Шайтан қанша метрге секіреді?

none

Мен бастауыш сыныпты нағашы атамның ауылында оқып, кейін әке-шешемнің қолына, қалаға кеттім. Жақында Алматыдағы базарлардың бірінде бастауышта бірге оқыған сыныптасымды кездестірдім. Үлкен жігіт болыпты. Шоқшиған сақал қойып, шалбарының балағын тобықтан жоғары шолтитып кесіп тастапты. Маған ерсі көрінгені осы болды. Ол мұның себебін айтқан кезде ойыма қыздар киіп жүрген хиджаб оралып, әлгілердің наным-сенімі қайшылыққа толы екенін түсіндім.

«Шалбарыңның балағын неге сонша қысқа кескесің?» деген сұрағыма сыныптасым «Жер лас, лас жерде жын-жыбыр, яғни, онымен араласып шайтан жүреді. Шайтан балаққа жабысып, басқа шығып кетпес үшін мұсылмандар осылай жасайды» деді. Бұл қисынға салсақ, шорты кигендердің мүлдем шайтаннан қорықпауына болады деген сөз ғой. Сыныптасымның бұл жауабынан мені таңқалдырған екі нәрсе болды. Діни кітаптарда шайтанның айлакер зұлымдығына ешкім теңесе алмайтыны, күштілігі айтылады. Егер шайтан күшті болса, адамның тобығынан сәл асатын биіктікке секіру ол үшін түкке тұрмайды емес пе?!

«Шалбарыңның балағы қысқа болмаса, шайтан жабысады» деген наным-сенімге қатысты мені таңқалдыратын тағы бір нәрсе бар. «Мұсылманшылықтың жөні осы» деп қазір көп қыздар хиджаб киіп жүр. Олардың көйлегінің етегі тым ұзын – шұбатылып, жер сызып жүреді. Менің сыныптасым айтқандай, жерде жын-жыбыр, шайтан жүрсе, олар үшін қыздарға секіріп әуре болудың қажеті шамалы. Қыздардың етегінен ұстайды да, жоғары қарай өрмелей береді. Әлде, шайтан әйелдерге тимейді, тек ер адамдарға ғана өш пе? Мүмкін ер адамдар тек өздерінің қарабасының қауіпсіздігін ойлап, шайтаннан сақтанады да, ал қыз-келіншектерді шайтанның талауына беріп қойған ба? Мен осы сұрақтарға жауап таба алмай жүрмін...

Еркемай Арман

Айдары: Текемет 29.11.2019 115

Қатысты мазмұн