Перуашев өзін президент сезініп жүр. Неге?

none

Нұрсұлтан Назарбаев биліктен кететінін мәлімдеп, отыз жыл отырған тағын Тоқаевқа ұсынғанда «Ақ жол» партиясының көсемі Азат Перуашев кемсеңдеп жылап қалған. Мұны көрген жұрт «жастайынан бір емес, екі партияның тізгінін ұстаған Перуашев өзінің саяси патронажы Назарбаевты қимай кемсеңдеп жыламсырап қалды» деп біржақты топшылған. Перуашевтің ішкі жан-дүниесіндегі пернені Назарбаевқа деген сүйіспеншлік, қимастық шерітті ме, әлде «асарын асаған, жасарын жасаған Назарбаев астындағы тағын маған неге беріп кетпеді?!» деген өкініш өзегін өртеді ме, ол жағын білмейміз, әйтеуір саяси амбициясы көкірегін кернеген Перуашев сол кезде-ақ қатты қобалжыған. Сөйткен Перуашев қазір «Ақ жолды» президент сайлауына тағы да түсіп отырған кандидат Тоқаевты колдайтын «Аманат» партиясы құрған коалицияға апарып кіргізді. Өзі де осы тоқаевшыл коалицияның құрамында жер-жерді аралап, Тоқаевқа дауыс беруге халықты насихаттағансып жүр.

Оның Тоқаевқа деген ниеті адал ма? Әлде, ол өзін Тоқаевпен бәсекелесе алатын саясаткер санап, күндестіктің қызыл итіндей қылық істеп, президентке астыртын саботаж жасап жүр ме? Осы сұраққа жауап іздеп Перуашевтің ізіне шұқшиып отырмын.

Тоқаев өзінің «Жаңа Қазақстанын» қоғам белсенділерінен тұратын Ұлттық кеңес құрудан бастаған. Бұл - оның ноу-хауы, саяси «фишкасы». Сол қоғамдық ұйымның бәсін арттыру үшін Тоқаев үнемі Президент жанындағы Ұлттық кеңес мүшелерімен жеке-жеке кездесіп тұрады. Есесіне, президент елдегі саяси партия жетекшілерінің бірімен де ресми түрде жеке кездескен емес. Тіпті, ол бұрынғы «Нұр Отан», қазір «Аманат» деп аталатын билік партиясынан өзін аулақ ұстап жүр.

Ақиқатын айту керек, қоғам белсенділерінен құралған ұйымды Тоқаевтың Ұлттық кеңес деп атауға қақы бар. Ұлт сөзі – мемлекеттің екінші атауы. Мемлекеттегі ең жоғарғы лауазымды «Президент» деп атайды, сондықтан Тоқаевтың Ұлттық кеңес құруға өкілеттілігі бар. Ал бір ғана саяси ұйымды басқарып отырған Азат Перуашев «Ақ жол» партиясының орталық кеңесін «Ұлттық кеңес» деп атап алды және өзін сол кеңестің «төрағасымын» деп жариялапты («Ақ жол» партиясының ресми сайтын қараңыз). «Болмасаң да ұқсап бақ...» деген осы шығар.

Сонда «Ақ жолдың» ат төбеліндей перуашевшіл белсенділері қалың қазақтың, бүткіл халықтың атынан сөйлемек пе? Оларға Ұлттық кеңес құратындай кім өкілеттік берді?! Әрине, ондай өкілеттік «Ақ жолда» жоқ, бұл партия парламент сайлауында он пайыз төңірегінде ғана дауыс жинаған. Мұны жұрттың бәрі біледі. Сірә, депутат Перуашевтің қылығы президент Тоқаевқа қарсы жасап отырған саяси бәсекеге ұқсас қыжыртпасы, кекесіні секілді. Әлде, бұл Перуашевтің «Сен Президент жанынан Ұлттық кеңес құрыпсың, мен де партиямның ішінен Ұлттық кеңес құра алам» деген дөңайбаты ма? Қалай десек те, бұл жерден саяси сепаратизмнің мүңкіген әлсіз иісі шығады. Мұны көкірегіне нан пісіп масайраған Перуашев ескере қоймас, десек те партия ішіндегі саяси сауатты қауым мұндай өрескел қателікті шұғыл түзетеді деп сенеміз...

Oraz Alimbekov

Facebook парақшасынан алынды

Айдары: Түтін 14.11.2022 56

Қатысты мазмұн