Секс саясатқа тіреу бола ма?

none

Тіркелмеген «Ел тірегі» партиясының «тұқым сепкіш» көшбасшысы Нұржан Әлтаевтың саяси белсенділігі бір өшіп, бір жанатын бықсыққа ұқсайтыны мен үшін түсінікті болды. Егер оны олигарх немесе биліктегі қолы түкті әлдебіреу қаржыландырғанда, Әлтаев ұшқыннан жалын лаулатар еді. Бірде жарқ-жұрқ етіп, енді бірде өлімсіреп өшіп қалатын «Әлтаевты тіреп тұрған кім?» деген сұрақ маза бермеді. Сондықтан із кесіп, оның жанындағы адамдардың өмірбаянын шұқшиып отырып зерттедім. Сөйтсем, гәп мынада екен - «Ел тірегінің» саясаты секспен жымдасып кетіпті.

Осы орайда «Ел тірегі» партиясының ұйымдастыру комитетінің мүшесі Жазира Дүйсенбекова ханымға көзім түсті. Алты баланың анасы екен. Төртеуін алғашқы күйеуінен - ірі авиакомпанияға иелік ететін бизнесменнен туған. Кейін оларды шырқыратып тастап кетіп, Әлтаевпен танысқан. Бұл кезде ол Президент әкімшілігінде істейтін. Осы тұста Әлтаевтың екі әйелден 5 баласы бар еді. Жазира ханым Әлтаевпен жүріп (азаматтық неке) екі бала туған, сөйтіп, ол екі баланы ғана асырап отырса да 2020 жылы 6 баланың анасы ретінде кеудесіне «Күміс алқа» орденін тағыпты. Ал қазір Әлтаевтың есебінде 7 бала бар, бірақ еркектерге орден берілмейді ғой.

Бұрынғы күйеуі ірі бизнесмен болғаны сеп болды ма, әлде өзінің Президент әкімшілігінде жұмыс істегенін бас пайдасына жаратты ма, ол жағын деп басып айта алмай тұрмын, Жазира да бірнеше фирма ашып, күреп ақша табатын кәсіпкер атанды. Ол Әлтаевтың «келесі президент мен болам» деп кеуде соққан сөзіне имандай сеніп қалған сияқты, ал өзі бірінші ханым атанғысы келді-ау, сірә. Ол Әлтаевтың бүткіл саяси шығынын жауып, «Ел тірегі» партиясының ұйымдастыру жұмысын қаржыландырды. «Ел тірегінің» Астанадағы офис ақысын, медиасын, партия лидерінің аямақтарға сапарын, конференция, митинг ұйымдастыруын және басқа да шығынын түгел Жазираның иелігіндегі «Көкжиек-Горизонт» пен «Study IIN» фирмасының табысынан өтелді. Бұл фирмалар мектеп оқулықтарын дайындау бойынша Білім және ғылым министрлігінен жыл сайын ірі көлемдегі тендерлер алып отыр. Яғни, «Ел тірегі» мектеп оқушыларының нәпақасына күн көріп жатыр.

«Әлтаев» - биліктің саяси жобасы» екені бұрыннан белгілі. Бұл жоба Ескі Қазақстанның тұсында пайда болды. Оппозицияның ішін алатайдай бүлдіріп, ыдыратып ірітуді көздейтін «Әлтаев» жобасының билік үшін қажеттілігін айтып, жобаны жоғары билікке тықпалаған да Жазира сияқты. Ол өзінің Президент әкімшілігіндегі мансабын пайдаланып «Әлтаев» жобасын сол кездегі Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматуллинге және билікпен ішкі бауы байласқан олигархқа тықпыштаған. Осыдан кейін, биліктегі жоғары лауазымдардан бата алған соң, «оппозицияшыл келбеті бар» «Әлтаев» жобасы қазақ саяси аренасына жолдама алды.

«Оппозицияшыл» Әлтаевтың «ұлтшыл әрі дәстүршіл» келбетін сомдауға да Жазира бір кісідей қолқабыс жасады. Себебі, Жазира нақышбандия сопылық тариқатының мүриді болмаса да, осы сопылық бағытқа жақсы қолдау білдіретін, Ф.Джоуниді піріндей көретін. Сондықтан ол өзінің биліктегі байланысын пайдаланып, осы жылдың шілде айында Бахаудин Нақышбанды атындағы сопылық орталықты (Жамағат Назым әл Хакани) Әділет министрлігінде тіркетіп берді. Бұған нақышбандылар дән риза. Сондай-ақ, Жазира Түркиядағы «махмұтшылар» деп аталатын сопылық сектамен де тығыз байланыста. Оның діни идеологиялық секталармен байланысы «Ел тірегі» партиясында өшпес із қалдырды. Әлтаев пен оның ат төбеліндей жақтастары митингілерде «Аллаһу акбар!» деп жиі айқайлайтын жаман әдет шығарды.

Қазір Жазира мен Нұржанның арасы жақсы емес. Ит пен мысықтай болған әйел мен еркектің арасындағы дау тіпті ушығып бара жатқандай. Жазира «әй, Нұржан, сені саясаткер (адам) қылған мен едім» деп міндет қылатын секілді. Ал Әлтаев өз күшімен «жұлдыз» болып, аспаннан салбырап түскендей кергиді. «Осы ұрыс-керіс ушығып, бірі екіншісінің үстінен полицияға арыз түсірді» деген алып-қашпа сыпсың сөз бар. Мәселенің бұл жағы саясаттан гөрі отбасылық интимге ауып бара жатқан соң, «жеке бастың проблемасына саусағыңды сұқтың» деген бәлеге қалам ба деп, ол жаққа шұқшимадым, ол жерді шұқылап қазғылауды жөн көрмедім.

Дегенмен, соңғы кезде «Әлтаев» жобасының өшіп бара жатқан қоламтадай өлімсіреп қалуын Нұржан мен Жазираның арасындағы даудың кенеттен ушығып кетуі себепші болды» деген тұжырым жасап отырмын. Тірегі теріс айналып кетсе, әрине, Әлтаевтың көрген күні осындай болатыны заңдылық қой...

Oraz Alimbekov

Facebook парақшасынан алынды

Айдары: Текемет 01.11.2022 165

Қатысты мазмұн