: «Басыңды тауға да, тасқа да соққаныңмен бәрібір маңдайға жазылған жазудан артық ешнәрсе болмайды, тағдырдын салғанын көреміз» деп тұяғын қыбырлатпай, шалқасынан түсіп жатып алмайды? Неге кедей бай болғысы, бай «құдай» болғысы, ауру - сауыққысы, сау - жерді қойып, ғарышты бағындырғысы келеді? Ал, егер әр адам өз тағдырын өзі қолдан жасай алатын құдыретке не болса, дүниені билеген елден асқан кемеңгерлер неге бақытсыз ғұмыр кешкен? Ақша мен билік кіршіксіз тағдырдың «кілті» болса, неге шат-шадыман, титтей де кемісі жоқ тағдыр сатып алмаған өзіне?

Неге бар адам бір күннен, бір сағаттан кейінгі тағдыры не болатынын білмейтін ғаріп? Адамға бүкіл білім, ақыл, ой, сана берілгенде, алдағы тағдырын алақандағыдай оқып, біліп отыру бақыты неге бұйырмаған?

Осы толып жаткан «неге» мен «неліктеннің» артында адамзат өмір бойы іздеген, шешуін таба алмаған тағдыр туралы жұмбак тұр сығалап. Үнді пәлсапашылары: «Адам тағдыры ол туылмай тұрғанда, бірнеше мындаған жылдар бұрын басталады, туылып, жерде өмір сүрген кезінде де сол тағдыр «талқанын мыжиды», сол тағдыр өлгеннен кейін де жалғаса береді» деген пікір айтады. Бұл - реинкарнацияға, яғни, өлген адамның жаны дүниеге қайта келіп, оның жаны адамға, аңға, құсқа, затқа берілетіні туралы нанымнан туатын тағдыр туралы сенім. Осыдан келіп кейбір парапсихологтар: «Адамның өткен өмірде жасаған күнәсі келесі өмірде дүниеге келгенде жан арқылы беріледі, кейбір жақсы адамдардың жазықсыз жапа шегетіні сондықтан» деген пікірде. Бұл - «адам өз тағдырын өзі жасайды, мына дүниеде күнәсіз адал өмір сүрсең, келесі өмірде де бақытты боласың» деген адамгершілікке үндейтін пәлсапаға жақындау. Осындай сенім үнділерге немесе мәңгі өлмейтін жан, рух туралы пәлсапаға сенетіндерге ғана тән емес тәрізді. Қазақтың өзі де адам тағдырына ата-бабасы ана дүниеге «арқалап кеткен» қарғыс пен батаның әсерінің барына сенеді. Мысалы, қазақ рулары туралы шежіреде: «Олардың жеті атасына қарғыс кеткен. Пәлен деген атасы: «Екіден аспа, үшке жетпе!» деп қарғаған. Содан бері балалары үшке жетсе, біреуі қыршынынан қиылады» дегенді кездестіресіз. Бір ғажабы, солар «екіден аспай, үшке жетпей» жатады. Көп адам «көгеріп-көктеу» үшін аузы дуалы, жасы үлкен адамдардан бата алғанды бақ санайды. «Бата - тағдырымның жеңіл болуына жәрдем қылады» деп ойлайды. Бата алғанның бағы жанатыны да рас.Қарғыс пен алғыстың адам тағдырына әсер ететін құпиялы сырларын мүлде жоққа шығаруға да болмайды. Алайда, мұны адамға бұлжымас тағдыр жасайтын фактор ретінде емес, адамдардың ғасырлар бойы сыналған дәстүрлік сенім-танымы ғана деп қабылдау дұрыс болар еді. Жантанушылар мен атеистер негізінен «тағдыр маңдайға жазылмайды, ол әр адамның өзінің өмір сүру салты мен сыртқы ортаның әсеріне қарай қалыптасады» деген пікірге бейім. Яғни, жазмышты емес, кездейсоқтықты тағдырдын жасаушысы деп таниды. Ал, Ислам қағидаларында тағдыр туралы түсінік мүлде бөлек және айқын. Исламда тағдыр Алла тағаланын әрбір мақұлықтың не істейтінін алдын ала білуі. Тағдырға иман келтіру — иманның алтыншы шарты және Ислам ақидасының маңызды негіздерінің бірі. Ал, иман деген не? Пайғамбарымыз Мұхаммед ғ.с. хадисінде: «Кейін Жәбраил (ғ.с.): «Маған иманның, не екенін айтшы?» дегенде, Мұхаммед ғ.с.: «Иман дегеніміз - сен Алла Тағалаға, Оның Періштелеріне, Кітаптарына, Пайғамбарларына, Ақырет күніне және жақсылық пен жамандықтың тағдыры белгіленуі Алла Тағаладан екеніне сенуің» — деп жауап берді» дейді. Онда қазақтың: «Жазмыштан озмыш жоқ» деген сөзі ақиқатқа жақын болғаны ғой...

Олай болса, «жазмыш» деген не? Осыған үңілейік.

Аллаһ Тағала барлық жаратылыстың табиғатын, пенде дүниеге келместен бұрын әрбір мақұлықтын (оның ішінде адам да бар) ризық-несібесін, өмір сүру мерзімі мен өлім сәтін алдын-ала біліп, барлығын Ләухул Махфузға жазып қойған дейді тақуалар. Айтуларынша, Ләухул Махфузда барлық жаратылыстың тағдыры жазылуымен қатар, әр мақұлықтың өмірлік, бір жылдық және бір күндік тағдыры белгіленген.

  1. Өмірлік тағдыр. Адам баласының өмірлік тағдыры, ол ана жатырында ұрық болып пайда болу уақытында белгіленеді.

  2. Бір жылдық тағдыр. Адам баласының бір жылдық тағдыры Қадір түнінде белгіленеді. («Қадір түнінде барлық хикметті істер белгіленеді» (Духан сүресі, 4-аят).

  3. Бір күндік тағдыр. «Алла Тағала әр күні шұғылдануда» (Ар-Рахман сүресі. 29-аят). Пайғамбарымыздан: «Шұғылдануда» — дегенді не деп түсінеміз?» дегенде, Ол кісі: «Алла Тағала күнәні кешіріп, қайғы-қасіретті кетіруі, бір қауымның дәрежесін көтеріп, екінші қауымның дәрежесін тусіруі» деп жауап берді. Бұл - бір. Екіншіден: Алла Тағаланын әр нәрсенің болуын немесе болмауын Қалаушы және құдіреті барлық нәрсеге Жетуші» деген мағынаны білдіреді. (Абдуссамат Махат. Имандылық негіздері. 180-6.).

Сонымен, діни түсінікте Тағдыр — Алланың жазуы екен. Бірақ, адам оны өзгерте ала ма? Енді әңгімені осы арнаға қарай бұрайық. Өзі жаратылмай тұрып, ұрық кезінде «Тағдырым мынандай болсын» деп өз тағдырын өзі белгілейтін құдірет адамда жоқ. Бірақ ол бір жылдық, бір күндік тағдырын адамгершілікке, тазалыққа, әділеттілікке, парасаттылыққа сүйену арқылы түзей алатын сияқты. Әр жыл, ай, күн, сағат, минут сайын ар алдында таза болуға, бар күнәсінен тазаруға әрекет етсе тағдыры жақсы арнаға бұрылары анық.

«...Маңдайға жазылған тағдыр солай болса, шара не?» дейміз ғой өзіміздің дәрменсіз пенде ғана екенімізді сезінген кездерімізде. Бірақ, сол тағдырдың жазуының жақсы, жаман болмағы өзіміздің ниетімізге, адами қасиетімізге, ұятымызға, иманымызға да байланысты екенін ұмытып кетеміз. Сенің тағдырың қандай? Неге олай болды? Ойланып, өзіңнің іс әрекетің мен адами қасиетіңді әділ бағалап көрдің бе? Үңілші... кім екенсің? ...Әне, тағы бір қазақ балшыға барып карта аштырып жатыр. Тағдырын білгісі келеді. Одан да өз жүрегіне үңілсе етті.

Әділбек Қаба

(Жазба автордың фейсбук парақшасынан алынды)

Айдары: Бақ-бақ 16.06.2020 11153

Қатысты мазмұн