Қазақстан және ЛГБТ. Не істеу керек?

none

Қазіргі таңда Қазақстан жұртшылығы дәстүрлі емес жыныстық бағдарға алаңдайтын жағдайға келді. Жаһанның дамыған елдерімен терезесі тең, демократиялық ел болу үшін адамдарға тумысынан тән, кепілдік берілген барлық құқықты мойындау керек. Бірақ жынысын таңдауға адамдар ерікті ме? Дәстүрлі көзқарас ұстанатын адамдар үшін бұның қиын екені анық.

Мысалы, биыл көктемде ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ардақ Назаров үкіметті өткен жылы Ресейде қабылданған ЛГБТ өкілдеріне қатысты заңға ұқсас Қазақстанда да тыйым салатын заң нормаларын әзірлеуге шақырғаны белгілі. Назаров премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгіновке жолдаған сұратуында, атап айтқанда, ЛГБТ тақырыбындағы фильмдер мен сериалдарды көрсетуге және насихаттауға тыйым салу, білім беру ұйымдарында ұлттық құндылықтарды дәріптейтін сабақ енгізу қажеттігін айтты. Назаровтың мәлімдеуінше, ЛГБТ идеологиясы «қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүрі мен ұлттық құндылықтарын жоюға бағытталған және ұлттың болашағына қауіп төндіреді.

Ал 7 сәуірде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы 2022 жылғы 24 ақпанда шығарған біржынысты қатынасты «харам» деп жариялаған пәтуасын жаңартып шығарды. Онда ҚМДБ «әлеуметтік желілерде ашық үгіт-насихат жүргізіп, қоғамымызға біржынысты қатынасты таратуға тырысатын» «ЛГБТ+» жақтастарын айыптады.

Осы тақырып өздерін дәстүрлі және озық ойлы деп бөлетін адамдар арасындағы пікірталастың аяқталатын түрі жоқ, ата-аналар да алаңдаулы. Бірақ кез келген нәрсеге байыппен қарап, ортақ шешімге келуге болатыны анық. Демократиялық зайырлы ел боламыз десек, жалпы адами құндылықтарды, адамдарға жаратылысынан тиесілі ой, таңдау еркіндігін мойындауымыз керек. Адам өсе келе саналы түрде жынысын өзгертемін десе – өзінің құқы. Бұл дәстүр бойынша азғындықтың нышаны емес, гормондық ерекшеліктің нәтижесінде қабылданған шешім болуы мүмкін. Конспирологиялық ойларға сүйенетін адамдар бұл жер бетіндегі халықтың санын қысқартудың амалы деп те айтады, бұл жағынан жалпы адамзат алаңдамаса болады – саны қысқарып отырған жоқ. Темекі тарту-тарпау, алкоголь ішу-ішпеу сияқты мәселелер бойынша ұлттық деңгейде шешім қабылданбайтын сияқты, жыныстық тұрғыда қандай өмір салтын ұстанатынын әр адам өзі шешсе керек.

Мәселе отбасындағы тәрбиеге келіп тірелетін сияқты. Осыған орай үйінде өсіп келе жатқан балаларына алаңдап, болашақта немере сүйгісі келетін ата-ананы да түсіну керек. Ақыл тоқтатпаған, оң-солын білмейтін жастар қазір көзін үлкейтіп, үстіңгі қабақ жасату, жалпақ бетін сопайту, ернін силиконға толтыру және т.б. операция жасау сияқты, жыныс мүшелерін қалауынша ауыстырып отыруды әдетке айналдырмаса дейміз. Бұл әбден ойланып қабылданған шешім болу керек.

Барлық назарды жыныстық қатынас үлгісіне аударып, «Еркек немесе әйел болғың келе ме?», «Саған әйелдер ұнай ма әлде еркек жыныстыны таңдайсың ба?» деп жарнамалау, әлбетте, орынсыз. Адамдар туылғанда жынысы анықталмаған, матрицасы жазылмаған объект емес. Амеба, инфузорияға да жатпайды. Мұны сәндікке айналдырудың, шеру жасап айғайлап жатудың еш қажеті жоқ. Мұндай таңдау жасау қажеттілігі туындаса, өз ортасында, отбасының ішкі мәселесі ретінде мәдениетті түрде шешілу керек. Сондықтан ойлау, таңдау еркіндігін мойындап, құрметтеу бір, жыныстық өмірдің басқа баламасы бар деп жас ұрпақтың миына құю, әлбетте, дұрыс болмайды.

Айдары: Бақ-бақ 11.07.2023 74

Қатысты мазмұн