Орыстілді журналистерге шошқаның басын жіберген кім?

none

Алдыңғы күні әккі журналист Вадим Борейконың есігіне белгісіз біреулер құрылыста қолданатын көбік жағып, еркектің салбыраған мүшесінің суретін салып кетіпті. Бұдан бұрын «тәуелсіз» журналист Динара Егеубаеваның машинасы өртеніп кеткен. Орда.кз сайтының редакциясына да қоқан лоқы жасап, Гүлнара Бажкеноваға шошқаның басын сыйлыққа жіберіпті. Журналист Гүлжан Ерғалиева басқаратын «Ел-медиа» порталының есігін біреулер сындырып кеткені де әлі есте.

Мұның бәрі бір қарағанда сөз бостандығына қарсы биліктің жасап жатқан қысастығы сияқты көрінеді. Осындай жаманаттан қатты қорқатын Жаңа Қазақстан билігі бір рота полицияны тексеруге қосқан ғой. Полиция көшедегі камераларды қарап жіберіп, кәмелет жасына толмаған үш жеткіншекті ұстап алыпты. Олар саяси тапсырысты белгісіз біреулерден телаграм желісі арқылы алғанын айтқан. Оның түбін тексеріп жіберсе, журналистерге қарсы тапсырыс берген сұмырай шетелде отыр екен. Полиция оларға түк істей алмайтыны белгілі. Полицияның өзі «бұл бәлеге тапсырыс беріп отырған кім?» деп Борейконың өзінен сұраған ғой. Борейко Беларустің «БелСат» телеарнасының «Вот так» хабарына берген сұхбатында қазақстандық журналистерге қарсы жасалып жатқан арандатудың екі себебін айтты.

Біріншіден, мұндай қорқытуды ұйымдастырып жатқан Ескі Қазақстанның өкілдері екен. Олар сайлау алдында тұрақсыздық туғызбақшы. Борейконың екінші болжамы бойынша, мұны істеп жатқан Ресейдің арнаулы қызметі - Федералді қауіпсіздік қызметі (ФҚҚ). Десе де, ол мұның себебін ашып атпай кетті. Сірә, шошқаның басын көрген соң, Борейконың есіне Ресей түсіп кетсе керек-ті.

Борейконың сөз саптауына қарағанда, Жаңа Қазақстан билігі саяси реформаларға жол ашыпты. Басқа жапа шеккен журналистердің ойы жөнінде Борейко ештеңе айта алмайды, ал өзі елдегі саяси реформаларға көңілі толмаса да оны қолдайтынын білдірді. Яғни, ол Жаңа Қазақстанның журналистрге шошқаның басын жіберуге, машина өртеуге, терезе шағып, есік желімдеуге қатысы барына күмәнмен қарайды, сенбейді. Ол тіпті осы істі тергеп-тексеруге Жаңа Қазақстанның бір рота полиция бөлгеніне дән риза.

Вадим Борейконың ФҚҚ жөнінде айтқан болжамын есепке алмаса да болады. Мұның басқа да геосаяси себептерін айтпағанның өзінде, қазір қазақстандың журналистердің өзін антиресейшіл етіп көрсетуі трендке айналды, бұл қазақ аудиториясына өзін либерал, демократ, патриот етіп көрсетудің жақсы жарнамасы. Олай болса, орыстілді журналистерге қарсы жасалып жатқан қысастық Ескі Қазақстан тарапынан деген тұжырыммен шектелуге болатындай. Дегенмен, бұл жерде саяси мүдде көздеген топтардың да алуан түрлі екенін ескеру керек. Оны бірнеше тезиспен жіктеуге болады.

Мысалы, Борейко мен Егеубаева Ескі Қазақстан тұсында биліктегі бір дөкейдің ақпараттық сойылын соққан. Қазір олар Қаңтар оқиғасынан кейін саяси алаңға сап етіп пайда болған Болат Әбілевке қызмет етеді. Алдында белсеніп шыққан Әбілев Ақорда жақпен мәміле тапқан соң, пәпігі басылып саяси алаңда көрінбей кетті. Оның белсенділігі де, шетел асқан қаржыны елге қайтару жөніндегі бастамасы президент Тоқаевтың іс-шарасымен қабысып жатыр. Бұл тұста Болат Әбілевтің «ескі оппозиция» екенін, бірақ қазір оны Мұхтар Әбілязов, Бергей Рысқалиев, Қажыгелдиннің тобы жақтырмайтынын еске түсірген жөн. Әрине, үнемі оққағар ертіп жүретін, күзет қойылған үйде тұратын Әбілевке қастандық жасау қиын. Оған сес көрсету үшін Әбілев командасының әлсіз, қорғалмаған тұсынан соққы берген дұрыс. Арандатушылар осы сценариймен әрекет еткендей көрінеді.

Дәл осы секілді Гүлнара Бажкенованы Ескі Қазақстандағы беделді отбасының «нәзік жанды» бір мүшесімен байланыстыруға болады. Бажкенова Жаңа Қазақстан тұсында түбегейлі «жаңарды», «рухани жаңғырды». Әрине, оның бұл қылығын «сатқындыққа» бағалайтындай ескі демеушілері бар. Әрине, журналист мұның түп төркінін ашпайды, тек оқиғаны біржақты «сөз бостандығына қарсы шабуыл» ретінде бағалайды.

Гүлжан Ерғалиеваның билікпен тонның ішкі бауындай байласып қалғанын бәрі біледі. Ол оппозициядан рұқсат алмай, өзімбілерлікке салынып «Свобода слова» газетін Ақордаға сатып жібергенде жұрт жағасын ұстап, таңқалған. Оның қазіргі «Ел-медиасы» Ескі Қазақстанның саяси жобасы Нұржан Әлтаевтің амбициясын қанағаттандыру үшін құрылған. Солай болса да Ерғалиева өзін оппозицияның мүддесін күйттеп жүрген журналистей көрсетеді. Шындығында, ол биліктің емес, оппозицияның оппозициясы.

«Оппозицияның оппозициясы» деген түсінік қазақ қоғамына саясаттың көкжиегіне көз тігіп, анықтап қарауға мүмкіндік бермей тұр. Қазақстандағы саясат, саяси процестер ашық емес, жария емес, саяси үрдіс шаң басқан кілемнің астында жүріп жатқандай әсер қалдырады. Кімнің оппозиция, кімнің билікшіл, қай журналистің саяси технология әдістері бойынша қандай кланға қызмет істеп жатқанын қарапайым халық айыра алмай дағдарып отыр. Қалың тұман басқан саяси аренаны сөз бостандығы мен демократияны желеу еткен журналистер де, жымысқы саясаткерлер де, байлығын саясат арқылы көбейтетін олигархтар да өз пайдасына жаратып жатыр. Мысалы, «жәбірленуші» журналист Егеубаева су жаңа машинаға ақша жинап алды. Ал қарапайым халық «ұрып кетті», өртеп кетті», «қиратып кетті» деген жымысқы саясаттың дабырасына құлақ салып ғана құрқол отыр. Біздің еліміздегі саяси процестердің өкінішті жағы осы. «Сен саясатпен шұғылданбасаң, сенімен саясат шұғылданады» деген ескерту сөз осындай айтылса керек-ті. Сондықтан мың құбылған құйтырқы саяси пиарға сене беруге болмас.

Oraz Alimbekov,

Faceboоk парақшасынан алынды

Айдары: Түтін 20.01.2023 72

Қатысты мазмұн