«Оппозицияшыл журналистің» құпиясы ашылды

none

Өзін оппозицияшыл журналист әрі бүгінгі биліктің бітіспес сыншысы санайтын Ермұрат Бапидың ел біле бермейтін құпиясы ашылды. Журналист Тоқтар Жақаштың әлеуметтік желідегі жазбасына Ермұрат Бапидың билікпен ішкі бауы байласып кеткені, әлсін-әлсін билікпен саяси саудаға баратыны айтылды.

«... Ерекеңнің келіншегінің 20 жылдан астам "Хабар" телеарнасындағы "гүл жайнаған Қазақстан" тележобаларына жетекші болғанын қалай түсінерімді білмей далмын. Қарлығаш көптеген жылдар бойы "Хабар" телеарнасында шеф-редактор, редактор сияқты қызметтер атқарды. Кейінгі жылдардан бері Барманқұлованың "Алма" продакшнында бас редактор, директордың орынбасары міндетін атқарушы қызметтерде. Ал "Алма" продашкн болса, "Хабар" және "Хабарға" қарасты "Қазақ ТВ", "Мәдениет" деген телеарналарға бағдарламалар әзірлеумен айналысады. Айналып келгенде, ерлі-зайыптылар екі полюсте: біреуі осы жүйенің жер-жебіріне жетіп жамандайды, екіншісі айға жеткізе мақтайды. Ал біздің билік ультраоппозицияға жақындығы бар адамды билікке қарасты БАҚ-тың маңайына да жуытпайды. Оппозиция өкіліне жеті атадан әрі жақындығы болмаса, "Хабардың" шарбағынан жеті шақырым жеткізбей, тас атып қууға бар. Осы жағдайдан кейін біз не ойлауымыз керек?» деп таңырқады Тоқтар Жақаш.

Аты басқа газеттердің маңдайшасына «Дат» деген атауды жабыстырып, «оппозициялық газет» шығарып жүрген Ермұрат Бапи билікпен бірнеше мәрте саяси сауда жасапты. Журналист Тоқтар Жақаштың айтуынша, Ермұрат Бапи демократияның басты принципі саналатын сөз бостандығын билікке сатып, содан пайда тауып жүр.

«2009 жылдың сәуірінде «ДАТ-Xmedia» ЖШС-на қарасты «ДАТ-Тасжарған» газеті сотсыз-ақ, өзін-өзі банкрот жариялап жабылып қалды. «Тәйірі, Ермұраттың жабылған бір газеті бұл ғана емес» дерсіз. Келісемін. Енді бір сәт «ДАТ» брендті басылымдардың пайда болу және жабылу тарихының хронологиялық тәртібіне оралсақ.

Ең алғашқы «ДАТ» газетін «Караван» мен КТК телеарнасының басты құрылтайшысы Борис Гиллер 1998 жылы ашқан еді. Рахат Әлиевтің қысымы күшейгесін, Гиллер «Караван» мен КТКны сатады да, «ДАТ» газетін сол уақытта оппозицияға кеткен Әкежан Қажегелдинге береді. Алғашқы бас редактор Шәріп Құрақбай, орынбасары Еркін Сыздықов, жауапты хатшы Ораз Әлімбеков еді. Газеттің екпіні мықты еді. Бірақ сол жылы «Қазақстан» корпорациясының төрағасы Ерлан Сатыбалдиевті сынап мақала басады. Осы мақала газеттің тағдырын шешеді. Сотқа жүгінген Сатыбалдиев Шәріп Құрақбаевтан 5 млн, газеттен 30 млн теңге өндіріп алу туралы шешім шығарып, «жеңіске» жетеді. Сонымен, газет банкроттық жариялап, жабылады.

«ДАТ» атауын бұдан кейін Ермұрат Бапи иемденеді. Ол шығарған «СолДАТ», «Сегодня-ДАТ», «Ақбота-ДАТ», «Колесо-ДАТ», «Иртыш-ДАТ», «Жұма таймс-ДАТ», «Айна-ДАТ», «Тасжарған-ДАТ» кете береді. Былай қарасақ,барлық газет соттың шешімімен жабылған да, жалғыз «Тасжарған-ДАТ» газеті өзін өзі жауып тастады. Ермұрат «Тасжарғанды» не үшін жапты? Өзі айтқандай расымен-ақ, Алматының газет сататын киоскілері жабылғасын қаржы жетіспей қалды ма? Меніңше, мүлдем олай емес! Инсайдерлік ақпарат көздерінен жеткен ақпаратқа сенсек, 2009 жылы президент әкімшілігін басқарған Аслан Мусин бұқара арасында беделі асқақтап кеткен «Свобода слова» мен «Тасжарған-ДАТты» жабудың жолдарын қарастырады. Оны жабудың жалғыз жолы – сатып алу еді. Газеттерді сатып алу бойынша билік жақтан Ермұхамет Ертісбаев, екінші жақтан оппозиция серкесі Болат Әбілов келіссөзге түседі. Тағы да инсайдерлік ақпарат көздерінің хабарлауынша «Свобода слова» - 10 млн долларға, ал «Тасжарған-ДАТ» басылымы 2,5 млн долларға сатылады. Ерғалиева Қарлығаш Жақиянованың сотында «Қарлығашқа берген бір миллион долларды қайдан алдыңыз?» деген сұраққа: «Свобода слованың» акциясының 25 пайызы маған тиесілі еді. Содан түскен ақша» деп жауап берген. Ал қалған 25 пайызы Болат Әбіловке, 50 пайызы Гүлжанның жұбайына тиесілі еді. Сату және сатып алудың ерекше талабы мынандай болды: Гүлжан Ерғалиева да, Ермұрат Бапи да белгілі бір кезеңге дейін басқа басылым ашпауы керек еді. Көл-көсір ақшаның біршама бөлігін Ерғалиева ханым Қытайға барып, пластикалық операциялар жасап, емдеуге жұмсапты. Ал Ермұрат болса, Алматының қақ төрінен – Абай мен Наурызбай көшесінің қиылысындағы элиталық үйден қымбат пәтер сатып алды. Астына жап-жаңа қымбат көлік мінді. Естуімше, қалған ақшасын дүкендер секілді жылжымайтын мүліктерге салған.

Бірақ Гүлжан да, Ермұрат та араға уақыт салып, келісімді орындаудан бас тартты. Президент әкімшілігінен Мусин, кеңесшіліктен Ертісбаев кеткесін «Гүлжан.орг» сайты мен «Адамбол» журналы ашылды. Ермұрат болса, Жармахан Тұяқбаевтың құрылтайшылығымен ашылған Розлана Таукинаның «Общественная позиция» басылымына келіп, оның да төбесіне «ДАТ» деп жазып қойды. Билік бұл екі адамның да уәдеде тұрмаған тайғанақтығын кешіре қоймасы анық. Сол себепті, Ерғалиеваның сайты мен журналы ұзаққа барған жоқ. Екеуі де жабылды. Ал Ермұраттың «Общественная позиция-ДАТ» басылымы әзірше шығып жатыр» деп жазды Тоқтар Жақаш.

«Оппозицияшыл журналист» Ерұрат Бапидің ұстанымына күмән келтіретін оқиға бұл ғана емес. Қоғам тарапынан «биліктің саяси жобасы» деп ен тағылған ЖСДП партиясын Бапидың бірнеше ай басқаруы және одан бір күнде қуылуы оның Ақорда маңындағы саяси технологтармен тығыз жұмыс жасайтын көрсетті. Сол оқиға кезінде Ермұрат Бапи мен оның жақын туыстарының жүздеген мың доллар алғаны жөніндегі қолхаттар жарияланып кеткен болатын. Тайға таңба басқандай дәлелді құжаттардың қандай саяси сауданың берешегі екені жөнінде Ермұрат Бапи мардымды жауап бере алмай қиналған. Журналист Тоқтар Жақаштың зерттеуіне қатысты да «оппозицияшыл журналист» сенімді уәж айта алмады. Ол жауап ретінде өзінің өмір бойы оппозицияда жүретіні жөнінде міндеттеме алмағанын айтудан әріге бармады. Себебі, Бапи шындықтан қашып құтыла алмайтынын түсінсе керек.

Ерасыл Бердібек

Айдары: Түтін 01.10.2020 111

Қатысты мазмұн