Болат Әбілев неге жақсы кәсіпкер бола алмады?

none

Көне Қазақстанның ескі оппозиционері саналатын Болат Әбілев тағы бір хайп тақырыпты қаужауға кірісті. Нақтырақ айтқанда, Әбілев мырза енді шет елдерге заңсыз шығарылған қаржыны қайтару ісімен айналысқысы келеді. Бір таңқаларлығы, бұл тақырыпты көтеруге бұрынғы премьер-министр Әкежан Қажыгелдин де ынта білдірген екен. Өз кезінде, Қажыгелдин мырза Болат-Бутяға Кармет-комбинатты жекешелендіруге рұқсат бермей қойған еді.

Бутя-Болаттың бұған дейін «Elge Qaitary» қоғамдық қорын құрып, «Президент айтқан елдің жарты байлығын иемденіп отырған 162 адамның тізімін жариялаңдар, әйтпесе оларды интернеттен өзіміз тауып, тізім құрамыз» деп қоқан-лоқы жасағаны көзі қарақты оқыманның есінде болар. Негізі бұл цитатаның авторы «Бутя» емес, Әбілевпен бірге жең ұшынан жалғасқысы келіп жүрген Оразалы Ержанов деген азамат.

Оразалы Ержанов мырза кезінде аты шулы қаржылық алдауларға қатысты көп айтылатын «Наурыз банк» АҚ-ның басқарма төрағасы болған адам. Нәтижесі елге белгілі, 2005 жылы аталған банктің лицензиясы тоқтатылып, банктің басшысына қатысты қылмыстық іс қозғалады. Ал банкир мырзаның өзіне 2005 жылдың қазан айынан бастап іздеу жарияланады. 2010 жылы оны Мәскеу қаласында тұтқындап, 3,4 миллиард теңге қаржы жымқырды деген айыппен 2012 жылы 5 жылға соттайды.

Оразалы Ержанов қуғында жүріп, шулы мәлімдемелер жасады. Мысалы 2005 жылы Мәскеуде болғанда қазақстандық газеттердің біріне «Наурыз банк» негізі жоғары шенді қазақстандық шенеуніктердің ақша жымқыруына жағдай жасау үшін құрылған» деп сұхбат беріп болатын. Әңгіме барысында сол кездегі Президент әкімшілігінің басшысы Иманғали Тасмағамбетовтың атын атап, оның банкке 10 миллион доллар салып, артынша оның барлығын бір күнде алып кеткенін, осының кесірінен банктің қаржылық жағдайын тұқыртып деп кінә таққан еді.

Қарапайым есепке салсақ, 10 миллион доллар дегеніміз – 1 центер салмақ екен. Бұл орайда, банктен 1 центнер болатын ақшаны бір күнде бірден әкету қаншалықты ақылға сыйымды деген қисынды сұрақ туады. Не дегенмен, Ержан батыр ертегі құрастырудың шебері екені белгілі ғой. Оның осы қасиетін алыстан байқаған Болат-Бутя сыбайлас болып, шеттегі қаржыны елге қайтару туралы әңгімеге араластырғысы келгенге ұқсайды.

Бірігіп жасаған ең бірінші баспасөз-маслихатында-ақ олар ешқандай да қаржыны халықаралық сот арылы қайтармайтындықтарын, ешқандай тергеу жүргізбейтіндіктерін мойындаған болатын. Оразалы Ержановтың «ғаламтор ақпаратқа сыңсып тұр» деп айды аспанға бірақ шығаратыны да осы кезде. Яғни, олардың стратегиясы қарапайым әрі жеңіл: ғаламтордан өсекке құрылған ақпарат іздейді, табады және оны өз қиялдарымен ары қарай дамытып, 162 адамның тізімін жасап шығара салады.

Тізім жасау кәсібі – Ресейден үйренген жаңа саяси технологиялық әдіс. Мысалы Алексей Навальныйдың сыбайлас жемқорлыққа қарсы қорының қызметкерлері осындай технологиямен түрлі тақырыпта тізім жасайтыны белгілі. Осы тәсілмен олар Ресейдің Украинадағы арнайы әскери операциясын қолдайды деген 6000 адамның фамилиясын жасақтаған болатын.

Біздің елде «Қаңтар құрбандарының» тізімі де осылай жасалды. Яғни, полицияға шабуыл жасағандар, ғимараттарды өртегендер, тонаушылар, көшеде қарақшылар қолынан қаза тапқандар барлығын енгізе берген еді.

Ендігі кезек 162 адамның тізімін жасауға келген сияқты. Танымал Telegram-каналдардың бірі – Бутя мен Ержанның түпкі мақсаты – ірі кәсіпкерлерге қоқан-лоқы жасауға арналған деген болжам айтқан еді. Яғни, ірі байларға «егер тізімге енгің келмесе бізге қаржы бересің» деп әңгімені төтесінен қоюға таптырмайтын тәсіл. Оның үстіне Әбілев мырзада «қаңтар құрбандарына» деген атаумен құрылған қоры бар. Ержанов пен Әбілов үшін нағыз жем асайтын астау дерсіз.

Ол үшін тіпті ұран-сөз ойлап табудың да қажеті жоқ, Кеңес әдебиетінің классиктері Ильф пен Петровтың шығармасындағы әйгілі кейіпкер Остаптың айтатыны бар ғой:

«Азаматтар! Өмірдің өз заңдылығы бар. Қатал заңдары! Мен сіздерге біздің жиынымыздың мақсаты туралы айтпаймын. Оны сіздер менсіз де білесіздер. Біз қасиетті мақсат жолындамыз. Бізден кең байтақ еліміздің түкпір-түкпірінен көмек сұрап жатыр. Ал біз көмек қолын созуымыз керек. Осындағы кейбіріңіз жақсы қызметтесіздер. Дастархандарыңыз нан мен майға толы. Балық аулаумен айналысатын енді біреулеріңіз күнде уылдырық жағып нан жейсіздер. Барлығыңыздың да қарындарыңыз тоқ, киімдеріңіз көк, жатар жерлеріңіз жылы. Ал осы сәтте қаншама бала аш-жалаңаш, көше кезіп, қаңғырып жүр. Олар көшенің гүлі. Жайлы өмір сүруге қақылары бар. Сондықтан мырзалар, біз оларға көмектесуіміз қажет және біз міндетті түрде көмектесеміз..»

Бұл жерде, «аш-жалаңаш бала» сөзін «қаңтар құрбандарының» туыстары сөзіне алмастырсаңыз – әңгіменің мәні ашыла, 162 адамның тізімін жасаудың негізі мақсаты айқындала түседі.

Бутя-браттың тағы бір жобасы — «Біздің таңдауымыз» партиясы тіркеу кезеңінен аса алмай тұр. Әбілевтің өзінің айтуынша барлық кінәрат Әділет министрлігіне тіреліп тұр екен. Министрлік төрт рет тіркеуден бас тартыпты. Бірақ, оның сүйікті стиліне салып, «Bizdin Tandau» қатарынан көрінгісі келетіндерді шақырып, бұл тақырыптан неге шу шығармағанына таң қалып тұрмыз. Біздің пайым бойынша, ешқандай тізім жоқ болуы мүмкін, немесе құжаттарын қайта толықтыруға қайтарып берген болуы да ықтимал. Немесе партия мүшелігіне қажетті шекті санның 20 мыңнан 5 мыңға түсуін заңмен бекітетін өзгерісті тосуға кеңес берген болулары да мүмкін. Алайда, айқайға аттан қосып, өзін керемет саяси серке ретінде көрсету мақсатында бүйректен сирақ шығару – біздің Болат-Бутяның тегіннен бергі сүйікті істерінің бірі. Егер оқырманның есінде болса, біздің бұған дейінгі «саясаттағы Бутя аңызы» сериясындағы жазбаларымызда Әбілевтің оппозицияда жүруінің сыры – оның ақшасының құдіреті екендігі туралы айтқан едік. Қазіргі жағдай оның ескі Қазақстанның ірі ойыншыларымен белгілі бір деңгейдегі байланысы үзілмегендігін көрсететіндей.

Дегенмен, Болат Әбілевтің түпкі ойы – «қаңтар бүлігін» қайталау немесе ағайынды Нығматулиндердің саяси тапсырысын орындап жүр деген болжам шындықтың ауылынан алыстау болса керек. Біздіңше Болат-Бутя дәл қазір өзін Остап Бендер ретінде көрсеткісі келетін сияқты. Яғни, «Тоқаев режиімін» төңкеріп тастаймыз деген желеумен айналасына бизнес-элита өкілдерін шоғырландыру. Әрине, шындығында олай жасамайды, тек соған ниеттенеді. Сол үшін тұрақты түрде жалаң ұрандар көтеріп, митингілер ұйымдастырады. Ал егер өзі армандаған саяси партиясы тіркеліп кетсе, тіпті жақсы, нағыз жем асайтын астауға айналдырады.

Әрине, кейбіреу «Әбілев деген бизнес адамы. Оған саяси алаяқтықпен ақша жасаудың не қажеті бар?» деуі мүмкін. Алайда, саясаттан тыс 9 жыл ішінде Әбілев жасаған бизнес оны бәрібір Қазақстандық «Forbes»тің жоғары рейтингіне кіргізе алған жоқ. Яғни, бұл – Болаттың бизнестегі іскерлік деңгейі мен саясаттағы салмағының дәрежесі бір деңгейде екендігін көрсетеді. Мұндай орта деңгейлі қабілетпен әрине Болат-Бутяның әйтеуір қатардан қалып қалмау үшін өзінің арзан алып-сатарлық деңгейін ірі ойыншы ретінде көрсетіп күпінуден басқа амалы қалмайды.

Берік Мыңжасар

Айдары: Түтін 17.08.2022 83

Қатысты мазмұн