Биыл парламент сайлауында өтпей қалған экс-кандидат, бұрынғы шенеунік Санжар Боқаев келесі сайлауға қазірден дайындала бастаған сияқты. Алматы қаласында қоғамдық көлікпен жүру ақысы 20%-ға қымбаттайын деп жатқанын хабарлаған ол осыған байланысты өзінің өміріндегі маңызды бір оқиға-хиқаяны (аңыз емес пе екен?) есіне түсіріпті.
Оқиға Боқаев Алматы қаласы әкімдігінің жастар саясаты басқармасының басшысы болып жұмыс істеп жүрген кезде болған екен. Мәслихат отырысында жол ақысын көтеру мәселесі бекітілді. Мәселенің әлеуметтік маңызы бар, сондықтан барлық басқармалардың келісімі керек. Көлік басқармасының басшысы Боқаевтан басқасының бәрі қол қойғанын хабарлады. Төрағалық етуші одан неге келіспейтінін сұрағанда, Санжар Боқаев: «Мен студенттік билет бағасының 1,8 есе қымбаттауына қарсымын, өйткені студенттердің шәкіртақысын үш жылдан бері көтермеген. Олардың шәкіртақысын көбейткен кезде мен келісуге дайын боламын», - деп жауап беріпті. Жолаушылар тасымалымен айналысатын компаниялар жақсы табыс табады, шығынын ойдан шығарады деп айтқанынан қайтпаған шенеунік сол үшін әкімдіктегі әріптесімен төбелесіп қала жаздапты.
Сол күні Боқаев үйіне қайтпай, түні бойы кабинетінде отырып 190 мың студенттің мүддесін қорғау үшін олардың тамаққа қанша ақша жұмсайтыны және нашар тамақтанатыны, жастар арасындағы әртүрлі әлеуметтік аурулар (соның ішінде туберкулез) жайлы цифрларды жинап, сараптама жасап, әкімнің атына қызметтік хат жазыпты. Айтуынша, сол кездегі әкім А. Есімов таңғы 7:30-да жұмысқа келеді екен. Алдынан жүгіріп шығып, қызметтік хатын табыс етіпті. Ақырында әкім жастар саясаты басқармасының ұстанымын қолдапты.
Осындай тәп-тәуір әңгіме жазған Санжар Боқаев демалыс күні Алматыны аралап, автобусқа мініп жүріпті. Кейбір жолаушылар оны танып, қолын алып амандасқанына қатты қуаныпты. Жаңа Қазақстан құруға мүдделі саясаткер осыдай пиарын көктемгі сайлау кезінде неге жасамаған?