Ректор адвокат пен журналисті сотқа берді. Неге?

none

Ақтаудағы «Каспий» мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің» ректоры Берік Ахметов «ар-намысыма және іскерлік беделіме нұқсан келтірді» деп, шеккен моралдық шығынына 2 млн теңге талап қылып белгілі адвокат Ләззат Ахатованы сотқа берді. Сондай-ақ, Берік Ахметов жауапкер ретінде журналист Тоқтар Жақашты да сотқа тартып, одан Фейсбук әлеуметтік желісіндегі жазбасын терістеуді талап етіп жатыр. Арызданушының талабы бойынша орыс тілінде өтетін соттың алғашқы отырысы 22 мамырда басталады.

Дауға ұласып, сотқа жеткен мәселенің мәніне келейік. 2015 жылы Берік Ахметов Түркістандағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде жұмыс істеп жүрген кезінде Түркияға сапарлайды. Түркиядағы қонақүй ме, жезөкшелер үйі ме, ол жағы белгісіз, әлдебір ғимыратта демалады. Осы жерде түсірілген видеода Берік Ахметов үстіне оқалы шапан, басына падишахтардың бас киіміне ұқсайтын қалпақ киіп, бірнеше құсжастыққа сүйеніп креслода отырады. Оның алдында жартылай жалаңаш, былқылдаған қыз бөксе биін билеп жүреді. Биші қыз ара-тұра иттің басындай екі анарын дірілдетіп Берік Ахметовке тақалып-тақалып қояды. Падишах киіміндегі Берік биші қыздың кеудесіне ме, әлде ышқырына ма, білмейміз, доллар қыстырып жіберетіндей ишара жасайды, қыз бүткіл денесін дірілдете билеп шегініп кетеді. Осы қимыл видеода бірнеше мәрте қайталанады...

Өткен жылдың аяғында журналист Тоқтар Жақаш әлгі видеоны Фейсбуктегі парақшасына көшіріп салып, оның қасына пост жазған. Сол жазба ішіндегі «мына видеода жалаңаш қыздын емшегіне қайта-қайта ақша қыстырып жүрген жартықұдай Ахметов Берік». «Бәлкім, сол ақша жағдайы төмен отбасының аузынан жырып алып, баласының оқуы үшін тірнектеп тапқан соңғы тиыны шығар», «Теңіз жағалауында орналасқан университет балансындағы асхана, мейрамхана, демалыс орыны сияқты көптеген нысанды ақысыз-пұлсыз тамыр-таныстарына безвозмездно таратып тастаған» деген сөз тіркестері бар еді.

Тоқтар Жақаштың сол постына жүздеген адам пікір жазды. Солардың бірі адвокат Ләззат Ахатова «Айтқаңынызға толық қосыламын, Тоқтар аға. Кім айтса да рас ақпарат беріпті. Мен сол оқу орнында бір жыл істеп, осы айтылғандарға куә болғанмын» деп пікір қалдырған. Оның бұл пікірі Тоқтар Жақаш постындағы «...университет балансындағы асхана, мейрамхана, демалыс орыны...» мәселесіне қатысты жазылған. Ректор Берік Ахметов осы пікірі үшін Ләззат Ахатованы сотқа тартып, одан 2 млн теңге өндіріп алмақшы. Берік Ахметовтың жартылай жалаңаш қыздармен бірге демалып жүрген видеосын салып, соған арнап пост жазған журналисті былай ысырып қойып, сотқа басты жауапкер ретінде Ләззат Ахатованы тартуында гәп бар. Бұл тақырыптан аздап ауытқып кететін мәселе болғандықтан оған басқа мақала арналады. Әзірге, білдей бір университеттің ректоры Берік Ахметовтың моралдық келбетін көрсететін видеоны түсіруге және видеоның интернетке таралып кетуіне қатысы жоқ адамдардың сотқа беру себебін түсіндіре кетейік.

Ақтаудағы құпия дереккөздің мәліметінше, Вконтакте әлеуметтік желісінде 2015 жылдан бері әлсін-әлсін қайта жарияланып жүрген видео 2019 жылы Фейсбукта қайта жарияланған соң, білім министрі қарамағындағы ректордың қылығына налып қатты шамданған. Ол ректор Берік Ахметовтан жартылай жалаңаш қыздармен көңіл көтеріп жүрген оқиғаға түсінік беруді талап еткен. Ал Берік Ахметов өз кезегінде «оның бәрі жалған» деген сыңайды уәж айтыпты және ақпаратты терістетуге уәде беріпті.

«Сол уәдемен Берік Ахметов ректорлық орынтағын сақтап отыр» дейді дереккөз. Оның айтуынша, Ахметов жартылай жалаңаш қыздармен болған демалыстың видеосына қатысты даудың дабыра болып кеткенін, әсіресе қазақтілді қауым арасында мәселенің тағы талқыға түскенін қаламайды. Сондықтан ол сотқа арызды орыс тілінде берді және соттың орысша өтуін талап етіп отыр. Ол адвокаты арқылы сотқа БАҚ өкілдерін қатыстырмау жөнінде де өтініш айтқан. Әрине, мұның бәрі арызданушының құқығы. Дегенмен, дауға ұласқан Фейсбуктегі пост та, оған жазылған пікірлер де қазақша болатын, талапкер де, жауапкер де қазақ. Ылғи қазақтардың орысша соттасып жатқанын қазақ қоғамы қалай қабылдар екен?!

Мұнда баса назар аударатын тағы бір жайт бар. Оқиға болған жерден түсірілген видеода Берік Ахметовты бейнесі айқын, тіпті биші қыздың бір жеріне қайта-қайта сумаңдатып қыстырып жібермекші болған ақшаның қанша доллар екені анық көрініп тұр. Бұл – факт. Әсіресе, видео фактіні терістеу мүмкін емес - шындықтан қашып құтыла алмайсың. Соны ректор да, жоғары оқу орындарына жауапты министр де ескермегені қынжылтады. Мұндағы ең дұрыс шешім – ректор абайсызда өзінің әшкере болып қалғанын мойындап, бұдан былай әдепсіз жерге бармайтыны жөнінде уәде беруі керек еді. Оған қатаң сөгіс беріп, қызметінде қалдыру немесе жат қылығы үшін ректор қызметінен алып тастау министрдің деңгейінде шешілуі тиіс шаруа болатын. Өкінішті, дау ол межеден өтіп кетіпті. Ректор қатысқан сол бір ыңғайсыз оқиға сот процесі арқылы тағы да қоғам талқысына түсіп, дүрбелең туғызайын деп тұр. Сот бір шешім шығарар, бірақ шешім қандай болса да ректорға одан келіп-кетер пайда жоқ, министр де ештеңе ұтпайды.

Ерасыл Бердібек

Айдары: Текемет 19.05.2020 651

Қатысты мазмұн