Қажылық құны арзандай ма?

none

Қаңтар айының басынан бастап Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Бас мүфти Наурызбай Өтпеновтің Сауд Арабиясына сапарын жақсы жаңалық ретінде жарнамалап жатыр. Ол Сауд Арабиясының Қажылық және ұмра министрі Тауфик ибн Фаузан ар-Рабиамен кездесіп, қазақстандық қажыларға қолайлы болатын әлдебір құжатқа қол қойыпты. Осы құжат негізінде бұдан былай қазақтарға қажылық жасау құны арзандайды-мыс.

«Мыс» деп мысқылдаудың себебі бар. Ақиқатында, Бас мүфти Наурызбай Өтпенов қажы атанғысы келетін қазақстандық мұсылмандардың қамын жеп, «арқа еті арша, борбай еті борша» болып шапқылап жүрген жоқ, ол ақпанда қызметінен кететінін түсінген соң, «көштен қалсам да аштан қалмайын» деп қарабасын күйттей бастады. Оның Сауд Арабиясына баруының негізгі себебі – қазақстандықтарды қажылыққа апарып келетін, осы салада монополия ұстап отырған «Tawaf Travel» туристік компаниясының мүддесін күйттеу.

«Tawaf Travel» экс-мүфти Ержан Малғажаұлының тұсында құрылған. «Tawaf Travelдің» алғашқы басшысы - Жанділлә Бекжігітов, ол Өзбекстандағы нақышбанды (Өзбекстанның бейресми діні) сопылар киелі орын санайтын Күш ата ауылының тумасы (Наурызбай Өтпеновтің тонның ішкі бауындай Өзбекстанмен байланысып жатқаннын келесіде жазамыз).

Экс-мүфти Серікбай Ораз Жанділлә Бекжігітовті «Tawaf Travelден» жұлып алып ҚМДБ-ның қажылық бөлімінің басшысы етіп жұмысқа алды. Дегенмен, мүфтият маңында жүрген құпия дереккөз Жанділләні мүфтиятқа жанын жалдап тартып әкелген Наурызбай Өтпенов екенін айтады. «Tawaf Travel» о бастан Наурызбай қажының пайдасына жұмыс істеп келеді.

Халықты қажылыққа апаратын туристік компаниялардың арасындағы бәсекені жою үшін, қажылықтан түсетін пайданы өзіне туалай бұрып қою үшін Бас мүфти Наурызбай Өтпенов 2021 жылы тағы бір «заң» шығарды. Бас имамдарға жолданған бұл құжаттың мәтінін дайындаған - «Tawaf Travelдің» экс-басшысы, ҚМДБ қажылық бөлімінің меңгерушісі Ж.Бекжігітов, ал құжатқа қол қойған ҚМДБ аппарат басшысы Ғ.Мажиев.

Бас имамдарға жолданған әлгі хатта «Tawaf Travelден» басқа компаниялар қажылық талаптарын орындамайды-мыс, «мынау компания дұрыс» дегеннің өзінде бас имам ол мәселені мүфтиятпен келісуі тиіс екені жазылған. Қарабасының қамын күйттеген Бас мүфти осылайша Қазақстан республикасының орта және шағын бизнестегі әділ бәсекелестік қамтамасыз ететін заңсыз монополияға қарсы күрес жөніндегі заңын аяқасты етіп, үй ішінен үй тігіп (мемлекет ішінен мемлекет құрып), зайырлы мемлекеттің тұтастығына қауіп төндіріп тұр.

Сауд Арабиясы биылғы үлкен қажылық үшін Қазақстан мұсылмандарына 4 мың квота берген. Қазақтардың рухани өміріне паразит секілді жабысып алған «Tawaf Travelдің» сонша адамды қажылыққа апарып-әкелуге шамасы келмейді. Сондықтан, қазақстандықтардың қажылық сапарына басқа да туристік компаниялар да атсалысады. Мүфтият маңындағы құпия дереккөз әлгі компаниялар «Tawaf Travelдің» экс-басшысына кемі 15 мың доллар беретінін, сонда ғана жұмыс істеуге рұқсат алатынын айтады. Олай жасамаған туристік компания «қажылық бизнестен» қағылады. Әрине, басы артық мұндай шығынның ауыртпалығы қазақстандық қажылардың қалтасын түседі. Қажылық құнының қымбат болуы да осындай заңсыз істерге байланысты. Сондықтан, Бас мүфтидің Сауд Арабиясында жасаған келісімінен қазақстандықтар ұтпайды. Мұны дәурені аяқталып келе жатқан Наурызбай қажының «көштен қалсам да, аштан қалмайын» деген жандалбасасы деп түсінген жөн.

Oraz Alimbekov,

Faceboоk парақшасынан алынды

Айдары: Түтін 13.01.2023 110

Қатысты мазмұн