Қырымбек Көшербаев өзін көшкен керуендей көреді

none

Қызылорда облысының әкімі Қ.Көшербаев өзін көшкен керуендей көреді ме деген ой бізге оның халықпен есептік кездесуінен кейін келді. Әкім Қызылорда облысына келгелі биыл үшінші рет есеп берді. Алғашқы екі жылда көкейдегі сұрағымызды бере алмай, қапы қалғанбыз. Сұрақ беру кезегі келіп тұрғанда микрофонды тұмсығымыздың астынан жұлып алып, “сұрақ-жауап тоқтатылсын” деп жариялаған еді. Бірінші жылғы кездесудегі бере алмаған сұрағымызды газет бетінде жариялап, оны ресми түрде әкімге жолдағанбыз. Ол кісі біздің сұрағымызға жауап беруді керек деп таппады. Екінші жылғы кездесуде зал ішіндегі әкімнің қызметкерлері біздің сұрақ бермеуімізді қиылып сұраумен болды. Олар бізді келісімге келуге шақырды. Біз олардың өтінішімен сұрақты тікелей залдан емес, кейіннен жазбаша беруге келіскендей болып, бірақ микрофонға кезегімізбен жақындай бергенбіз. Кезек тура бізге келгенде сұрақ беру тағы да тоқтатылды. Өзіміздің “кінәмізді” білгендіктен, кейін сұрағымызды жазбаша жолдамадық.

Бірінші жылы ол кісінің Маңғыстаудан келген беті болатын. Сондықтан Жаңаөзен туралы білмекші болғанбыз. Ондай қырғынның бізде де орын алмасына әкім ретінде қандай кепілдігі, яғни, қандай алдын алу шаралары барын сұрағанбыз. Жоғарыда айтқанымыздай ол сұрақты қоярда-қоймай баспасөз арқылы берсек те, жауапсыз қалдырды.

Міне, биыл үшінші жыл. Биыл облыс әкімдігі әкімнің есеп беру қарсаңында халықтың сұрақтары үшін жер-жерге жәшіктер қойыпты. Біз сұрағымызды қағазға түсіріп, сол жәшіктердің біріне салдық. Жауап болмайды деп ойлаған жоқпыз. Сөйтіп әкімнің жауабын алуға, бір жағы есепті тыңдауға есептік кездесуге бардық. Бірақ әкім бұған да жауап бермеді.

Сұрақтар аймақтағы еңбек заңдылықтарының сақталмауы, атап айтқанда кәсіпорындарда айлық еңбекақының уақтылы берілмейтіндігі, еңбекшілерді “ақысыз демалысқа” заңсыз шығару үрдісі кең етек алып, қалыптасқаны, аймақтағы шетелдік кәсіпорындардың әлеуметтік теңсіздіктерге жол беруі туралы еді. Тіптен солардың ең сорақыларын, яғни жылдап еңбекақы төлемегендерін дағдарысқа қарсы штабтың құрамында әкімнің өзі қарағанын, бірақ соңғы нәтижесі халыққа хабарланбағандықтан, сол туралы әкімнің өзінен білгіміз келетінін жазғанбыз. Жауап болмады. Облыс әкімі бұл сұрақтарды өзіне қатысы жоқтай көрді ме, жоқ айтар жауабы болмады ма? Жоқ, әлде, басқа бір себебі бар ма? Сұрақ партияның атынан берілген болатын. Бәлкім бұл билікке оппозициядағы партияны мойындағысы келмегені шығар. Алайда, партия оппозициялық болғанымен, қойылған сұрақ халықты толғандырып жүрген мәселелердің қатарынан еді. Яғни, халықтың сұрағы деп қабылдануы тиіс болатын. Ол үміт ақталмады. Сөйтіп, әкімге қолайсыз сұрақ қоямыз деп, керуенге үрген иттің кебін кигендей болдық.

Біз “бақталастық не дегізбейді” деп өзімізді жұбатармыз. Ал, бұған еңбекші халық не дейді? Соңғы есепті кездесуінде әкім оларды “өздеріңнің құқықтарыңды білмейсіңдер” деп сөккені бар. Біздің халықтың өз құқықтарын білмейтіні рас. Жұмысқа кірерде бұйрықтың қалай берілгені, келісім-шарттың қалай жасалғаны ешкімді де қызықтырмайды. Жұмысқа кірсе - болды, соған да риза. Әкім мұны тек құқық білмегендіктен деп санайды. Мұны толық түсіну үшін баяғының патшаларындай болып, жұмысшының киімін киіп, айлап жарып тамақ ішпеген жүдеу күйінде жұмыс берушіге келіп, жұмыс сұрап көру керек қой, қазіргі әкімдерге. Сол кезде бұлай жазғырмас еді халықты. Өресі жетпеген жерді көзімен көрсе, бәрі анық болар еді дегенім ғой. Әйтпесе, өзі өлдім-талдым деп, осы жұмысқа жеткеніне де шүкір деп тұрған бейбақтың жартықұдай бастыққа “келісім-шарт жасайық, бұйрықты дұрыстап бер” деп шіренуге мұршасы болмайтыны, айта қалса, ешкімнің мұны айналып-толғанбайтыны, енді жеттім бе деп тұрған жұмысынан да айрылары облыс әкімінің ойына қайдан келсін. Мұны білмеген жан, дәл осы жерде күрделі әлеуметтік мәселелердің түйіскенін де түсінбейді.

Елдегі жұмыссыздықтың деңгейін ресми статистикадағыдай көреді. Жұмыс іздеп тентіреген халықтың босып жүргенін, сол себепті жұмыс берушінің жұмысшыны жұмысқа қабылдарда заңды белден басарын, жұмысқа қабылданушының мұнымен амал жоқ келісерін, келіспесе, жұмыссыз өтерін, оның орнына онан гөрі “көнбіс” жұмысшының 10-ы келерін түсінген кісі осы түйткілді мәселелердің барлығын “құқық білмеушілікке” ысыра салмаған болар еді. Яғни, барлық әлеуметтік мәселелер үшін еңбекші халықты жазғырмас еді. Әлеуметтік түйткілді мәселелер туралы сұрақтарға түсіністікпен қарап, оны шешудің жолын іздер еді. Өкінішке орай, облыс әкімі бұлай етпеді. Бұл дағдарыстың белең алып тұрған кезіндегі жағдай. Бұл тұс - біз көтерген мәселенің өзектілігі еселеп артар тұс. Осы кезде мән берілмеген мәселе, ертең “есегі көпірден өтіп кеткен соң”, яғни, дағдарыстан соң тіптен ескерілмесі түсінікті. Ендеше әлеуметтік жағдайды жақсарту туралы әкімнен үміт күткеніміз қалай болар екен?

Абдулла Шаханов

Қызылорда облысы

Айдары: Бақ-бақ 02.03.2015 33

Қатысты мазмұн