«Қарыз күліп келіп, жылап қайтады» ма?

none

Қытай қазақтары мен оралмандар проблемасымен шұғылданатын «Атажұрт жастары» ұйымының жетекшісі Қыдырәлі Оразұлы жас кәсіпкер Нұрқабыл Оқайдан алған 1 млн теңге қарызын созбалаққа салып жіберді. 2019 жылдың 13 қарашасында екі тараптың полицияда беттесуінен кейін Қыдырәлі Оразұлы жазып берген қолхат бойынша 1 млн теңгені ол 2020 жылдың 1 ақпанына дейін Нұрқабыл Оқайға түгел қайтарып беруі тиіс еді. Алғашқы екі айда 300 мың теңгеден, үшінші айда қалған 400 мың теңгені төлеп, қарызын толық өтеуге міндеттеме алған.

text

Алайда Қыдырәлі Оразұлы қолхат берген айда қарызын өтеуді бастаған жоқ. Ол 2019 жылдың 20 желтоқсанында 300 мың, 2020 жылдың 13 қаңтарында 200 мың теңге, 8 наурызда 50 мың теңге аударды. Қарыз берушінің өкпе-ренішті сөзінен кейін ол бүгін 50 мың теңге аударып отыр...

text

Үнемі қазақи тақия киіп жүріп қоғамға танылған Қыдырәлі Оразұлының 1 млн теңге қарызын қайтармай кету пиғылы о баста болған. Бұл оқиға 2019 жылдың 10 қазанынан басталады. Нұрқабыл Оқайдың айтуынша, АҚШ-қа сапарламақ болған Қыдырәлінің виза алуына қиындық туады. Виза беру шарты бойынша, ол есепшотында қомақты ақша барын дәлелдейтін банк анықтамасын елшілікке тапсыруы тиіс. Сондықтан Нұрқабыл Оқайға 20 минут мерзімге 1 млн теңге қарыз бере тұруын өтінеді. Екеуі Каспибанкте кездесіп, Нұрқабыл оның есепшотына сұраған ақшасын салады да, банк анықтамасын алу кезегіне тұрады. Анықтама алған соң, Қыдырәлі есепшотынан 1 млн теңгені қайта шешіп алып, қарызды қайтару керек болатын. Кенет Қыдырәлі «сен кезекте тұра бер, мен баламды спорт үйірмесіне апарып тастап келейін» деп шығып кетеді. Сол кеткеннен Қыдырәлі оралмайды, телефонын өшіріп тастап жоқ болады. Жас кәсіпкер банкте Қыдырәліні 4 сағат күтеді, амалы таусылған соң полицияға арызданады. Бұл оқиғаның түйіні екі тарапты полицияның беттестіруі арқылы шешілгендей болды. Алғашында түрлі сылтау айтып, түлкібұлаңға салған Қыдырәлі бұлтартпас дәлелден қашып құтыла алмады. Әдіс-айласы таусылған ол жас кәсіпкерге 1 млн теңгені 3 айда қайтарып беру жөнінде қолхат берді.

Полиция міндеттеген соң да ол қарызын қайтаруды созбалаққа салып кетті. Әйтпесе, Қыдырәлі Оразұлы жай жүрген адам емес, оның Алматының бірнеше жерінде дәріханасы бар. Басқасы басқа, қазір елдегі төтенше жағдайда дәріхана бизнесі қызып тұр, күреп табыс тауып жатыр. Соған қарамай, Қыдырәлі Оразұлы «аузын қу шөппен сүрткен» кейіп танытады. Жаман мінез әркімде бар ғой, бірақ жаман әдетке бой алдырған қиын екен... «Қарыз күліп келіп, жылап қайтады» деген сөз осындай адамның сасық қулығына қатысты айтылған сияқты...

serke.org

Айдары: Текемет 21.04.2020 668

Қатысты мазмұн