Мамай саяси жоба ма?

none

Партия құрамын деп жанығып жатқан журналист Жанболат Мамай жастығына қарамай мол тәжірибе жинаған, үш тілге жетік шешен саясаткер. Аумалы-төкпелі саяси процестердің тезінен өтіп әбден шыңдалған, жұртты өзіне қарата алатын лидерге тән қасиеті бар. Бірақ, «Мамай Қосанов сияқты Ақорданың кезекті жобасы ма?» деген сұрақ маза бермейді. Мұның себебі бар. «Партия құрамыз» деп мәлімдеме жасаған баспасөз мәслихатында «оппозицияның сұр кардиналы» аталатын Төлеген Жүкеевтің Жанболат Мамайды қолдап ашыққа шығуы күдік туғызып тұр.

Оқырманның есінде болса, Жаңаөзен оқиғасынан (2011 жыл, желтоқсан) кейін, 2012 жылы Алматыда тұратын бірнеше саясаткер қамауға алынды. Олар: Владимир Козлов, Серік Сапарғали, Болат Атабаев және Жанболат Мамай. Олар қанды қақтығысқа алып келген Жаңаөзен оқиғасын қоздырды деп айыпталған. Нәтижесінде, әбілязовшіл В.Козлов ұзақ мерзімге сотталып кете барды. Серік Сапарғалидың түрме жазасынан қалай құтылғаны белгісіз болып қалды. Театр режиссері Б.Атабаевты тергеу изоляторынын алып шығып, шарты жазаға көндірген кино режиссер Ермек Тұрсынов болатын. Ал Жанболат Мамайды қапастан алып шығумен Төлеген Жүкеев шұғылданды. Ол осы мәселеге қатысты сұхбат берген баспасөз мәслихатында Мамайды түрме жазасынан араағайындық жасап арашалап қалу үшін «жоғары лауазымды шенеунікпен» келіссөз жүргізгенін айтқан. Бірақ Жүкеев сол кезде «жоғары лауазымды шенеуніктің» атын атамай қойған.

2017 жылы оппозияшыл «Трибуна» газетін шығарып жүрген Жанболат Мамайдың басы тағы даулы іске шатылды. «БТА банкті үптеп кеткен Әбілязовтың ақшасын газет шығару арқылы заңдастыруға (100 мың доллар шамасындағы қаржы) қатысты» деген күдікпен Алматыда қамауға алынған. Журналисті ауыр жазадан арашалап қалуға тағы да Т.Жүкеев атсалысқаны белгілі. Ж.Мамай жеті айдан кейін, яғни 2017 жылдың 7 қыркүйегінде сот үкімімен бостандығы 3 жылға шектеліп, абақтыдан босатылды. Үкім бойынша, Жанболат Мамай 3 жыл бойы журналистикамен шұғылдануға тиым салынды. Бірақ, Жанболат Мамай 2018 жыл бойы архивтерді аралап, журналистік зерттеу жасап, 20-ғасырдың бас кезінде Қазақстанда болған ашаршылық туралы деректі фильм дайындады. Бір сағат 25 минутқа созылған бес бөлімнен тұратын "Зұлмат" деректі фильмі Алматыдағы "Арман" кинотеатрында 2019 жылдың басында көрсетілді. Бұдан кейін ол "Сталин қылмысы: Ұлт зиялыларын қалай қуғындап, түбіне жетті" атты деректі фильм түсіруге көшті...

Саяси партия құру мен оның аймақтардағы филиалдарын қаржыландырып тұру оңай шаруа емес. Мысалы, оппозицияшыл ЖСДП-ның бір айлық саяси өміріне 30 мың доллар жұмсалатынын экономика саласы бойынша білім алған Мұхтар Тайжан айтқан болатын. Әрине, ЖСДП-ның бұрынғы төрағасы Жармахан Тұяқбай қоғамға желі тартып алған, жақын туыстарының қолында бизнес бар, өзі де жоқ-жұтаң адам емес. Ал Жанболат Мамайдың қолдаушысы Төлеген Жүкеевтің асып-тасып бара жатқан байлығы жоқ. Сондықтан, «Жанболат Мамай партия құрған жағдайда оны кім қаржыландырады?» деген сұрақ көптің көкейіне күдік ұялатып тұр.

Ерасыл Бердібек

Айдары: Түтін 18.10.2019 90

Қатысты мазмұн