Сөз бостандығының шегі

none

Демократияға бағыт алған, либерализм құндылықтарын мойындайтын мемлекет сөз бостандығына ешқандай шектеу қоймауы тиіс. Осы тұрғыдан қарағанда, кейбір қазақстандықтардың «Ресей телеарналарын ел аумағында көрсетуге тиым салу керек» деген ұраны, сол үшін қол жинаған белсенділігі жөнсіз. Ресей телеарнасын қызығып көру немесе оны қызықтамау - әркімнің жеке ісі. Ресей телеарналарында не айтылатынын көрмей-ақ сезіп, тіпті оны көрмейтіндер көп. Дегенмен, Ресей телеарнасын қызықтайтындар бар, олар ақпаратты осы телеарналардан алады. Олардың құқығын аяқасты ету мемлекеттің либералдық ұстанымына қайшы.

Екіншіден, Еуропаның, Германияның телеарналарының орыс тіліндегі нұсқасы Қазақстанда көрсетіліп жатыр. Бұл телеарналар шығыс Еуропада тұтанған соғысты Украинаның позициясын қуаттап көрсетіп жатыр. Осы БАҚ бар, АҚШ қаржыландыратын Азаттық радиосы бар, әлдебіреулер соларды ел аумағында көрсетпеу жөнінде бастама көтерсе, не болады?! Бұл да масқара әрекеттің бірі болмай ма? Әрине, бұл да Ресей телеарналарына тиым салған секілді қазақстандықтардың ақпарат алу мүмкіндігін шектеу болып саналады. Сондықтан әлдебір БАҚ-ты Қазақстанда жабу туралы сөз айту өзін демократ санайтындар үшін ұят тірлік.

Оның үстіне, Ресей Қазақстанға соғыс ашқан жоқ, Ресей батыстағы көршісі Украинамен соғысып жатыр, екінші жағынан НАТО-мен текеше тіресіп жатыр. Аталған елдердің аумағында Ресей ақпарат құралдарына тиым салу - соғыс жағдайынан туындаған мәселе. Ал Қазақстанның басына ондай қаратүнек күн туған жоқ. Сондықтан алдын ала бекерге байбалам сала беру жөн емес. Одан да Украинадағыдай Қазақстанда да отандық ақпарат құралдарын дамытқан жөн, сөз бостандығы мен пікір алуандығының өрісін кеңейтуге күш салған жөн. Сонда ғана жан-жақты бағдарлай алатын, саяси сауатты ұлт қалыптасады.

Ақпарат кеңістігі де экономика секілді күшті бәсекелестік бар орта пайда болған кезде ғана дамиды. Және мұның бәрі - демократия мен либерализм принципіне сәйкесетін даму жолы. Әрине, еліміздің ақпараттық қауіпсіздігі де есепке алынуы тиіс. Бұл Қазақстандағы БАҚ-қа қатысты заңмен реттелген. Президент те елдегі ақпарат құралдарын дамытуды, БАҚ-тың бәсекелестікке қабілеттілігін арттыруды үнемі айтып келеді.

Ораз Әлімбеков

Айдары: Бақ-бақ 06.03.2022 387

Қатысты мазмұн