Шораев «ескіліктің» адамы ма? Экс-журналист Үндістанның «киелі сиыры» емес...

none

Журналистерді қоғамның санитары дейміз. Олар қоғамдағы жемқорлық, рейдерлік секілді қылмысты, қоғамға қауіпті жаман пиғылды әрекетті әшкерелеп отырады. Әрине, кейбір журналистер мемлекеттік маңызы бар, қазынадан қаржыландырылатын ІР жобаларға басшылық жасайды, тіпті мемлекеттік қызмет атқаратындары да бар. Мұндай кезде, бірде болмаса бірде, біліп яки білмей жемқорлыққа ұрынып қалатын жағдай болады. Солай болса да, олардың ісін тексеруге, заңсыз әрекеттерін әшкерлеп сотқа тартуға құқық қорғау органдары белсене қоймайды, «шулап, бәле салады» деген оймен лажы болса журналистердің қатысы бар дауға жақындамауға тырысады.

Қазір журналистикадан бизнеске өтіп кеткен белсенді Арман Шораевтың «Ескі Қазақстан» тұсында жасаған ісін финпол тергей бастады. Шораев бір кездері Н.Назарбаевтың қоғамдық шатабының баспасөз қызметін басқарған, Д.Назарбаеваның иелігіндегі КТК телеарнасына жетекшілік жасады, «отбасына» жақын жүретін журналистің «тасы өрге қарай домалағаны» да осы тұс. Ол Назарбаев режимі тұсында өзіне кәсіп ашып алды, қазір Көкшетау аймағында демалыс, қонақүй бизнесімен шұғылданады. Сондықтан оны «бизнесмен-журналист» деп атаймыз. Арман Шораев 2010 жылдардың ортасында қазынадан қаржыландырылған «Қазақстан барысы» атты қазақ күресінің турнирін өткізіп жүрді. Бұл іс-шара спорттағы шоуға ұқсайды. «Қазақстан барысы» атауын 4 жыл ішінде бірнеше мәрте өзгертті, кейде «Qazaqstan Barysy Advertising» ЖШС болып қайта құрылса, кейде «Қазақ күресін дамытатын» қоғамдық қор болып құбылды. Шораев тауықтың балапанындай қаптатып жіберген осында ұйымдарын жақын туысы Ж.Атығаева мен А.Бекмұрзаеваға, кейде досы Ж.Мұсабековке басқартып қоятын. Бұл Шораевтың із жасыру әрекетінің бірі болуы мүмкін.

Қазір финпол А.Шораевтың «Qazaqstan Barysy Advertising» ЖШС-індегі қаржыны заңсыз жылыстату бойынша іс қозғап жатыр. Кейбір мәліметте «Қазақстан барысы» жарысын өткізу үшін қазынадан бөлінген 1,5 млрд-тың 800 млн теңгесін қолма-қол ақшаға ауыстырып қалтаға салып алу үшін «біркүндік» фирма құрылғаны айтылады. Қазір А.Шораев пен оның «адамдары» 1 млрд 75 млн теңгені қайда, қалай жұмсағаны тексеріліп жатыр.

Жастайынан «отбасыны» маңайлап жүрген Арман Шораев 2010 жылдардың соңына қарай «ұлтшыл патриоттың» кейпіне еніп алды: қасқыр ішік, саптама етік, түлкі тұмақ киіп алып, онысын жария түрде жұрт алдына шығып көрсетіп, өзіндік имидж жасауды «Қазақстан барысы» атты спорттық шоу өткізу кезеңінде үйренсе керек. Әрине, ұрланған-жырымдалған қаржының ізін кесетін органдарға қасқыр ішік, саптама етікпен сес көрсету аздау болады. Сондықтан болса керек, анығын Ақорда біледі, Шораев жоғарғы биліктің жанынан құрылған Қоғамдық кеңестерге мүше болып, жиындарда «келелі мәселе» көтеретін қайраткер болып көзге түсуге тырысты. Қоғам белсендісі Шораевты Қаңтар оқиғасына байланысты көзқарас позициясы - бейтарап. Бұл оның «Ескі Қазақстанға» әлі де байланып тұрғандай әсер қалдырады. Есесіне Шораев өзінің «оппозицияшылдығын» Украинаны қолдағансып, ол елге басқыншылық соғыс ашқан Ресейге деген әлжуаз қарсылығымен білдіргісі келеді. Ресей-Украина соғысында Қазақстан бейтарап позицияны ұстап тұр. Олай болса, Арман Шораевты Ақорданың «бітіспес оппоненті» деп қалай ғана айтамыз?! Ол әрі кетті дегенде бар болғаны Путиннің оппоненті емес пе?!

Оның үстіне А.Шораев әлдеқашан журналистиканы тастап, бизнеске кетіп қалған адам. А.Шораевқа қатысты істің сөз бостандығына да, пікір еркіндігіне де қатысы жоқ. Көп ақша жүрген жерде бір былықтың болатыны анық қой. Сондықтан Арман Шораевтың «Қазақстан барысында» жасаған ісін тергеп-тексеруден саяси астар іздеу бекер сияқты.

Ораз Әлімбеков

(Материал Фейсбук парақшасынан алынды)

Айдары: Бақ-бақ 22.06.2023 62

Қатысты мазмұн