Швейцариялық Храпунов Алматыда қандай із қалдырды

none

Оңтүстік астанамыз Алматының әкімдері кім, қашан болған және бұл қызметте қандай іс тындырды? Бұған vecher.kz арнайы материалдар топтамасын жариялапты. Бұл персоналардың ішінде бізді қызықтыратыны – қашқын олигартхтың құдасы швейцариялық Храпунов мырза. Оның "ескі Қазақстан" кезінде тасы өрге домалап, жоғары қызметтерде болып, біраз ресурсқа кенелгені белгілі. Сосын әліге дейін анық айтылмаған себеппен қызметінен алынып, шетелге кетіп, тып-тыныш өмір сүріп жатты. Үстінен іс қозғалғаннан кейін ғана Храпунов "бітіспес оппозиция" болып кетті.

Храпунов Алматы қаласының әкімі қызметін 1997-2004 жылдары атқарған. 1948 жылы Қазақ КСР Шығыс Қазақстан облысы Глубоковский ауданы Предгорное ауылында Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері және мүгедегі Вячеслав Алексеевич Храпунов пен Анастасия Николаевна Храпунованың отбасында дүниеге келген. Үйленген, бес баласы бар. Жұбайы - Лейла Қалибекқызы Храпунова, «Viled» компаниялар тобының бұрынғы иесі, «Алматы экономикалық университеті» мемлекеттік емес коммерциялық емес мекеменің құрылтайшысы. Қыздары - Галина Храпунова, Елена Храпунова, Эльвира Храпунова-Бельмадани, Женевадағы зергерлік бутиктің иесі. Ұлдары - Ілияс Храпунов, Swiss Development Group президенті, Даниэль Храпунов. Храпунов 2009 жылдан бері шетелде тұратын БТА банкінің бұрынғы басшысы Мұхтар Әбілязовтің құдасы. Әбілязовтың қызы экс-әкімнің ұлы Ілияс Храпуновқа тұрмысқа шыққан.

Алматының болашақ әкімі Өскемен индустриалдық техникумын, Алматы энергетика институтын, Алматы жоғары партия мектебін бітіріп, экономика ғылымдарының докторы дәрежесін алған. Еңбек жолын техникумды бітіргеннен кейін бастады, Алматы ЖЭО-да кезекші слесарь, жөндеу слесарі, ауысым шебері, шебер, ПТО аға инженер-технологы, қазандық цехы бастығының орынбасары, турбиналық цех бастығы болып жұмыс істеді. Одан кейін Алматы жылу желілері кәсіпорнының бас инженері болған. Жылу жүйелерінде жұмыс істегеннен кейін Виктор Храпунов Ленин аудандық атқару комитетінің төрағасы; Алматы қалалық партия комитетінің екінші хатшысы; Алматы қалалық кеңесі төрағасының бірінші орынбасары; Алматы қаласы әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары лауазымын иеленіп шенеунік мансабын сәтті құрды. 1995 жылдың наурызында Виктор Храпунов энергетика және көмір өнеркәсібі министрі болып тағайындалды. Одан кейін энергетика және табиғи ресурстар министрі болды. 1997 жылы Қазақстанның астанасы Ақмолаға көшірілгенде күтпеген жерден Шалбай Құлмахановтың орнына Алматы қаласының әкімі болып Храпунов тағайындалды. Храпунов жеті жылдан астам мегаполистің басшысы болды.

Храпунов Алматының әкімі ретінде несімен есте қалды

1990 жылдардың аяғында қалада маршруттық таксилер қаптап кетті, кейін әкімнің өзі солармен күресе бастады.

Алматының іргесінде жер телімдерін басып, стихиялық түрде құрылыс салу басталды. Кейін әкім қызметіне Иманғали Тасмағамбетов келгенде, жер басып алған адамдар мүлдем ондай емес екені анықталды. Олар қаланың жаңа басшысына қолдарындағы сатып алу-сату шарттарын және құрылыс салуға рұқсаттарды көрсетті, бұл құжаттар су қорғау аймақтарында және әлеуетті қауіпті желілер, соның ішінде газ құбырлары өтетін жерлерге де берілген болып шықты.

Мегаполисте хаостық және негізінен бақылаусыз құрылыс салу басталды. Жаңа үрдіске сай қалада элиталық үлкен тұрғын үй кешендері салынды, кейіннен бұл нысандар «человейник» - «құжынаған адамдар мекені» деп аталып кетті. Қала тұрғындарында екіұшты пікір тудырған жобалардың бірі – өртеніп кеткен Жас көрермен театры (ТЮЗ) ғимаратының орнына «Астана орталығы» («Столичный центр») тұрғын үй кешенінің 23 қабатты үйлерінің салынуы болды. 1911 жылы салынған Верный генерал-губернаторының кеңсесі ғимаратының орнында тұрғын үй кешенінің салынуы да алаңдаушылық туғызды. Тарихи ғимарат 1994 жылдың соңында жұмбақ жағдайда өртеніп кетті. Қалада сондай-ақ халықтың ең осал топтары: соғыс ардагерлеріне, жетім балалар мен зейнеткерлерге тұрғын үй салу басталды. 500 орындық Ардагерлер үйі, сондай-ақ диагностикалық орталық, жазылмайтын науқастарға арналған хоспис, тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға арналған мектеп салынды.

Алматының тау бөктеріндегі атақты алма бақтары элиталық коттедждер салу үшін кесілді. Бұл дүниенің мықтылары су қорғау аумақтарында да сән-салтанатты үйлерін салды. Храпунов қаланы коммерциялық дүңгіршектерден жаппай «тазартуымен» де алматылықтардың есінде қалды.

Қалада 1992 жылдан бері алғаш рет мектептер мен мектепке дейінгі мекемелердің құрылысы қайта жанданды. Ресми статистикаға сүйенсек, сол кезеңде мұндай он екі нысан пайдалануға берілген.

1997 жылы қалада еврей қауымының қайырмалдық есебінен бірінші синагога салынды. 1999 жылы, бірнеше жыл кейінге қалдырылғаннан кейін Орталық мешіт ашылды, оның құрылысына қажетті қаржыны жеке тұлғалар, кәсіпорындар мен компаниялар бөлді. 1990 жылдардың соңында қалада көбінесе секталар санатына жататын Иегова куәлері, «Жаңа өмір» шіркеуі сияқты канондық емес діндер және осыған ұқсас ағымдар пайда болды.

Алматылықтардың есінде қалған ерекше жағдай – әуежай эпопеясы. Алғашқыда ол 1998 жылы өртеніп кетті, содан кейін оның құрылысы ұзаққа созылып, 2004 жылы ғана тапсырылды. Сондай-ақ 1999 жылдан бері «Алматы – менің алғашқы махаббатым» атты жаңа музыкалық фестиваль мезгіл-мезгіл өткізіледі.

«Рамстор» сауда ойын-сауық кешенінің (ол кезде ол «Рамстор-Бутя» деп аталған) сән-салтанатты ашылуын еске түсіруге болады. Бұл СОО бір ғимаратта супермаркеттен бөлек мұз айдыны мен кинотеатр орналасқан сауда орнының жаңа форматына айналды. Виктор Храпунов заңсыз киім-кешек базарларының мәселесін шешуге де белсене кірісті. Мэр болған кезінде оның 34 жапты.

2002 жылы Виктор Храпунов Алматыда оң рульді автомобильдерге тыйым салу туралы бастама көтеріп, көлік иелерінің наразылығын тудырды. Оның тұсінде алғашқы екі жол айрығының құрылысы басталды. Жеті жылдың ішінде әкімнің нұсқауымен 2000 орындық он беске жуық автотұрақ салынды. Ондаған көше мен даңғыл асфальтталды, қайта салынды немесе жөнделді. Қаланың негізгі магистральдарындағы кептелісті ескеріп, айналма жол салу туралы шешім қабылданды. Сондай-ақ бюджеті 800 миллион доллар болатын Алматы метросын салу жобасы басталды.

КСРО жылдарында салынған Алматы кәсіпорындары кезек-кезегімен жабыла берді. Храпуновтың өміріндегі тағы бір маңызды эпизод Алматының энергетикалық желісінің «майшелпег» – жергілікті жылу электр станциясын алған бельгиялық «Трактебель» компаниясының қызметімен байланысты. 1990-шы жылдардың аяғында қалада электр энергиясының жаппай өшірілуі жиі болатын.

Храпуновтың Алматы әкімі болған кезіндегі жеткен нәтижесі

• Тұрғын үйлердің салынып, тапсырылуы - 1 522 146,8 ш. м

• Мектептер/мектепке дейінгі ұйымдардың салынуы - 9

• Пайдалануға берілген жаңа аурухана/емхана - 0

• Пайдалануға берілген жаңа жолайрықтар - 1

• Жаңа жол салу - 0 км

• Қосалқы станциялар (қайта құрылған және жаңадан пайдалануға берілген) - 0

• Метро станциялары – 0

2004 жылдың желтоқсанынан 2007 жылдың қаңтарына дейін Шығыс Қазақстан облысының әкімі қызметін атқарған Виктор Храпунов 2007 жылдың қаңтарында Астанаға ауыстырылып, Төтенше жағдайлар министрі болып бір жылдан аз уақыт жұмыс істеді. Төтенше жағдайлар министрі қызметі Храпунов үшін соңғы болды. Ол «Алматы қаласының су қорғау аумақтарынан заңсыз жолмен жер телімдерінің бөлінуіне байланысты» деген себеппен орнынан алынды. Бұрынғы әкім табиғатты қорғау аймағы болып табылатын «Шымбұлақ» тау шаңғысы курорты мен Медеу шатқалы аймағында үй салуға рұқсат бергені үшін кінәлі деп танылды.

2008 жылдың сәуірінде экс-әкім Храпунов отбасымен Швейцарияға тып-тыныш көшіп кетті. 2010 жылы Виктор Храпуновтың балалары Швейцарияның 300 ең бай тұрғынының тізіміне кірді. Храпунов шетелге кеткеннен кейін оның және оның әйелі Лейла Храпунованың үстінен «қылмыстық топ құрды», «алаяқтық», «пара алды» деген айып тағылып, қылмыстық іс қозғалды. Бұл ретте экс-әкімге «бөтеннің сеніп тапсырылған мүлкін иемдену және жымқыру» және «қызмет бабын асыра пайдаланды» деген айып тағылды. Тергеу материалдарына сәйкес, Храпунов ісі бойынша мемлекетке келтірілген шығын 250 миллион доллардан асады.

Прокурор Виктор Храпуновты 20 жылға, Лейла Храпунованы мүлкін тәркілеп, мемлекеттік қызмет атқару құқығынан айырумен 17 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Сондай-ақ ол соттан Храпуновты мемлекеттік наградалар мен ордендерден айыру туралы Қазақстан президентінің атына ұсыныс енгізуді сұрады. Храпуновтардың ісі 400 томнан тұрды, оған 212 куәгер қатысты. Сот Виктор мен Лейла Храпуновтардың қатысуынсыз өтті. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы Храпуновтардың Астанаға жауап алуға шақырту жібергенін хабарлады, бірақ Швейцарияда тұратын ерлі-зайыптылар келмей қойды. Қазақстан билігі Алматының бұрынғы әкімі, бұрынғы энергетика министрі, бұрынғы төтенше жағдайлар министрі Виктор Храпуновты, оның әйелі мен кейбір туыстарын іздеуге жариялады. 2021 жылдың қаңтарында Виктор Храпунов саяси баспана алды. Бұл туралы оның әйелі Лейла мәлімдеді.

Айдары: Бақ-бақ 06.05.2023 62

Қатысты мазмұн