
Белсенді Жанболат Мамайдың адвокаты Конституциялық сотқа шағымданды. Шағымда сот процесі кезінде белсендінің қорғану құқығы бұзылғаны жазылған. Бұл туралы 11 қыркүйекте оның әйелі, қоғам белсендісі Инга Иманбай Facebook парақшасында жариялады.
Адвокат Ернар Кенжебаев шағымда 2023 жылы қаңтарда Жанболат Мамайға "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру" бабы бойынша қайта айып тағылғанда қылмыстық процестік кодексте белгіленген кейбір процедуралар сақталмағанын айтады. Шағымда "жаңа айыптау бойынша тергеу әрекеттерінің аяқталғанын хабарламады" делінген.
"Сот отырысы кезінде жаңа айыптау актісін ұсыну - Жанболаттың құқығы мен бостандығын сотта қорғау кезіндегі конституциялық құқықты шектейді", - дейді Ернар Кенжебаев.
2022 жылы қазан айында Инга Иманбай "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды" деген айып "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзу" (400-бап) бабымен алмастырылғанын хабарлаған. Алайда 2023 жылы 26 қаңтарда белсендінің ісі бойынша кезекті сот отырысында Мамайға Қаңтар оқиғасы кезінде "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды" деген айып қайта тағылғаны белгілі болған.
"Сот тарапынан басқа да заң бұзу әрекеті болды. Қылмыстық процестік кодекстің 390-бабына ("Соттың үкiм шығару кезiнде шешетiн мәселелерi") сәйкес, судья сот процесі кезінде айыптау тарабы қылмыс болғанын дәлелдеді ме және сотталушы оны жасады ма деген сұрақтарға жауап алуы керек. Ал судья айыптау тарабы әкелген айыпты ғана тексерді. Егер судья ол тарапқа айыптау актісін сот процесі кезінде өзгертуге мүмкіндік берсе, ол қылмыстық процестік кодекстің 390-бабында көрсетілмеген әрекетті жасағаны", - дейді адвокат.
Ернар Кенжебаев Конституциялық сот шағымды кері қайтарса, Жоғарғы сотқа кассациялық шағым түсіретінін айтты. Жанболат Мамайға биыл 10 сәуірде "Қаңтар оқиғасы кезінде жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды", "билік өкілін қорлады", "жалған ақпарат таратты" деген айыптар бойынша алты жыл шартты жаза кесілген еді. Үкім бойынша осы уақыт аралығында журналистік және қоғамдық саяси жұмыстармен айналысуға тыйым салынған.
Инга Иманбай Facebook парақшасында Жанболат Мамайға сот белгілеген шектеулер оның азаматтық және саяси құқықтарын таптау деп санайтынын жазған. Оның айтуынша, Конституциялық сотқа түсірілген шағымнан бөлек, Жанболат Мамайдың өзі Бостандық аудандық сотына қоғамдық-саяси және журналистік қызметпен айналысуға тыйым салу жөніндегі үкімді нақтылау туралы өтініш жазған. Өтініште Жанболат Мамайдың құқық қорғау қызметімен айналысуына және Қазақстан азаматы ретінде сұхбат беруіне құқығы бар ма, жоқ па деген сұрақтар қойылған. Сот отырысы 15 қыркүйекке онлайн режимге белгіленген. 29 маусымда Алматы қаласының апелляциялық соты "Қазақстанның демократиялық партиясы" тіркелмеген ұйымының жетекшісі Жанболат Мамайға шыққан сот үкімін өзгеріссіз қалдырған.
Жалпы өздерін оппозиция деп есептейтін белсенділердің арасында Мамайға шыққан үкім - қазіргің президенттің мерзімі аяқталмай тұрып, президентке қарсы шығатын адамның саяси аренаға шығуына жол бермеу шарасы деген пікір бар. Басқалар Н.Назарбаев тұсында басталған «Мамай» жобасы қазіргі Ақорданың ұстанымына қайшылыққа келді деп есептейді. Сондықтан жобаның тағдыры әзірге күмәнді.