
Оның дәуірлеген кезінде аса ірі өндіріс орындарын жоюдан келген экономикалық нұқсанның көлемі әлі нақты есептелген жоқ. Қазақстанда көп жылдан бері ауқымды реформалау бағдарламалары, өнеркәсіп өндірісін дамыту, инвесторларды тарту бойынша жол карталары іске асырылып отыр. Жауапты ведомстволар шарт жасасып, дүние жүзінің түкпір-түкпірінен дерлік шетел капиталын елге тартады. Алайда, осы уақыт ішінде мемлекет те, қазір елде жұмыс істеп жатқан инвестор компаниялар да бір кездері мегаполисте сәтті жұмыс істеген кәсіпорындарға ұқсас кәсіпорын құра алмады.
Алматылықтар әсіресе, 90 жылдардың соңы – 2000 жылдардың басы, жеке коттедждер салу үшін гектар-гектер алма бақтарын жою «сәнге айналған» кезеңді ерекше еске алады. Ол кезде мегаполистің тізгіні қаланың үшінші әкімі Виктор Храпуновтың қолында болды және ол әкім қызметінде 7 жылдан астам отырды... Қала тұрғындары бұрынғы қала құраушы кәсіпорындардың сауда және ойын-сауық орталықтарына айналған таңғажайып үрдістің де куәсі болды. Енді Алматыда жойылған өндіріс орындарының бестігі туралы golos-naroda материалында жазылған.
АММК (АХБК) - МАҚТА-МАТА КОМБИНАТЫ
Бірнеше гектар аумақта орналасқан, мыңдаған шаршы метр цехтары болған Алматы Мақта-мата комбинаты еліміздегі жеңіл өнеркәсіптің аса ірі кәсіпорны және мақта талшығынан кездеме жасайтын бірде-бір өңдеуші болды. Оның тарихы 1961 жылдан, ауқымды құрылыс басталған кезден басталады, ол бірнеше жыдан кейін 1965 жылы алғашқы өнім шығарылды.
Осылайша, Қазақстанның алып кәсіпорындарының тізімінде 48 цех пен 6 мыңнан астам 100% дерлік автоматтандырылған технологиялық жабдығы бар қазақстандық жеңіл өнеркәсіп орны пайда болды. Мұрағат деректеріне сүйенсек, бір тоқыма станогы орташа есеппен 80 мың доллар тұратын.
Кезінде АХБК 13 артикул мата шығарды, оның 7-і мемлекеттік сапа белгісімен. Сонымен қатар, жыл сайын 50% нормамен мата үлгілері 70%-ға дейін жаңартылды. Кәсіпорын жылына 15 мың тоннаға жуық мақта талшығын өңдеп, мата өндірісі 70-80 миллион погон метрге жетті. Одақ елдерінен басқа оның өнімі Италия, Испания, АҚШ және Канадаға экспортталды.
1990 жылдары АХБК жұмысы толығымен тоқтатылды, қызметкерлер қысқартылды, ал 2003 жылдан бастап өндіріс алаңының 100 мың шаршы метрге тең бір бөлігі ARMADA сауда орталығына айналды. Ғимараттардың басқа бөлігі стихиялы түрде бөлшектенді. 2016 жылы бұрынғы АХБК екінші цехының орнында да сауда орталығы салынды.
АЛМАТЫ КІЛЕМ ФАБРИКАСЫ
Атақты Алматы кілем фабрикасы сонау 1936 жылы құрылған. Республикадағы жалғыз кілем фабрикасы 7 негізгі және қосалқы цехтар мен учаскелерден тұрды. Фабрикада табиғи жүннен тоқылған түкті кілемдер, жаккард, машинамен тоқылған кілемдер және т.б. шығарылды.
2000 жылдары өндіріс көлемі қысқара басталды. 2007 жылы кәсіпорын ақыры жұмысын тоқтатты. Бүгінде фабриканың өндірістік алаңдары тағы бір сауда үйіне айналды. Мұнда қайтадан кілем сатылады, бірақ бәрі импортталған кілем.
ҚЫЗЫЛ ТУ ФАБРИКАСЫ
Көп адам біле бермеуі мүмкін, бірақ бұрын мегаполисте балалар ойыншықтары, радиоаппаратура, тұрмыстық бұйымдар, кабельдік өнімнің кең ауқымды өндірісі болған. Мұның бәрі «Қызыл ту» өндірістік бірлестігінің аумағында өндірілді.
1964 жылы негізі қаланған кәсіпорын төрт зауыттан – электр орнату бұйымдарын, балалар ойыншықтарын шығаратын зауыттан және тәжірибе-эксперимент зауытынан тұрды. Негізгі кәсіпорын – пластмасса өңдеу зауыты. «Қызыл Ту» 260-тан астам өнім түрін шығарды – кабельдік бұйымдар, радиоаспаптар, электр орнату бұйымдары, балалар ойыншықтары...
...сонымен қатар мәдени-тұрмыстық бұйымдар, тамақ өнеркәсібі кәсіпорындарының технологиялық жабдықтары (термостар) және т.б. Бүгінде өндіріс орындары қазақстандық өнім өндіру үшін емес, импортты сату үшін пайдаланылады.
АЛМАТЫ ҮЙ ҚҰРЫЛЫС КОМБИНАТЫ (АҰҚК - АДК)
Бүгінгі таңда қазақстандықтар АДК сауда үйі ретінде білетін бұл кешен бұрын еліміздегі ең ірі құрылыс кәсіпорындарының бірі – 1956 жылдан бері жұмыс істеп тұрған әйгілі Алматы үй құрылысы комбинаты болған.
АДК өндірістік алаңдарында өзін-өзі қамтамасыз ететін 10 құрылыс жөндеу басқармасы (оның ішінде 2 құрылыс-монтаждау конвейері), қуаттылығы жылына 240 мың м³ құрама темірбетонды құрайтын темір-бетон бұйымдарын шығаратын зауыт, руда емес материалдарды өңдеу зауыты, автобаза, жеке мәдениет үйі және т.б. болды. Кәсіпорында 10 мыңға жуық адам жұмыс істеді.
Мұрағат деректеріне сүйенсек, АДК жыл сайын құрылыс қарқынын арттырған. Мәселен, егер 1961 жылы 60 мың шаршы метрге жуық тұрғын үй пайдалануға берілсе, 1981 жылы - шамамен 400 мың, яғни 6,6 есе көп тұрғын үй салынған.
Сондай-ақ 1981 жылы АДК күшімен 1176 орындық мектептер мен 3,3 мың орындық балабақшалар пайдалануға берілді. 1976-1980 жылдары оңтүстік астанада салынған тұрғын үйлердің шамамен 80%-ын АДК құрылысшылары салған.
1990 жылдары көптеген қазақстандық зауыттар сияқты комбинаттың жұмысы да тоқтатылды. АДК аумағы өндірістік алаңдарымен, корпустарымен, цехтарымен және жабдықтарымен бірге жеке адамға сатылды. 2011 жылдан бастап ең ірі комбинаттың орнында сауда ойын-сауық кешені ашылды. 2015 жылы зауыт цехтары аумағында тұрғын үй кешенінің құрылысы басталды
АЛМАТЫДАҒЫ «ЖЕТІСУ» АЯҚКИІМ ФАБРИКАСЫ
Республиканың тағы бір жеңіл өнеркәсіп кәсіпорны – еліміздегі аяқ киім өндірісінің ірі орталығы – 1930 жылы ашылған «Жетісу» фабрикасы. «Жетісудың» құрамына бас кәсіпорын және Алматы қаласы, Алматы және Талдықорған облыстарында орналасқан 4 филиал кірді.
Мұнда ерлер мен әйелдерге арналған жоғары сапалы былғарыдан жасалған аяқ киімнің 260-тан астам үлгісі және балалар аяқ киімінің 265-тен астам үлгісі шығарылды. 1982 жылға қарай өнімнің жалпы көлемінің 35 % мемлекеттік сапа белгісімен шығарылды. Бірлестік 1982 жылы заманауи итальяндық технологиялық жабдықпен жабдықталған.
1990 жылдардың басында фабрика акционерлік қоғамға айналдырылып, жекешелендіріліп, мемлекет меншігінен шығарылды. Содан кейін ірі кәсіпорын банкроттыққа ұшырап, ақыры таратылды. Кәсіпорынның ғимараты, цехтары және басқа да активтері сатылды. 2009 жылдан бері сауда орталығы орналасқан фабриканың сақталып қалған бас корпусы өндіріс ауқымының қандай болғанын көрсетеді. 2016 жылы фабриканың қызметін қайта бастайтыны, бірақ басқа мекенжайда орналасатыны хабарланды.
Алматыдағы аталмыш ірі кәсіпорындар бұған дейін оңтүстік астанада жұмыс істеп келген кәсіпорындардың бір бөлігі ғана. Оларды жоюдан келген экономикалық нұқсан әлі нақты есептелген жоқ. Қала әкімдері, шенеуніктер мен депутаттар ауысқанымен, 30 жылға жуық уақытта кезінде жекешелендіріліп, сатылып кеткен ірі зауыттардың көпшілігі бұрынғы көлемде толыққанды өндірісті жолға қойған жоқ. Түрлі индустрияландыру бағдарламалары аясында құрылысы жоспарланған көптеген кәсіпорын қағаз жүзінде ғана қалды.