Мамай 10 жылға қамалуы мүмкін

none

10 маусымда Алматының мамандандырылған ауданаралық соты тіркелмеген "Демократиялық партияның" жетекшісі Жанболат Мамайдың қамау мерзімін төрт айға ұзартты. Енді ол 9 шілдеге дейін күдікті ретінде қамауда болады. Қамау мерзімін ұзартуға тергеуші өтініш берген. Желіде онлайн сот отырысының видеожазбасы жарияланды.

"Тергеу тобының жетекшісі Литвиненконың күдікті Мамай Жанболат Мамайұлын қамау мерзімін төрт айға, яғни 9 шілдеге дейін ұзарту туралы өтініші қанағаттандырылсын" деді үкімді оқыған судья.

Мамайдың әйелі, белсенді Инга Иманбайдың айтуынша, Жанболат Мамайдың қамау мерзімін ұзарту үшін тергеу органдары қамау мерзімі бітетін күннен кем дегенде 15 күн бұрын сотқа арыз жазуы керек болған, ал арыз 31 мамыр күні жазылған. Яғни тиісті мерзім сақталмаған.

"Жанболат заңсыз саяси себептермен түрмеде отырғаны аздай, тергеу органдары жіберген қателікті тура көрсеткен адвокаттың сөзін жоққа шығарып, еш түсіндірместен, тергеу органдарының қателігіне еш баға берместен, судья Жанболатты тағы бір айға қамап тастады" деді Инга Иманбай.

Тіркелмеген "Демократиялық партия" жетекшісі, 34 жастағы Жанболат Мамай биылғы 26 ақпаннан бері қамауда жатыр. 6 мамырда сот оның қамау мерзімін 12 маусымға дейін ұзартқан. Белсендінің жақтастары бұл істердің саяси астары бар деп санайды.

Қамауға дейін Мамай Қылмыстық кодекстің екі бабы: "Билік өкілін қорлау" (378-бап) және "Жалған ақпарат тарату" (274-баптың 2-тармағы) баптары бойынша айыпталып, күдікті ретінде тергеліп келген. Қамалған соң оған Қаңтар оқиғасына байланысты тағы екі бап бойынша айып тағылған. Ол "қару қолдану, қирату, өртеу жолымен жаппай тәртіпсіздік жасады" (272-баптың 1-тармағы) және "төтенше жағдай кезінде жаппай тәртіпсіздік жасады" (274-баптың 4-тармағы) деген күдікке ілінді.

Айыпты деп танылса Жанболат Мамай 10 жылға дейін бостандығынан айыру жазасына кесілуі мүмкін.

Айдары: Түтін 10.06.2022 107

Қатысты мазмұн