Мырқымбайдың құпиясы Ресейге керек пе?

none

Мырқымбай - фирмада күзетші. Әйелі Мырқымбике төрт бала туған, ол – үй шаруасында.Мырқымбике үкіметтен балаларына аз-маз жәрдемақы алады. Мырқымбайдың бұрынғы әйелінен бір бала бар, оған әкесі алимент төлейді. Мұны Мырқымбике білмейді.

Мырқымбайдың жұмысындағы бухгалтер 1S деген ресейлік компанияның платформасында тұрған бағдарламаны пайдаланды. Есеп-қисап бағдарламасы жалақы беретін күні автоматты түрде Мырқымбайдың алиментін бұрынғы әйеліне жібереді де, салық төлеуден қалған ақшаны жұмыскердің есепшотына аударады. Бұған Мырқымбай дән риза.

Былтыр коронавирусқа байланысты фирмада жұмыс тоқтап қалды. Мырқымбай да жұрт қатарлы үкіметтен 42500 теңге көмек алмақшы болған. Ол электронды үкіметке – eGov-қа жүгінген. eGov бағдарламасы мыңдаған сұрауды бір мезетте қорыта алмай тұралап қалды. Сонда Мырқымбай есесі кетіп қалатындай қатты абыржыды.

Карантин кезінде жұмыссыз қалған жұртқа үкіметтен жәрдем әперу үшін Ресей азаматы құрастырған телеграм желісі мен грузин басқаратын Каспи банк көмекке келіп, тұралап қалған eGov-тың жұмысын жеңілдеткендей болды. Мырқымбай телеграм арқылы қазақ үкіметінен ақшалай көмек алды. Ол ақшаны түгел бұрынғы әйеліне жіберіп, баласының туған күніне жасқы сыйлық алып беруді тапсырды. Мұны Мырқымбике білмейді.

Биыл Мырқымбай қарызданып-қауғаланып жүріп тозығы жеткен ескі машина сатып алды. Оны өз атына жаздырып, мемлекеттік жаңа нөмір алу керек. Халықққа қызмет көрсету орталығына (ХҚО) баруға Мырқымбайдың уақыты жоқ – жұмыстан шыға алмайды. ХҚО-ға барса, кезекте ұзақ тұрып, сонда айналшыққтап қалуы мүмкін. «Жұмысыңды тез бітіріп берем» деп пара сұрайтындар алдынан шыға келсе, не істейді?! Электронды үкімет есіне түскен Мырқымбай оқушы баласына қолқа салып, машинасын интернет арқылы рәсімдеп беруге көмек сұрады. Жұрт ұйқыға кетті-ау деген мезгілде баласы екеуі eGov-қа кірмекші болған, сөйтсе, бағдарлама айналшықтап тағы да дұрыс жұмыс істемейді. Сасқалақтап қалған Мырқымбай түн ортасында балдызына ватсаппен хабарласты. Оның айтуынша, каспи банк сайтындағы бағдарлама арқылы кейбір қызмет түрін оңай алуға болады. Бұл бағдарлама азаматтардың өтінішін топтастырып eGov-қа жібереді де, тезірек жауап алып береді екен. Ал тұралап әбден ескірген, шабан платформада тұрған eGov-қа Мырқымбай тікелей өзі жүгінсе, жауап алуға көп уақыт кететін еді. Мырқымбай машинасын да осы тәсілмен тез рәсімдеп алды, күндіз бір сағат уақыт тауып ХҚО-да үкімет дайындап қойған мемлекеттік нөмірді шауып барып алып келіп, көлігіне қадап қойды.

Жақында Мырқымбай телефоны тозған соң Қытай компаниясы шығарған су жаңа смартфон алған. «Қытай осы телефон арқылы сенің құпияңды біліп отырады» деген сөзді құлағына қыстыратындай Мырқымбайдың шамасы жоқ. Айфон мен самсунг смартфондары удай қымбат. «Менің құпиям Мырқымбикеден басқа кімге керек» деп іштей күбірледі де, қолы жеткен қытай смартфонын ала салған.

Жақында Мырқымбай түнгі күзетке ауысты. Түнгі күзетте уықыт өтпей кетеді. Мырқымбай фирманың интернетіне жалғанып алып смартфонынан кино көреді, оны-мұны ақпарат іздейді, оқиды. Бәрі - орысша, Мырқымбай орысшаны шала-жансар түсінетініне тәубе деп жүр. Кейде ол порно фильмдер көреді, жалаңаш қыздардың суретін қызықтайды. Мұны Мырқымбике білмейді.

Мырқымбай түнгі күзетте жүріп интернет арқылы әлеуметтік желіде ерігіп отыратын кексе бір әйелмен танысқан. Кейін екеуі махаббатқа ұқсайтын әңгімені ватсап желісі арқылы гөйіте бастады. Әзірге «сүйем, сені сағындым, жаным» деген сөзден әріге барған жоқ. Мұны да Мырқымбике білмейді.

Жақында Мырқымбай әлеуметтік желіге кіріп қалса, жұрт «қазақ үкіметі ресейлік Сбербанкпен келісім жасапты, eGov-ты сол банктің бағдарламалық платформасына қояды екен, енді біз туралы деректерді және жеке құпиямызды Ресей біліп отыратын болды» деп байбалам салып жатыр. Мырқымбай қыңған жоқ. «Менің құпиям АҚШ-қа, Қытайға, Ресейге керек пе, Мырқымбикеден басқа..., eGov ылдым-жылдым істеп, әжетіме жарап тұрса, жақсы емес пе» деп іштей күбірледі де, Мырқымбай яндекс, гугл секілді браузерлер арқылы қызық кино іздеп кетті...

Ораз Әлімбеков

Айдары: Текемет 17.09.2021 149

Қатысты мазмұн