Мәжіліс «Масс-медиа туралы» заңды қабылдады. Не өзгертілді? Не болады?

none

Мәжіліс «Масс-медиа туралы» заңды және кейбір заңнамалық актілерге масс-медиа мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейтін заңды екінші оқылымда қабылдады. Масс-медиа туралы заңға өзгерістер енеді деген сөз шыққанда, қоғам, әсіресе БАҚ өкілдері қызу талқылады. Мен де сондай бірнеше жиынға қатыстым. Бірі мұндай заң керек емес десе, енді бірі заңдағы жаңа өзгерістер қазақ медиасы үшін үлкен мүмкіндікке жол ашады деді.

Енді нақты деректерге сүйене отырып, мәселенің ақ-қарасын ажыратайық. Біріншіден, 2025 жылдан бастап мемлекеттік тілдегі телерадио бағдарламалары мен отандық медиа өнімнің көлемі 55%, ал 2027 жылдан бастап 60%-ды құрауы тиіс. Бұл талап «Масс-медиа туралы» заңмен бекітілді. Енді отандық телеарналар мен радиода қазақтілді бағдарламалардың саны артады. БАҚ осы талапты орындауы тиіс. Бұл қазақ тілінің мәртебесін көтеруге бағытталған. Ал ақпарат алудың басты көзі – массмедиадағы бағдарламалардың басым бөлігі қазақ тілінде болса, бұл қазақ тілінің дамуын жылдамдатады.

Осы тұста жаңа өзгерістерге сәйкес, шетелдік теле-радио арналардың бағдарламаларын қайта көрсету арқылы хабар тарату көлемі 20%-дан 10%-ға дейін қысқартылады. Демек, отандық арналардан тарайтын ақпарат отандық өнімдер мен қазақтілді контентке басымдық беретін болады. Бұл бұрыннан айтылып жүрген мәселе, алайда енді бұл заң бойынша талап етіледі.

Екіншіден, БАҚ материалдарының ескіру мерзімі бір жыл болып белгіленеді. Бұл БАҚ қызметкерлерінің құқықтарын қорғау үшін керек. Бірінші оқылымдағы заң жобасында үш жыл деп белгілеу ұсынылған, талқылау нәтижесінде ескіру мерзімі бір жылға дейін қысқартылды. Журналистер осыны сұрап келе жатқанына біраз болды. Әйтпесе, 9-10 жыл бұрынғы мақала үшін соттасатындар көбейіп кетті. Журналистерді осындай қиындықтан құтқару үшін ескіру мерзімі қысқартылды. Дәл осындай ереже әлемнің бірқатар елдерінде бар.

Үшіншіден, БАҚ-тың, журналистердің сұрақ-өтінішіне жауап беру мерзімі бес жұмыс күніне дейін қысқартылды. Мысалы, БАҚ өкілі қандай да бір мемлекеттік органның баспасөз бөлімінен ақпарат сұратса, олар 5 күн ішінде жауап беруге тиіс.

Төртіншіден, заңға сәйкес, барлық сайттар интернет-басылымдарға теңестіріледі. Массмедиа жайлы жаңа заңда желілік басылымдар мен ақпарат агенттіктерін интернет-басылым деген терминмен белгілеуге болады. Өз кезегінде олар БАҚ-тың бір түрі ретінде заң аясында тіркеле алады.

Енді көп талқыланып жатқан мәселеге – аккредитациялауға келсек. Жаңа заңға сәйкес егер журналистердің қызметі Қзақстаннның ұлттық қауіпсіздігіне қатер төндірсе, оларды аккредиттеуден Сыртқы істер министрлігі бас тартуға құқылы. Бұл елдегі ақпарат алаңын сыртқы күштер мен мүдделі топтардың ықпалынан қорғау мақсатында енгізілді.

Төртінші билік саналатын бұқаралық ақпарат құралдарының қызметінің заңда белгіленуі – журналистердің және елдегі ақпараттық алаңының қауіпсіздігі үшін жасалды.

Ораз Әлімбеков

(материал Фейсбук парақшасынан алынды)

Айдары: Төбе 23.04.2024 67

Қатысты мазмұн