Биыл елімізде 51 мың жаңа автомобиль сатылған

none

Автонарықты талдау және мониторингілеу орталығы Қазақстанның биылғы жартыжылдықтағы автонарығы мен автопаркіне шолу жасады.

Қаңтар-маусымда елімізде 51,8 мың жаңа көлік сатылған

Бұл – жеңіл автомобиль, LCV, жүк көліктері, арнайы техника мен автобустарды қоса есептегендегі көрсеткіш және 2021 жылдың алғашқы жартыжылдығындағы сауданың 92,3% құрайды. Ақпан мен наурызда сауда былтырғы деңгейден асып түссе, қаңтарда, сәуірде және мамырда көрсеткіштер былтырғыдан төмен болған. Маусымда жаңа автокөлік саудасы былтырғы деңгейге жетті.

Электронды құрамдастардың тапшылығы, жаһандық инфляция, Шығыс Еуропадағы геосаяси тұрақсыздық пен логистикалық тізбектің ажырап кетуі әлемдік автомобиль нарығын әлі де қыспаққа алып жатыр.

«Қазақстан нарығындағы жағдайға Ресей Федерациясынан автокөлік пен машина жиынтықтарын жеткізудің күрт қысқаруы үлкен әсер етті. Осындай жағдайлардан кейін 6 айдың қорытындысы бойынша, жаңа техниканың жалпы саудасы 7,7%-ға төмендегені байқалды. Дегенмен, бұған дейін айтылғандай, жекелеген айларда сауда былтырғы деңгейден асып түскен. Сонымен бірге Қазақстанда жасалған автокөліктердің нарықтағы үлесі 80%-ға дейін өсіп отыр. Жалпы алғанда, әлемдік нарықта 6 айда сауданың 8,5%-ға төмендегені байқалды. Барлығын қосқанда жыл басынан бері әлемде 38 млн 468 мың автомобиль сатылған», - дейді Автонарықты талдау және мониторингілеу орталығы.

Қазақстан автонарығындағы 5 үздік бренд

Қазақстандық сатып алушылар сұранысындағы 5 үздік бренд қатарында Hyundai, Chevrolet, Kia, Lada, Toyota автомобильдері бар. Нарықтағы үздік бестік құрамы өткен жылдан өзгерген жоқ, десе де Toyota сатылымы 35,6%-ға төмендеді. Ол Санкт-Петербургтен Camry мен RAV4 модельдерін жеткізудің тоқтауымен байланысты. Биылғы 6 айдағы үздік бестіктегі маркалардың үлесі еліміздегі жаңа автокөлікке жалпы сұраныстың 78,5%-ын құрады, былтыр бұл көрсеткіш 73,8% болған еді.

Алғашқы жартыжылдық қорытындысы бойынша отандық кәсіпорындар 51 565 техника шығарған. Өндіріс былтырғы кезеңмен салыстырғанда 30%-ға өскен. Машина жасау саласындағы автомобиль өндірісінің үлесі – 37,5%. Жүк автомобилі өндірісі 9,4%-ға қысқарған, ал өзге барлық техника түрлерін өндіруде өсім бар. Кедендік-тарифтік кедергілердің жеңілдетілгеніне қарамастан көліктің бұл түріне импорт та төмендеді.

Қазақстан автомобиль нарығына айтарлықтай әсер еткен жайт –көршілес елдердегі өндіріс динамикасындағы өзгерістер. Ресейде 2022 жылдың алты айында 281 мың жеңіл автомобиль шығарылған, бұл былтырғы көрсеткіштен 61,8%-ға төмен. Оған қоса, 2022 және 2023 жылдарға әлемдік автомобиль өндірісінің базалық болжамы 2,6 млн-ға: тиісінше 81,6 млн-ға және 88,5 млн-ға дейін төмендетілген.

Елде 4 миллионға жуық жеңіл автокөлік бар

1 шілдедегі жағдай бойынша Қазақстанда 3 млн 907 мың 214 жеңіл автомобиль тіркелген. Осы көрсеткіш бойынша аталған кезеңде 1,65%-ға өсім байқалды. 2021 жылдың 1 шілдесінде тіркелген автомобильдер паркінде 3 млн 843 мың 826 көлік болған еді.

Өңірлер бөлінісінде 2022 жылдың 6 айында Ақмола облысында 157 461 жеңіл автокөлік тіркелген. Ақтөбеде – 144 161, Алматыда – 501 485, Атырауда – 102 164, Батыс Қазақстанда – 114 799, Жамбыл облысында – 217 085, Қарағанды – 249 932, Қостанайда – 166 978, Қызылордада – 97 338, Маңғыстауда – 129 976, Павлодарда – 151 609, Солтүстік Қазақстанда – 129 491, Түркістанда – 162 078, Шығыс Қазақстан – 253 061, Нұр-Сұлтанда – 285 381, Алматы қаласында – 463 698, Шымкентте – 135 116 жеңіл көлік бар. 34 342 көлікте дипломатиялық нөмірлер болса, 238 776 көліктің өңірі көрсетілмеген.

Статистикаға сәйкес, алғашқы жартыжылдықта республиканың әр 1000 тұрғынына шаққанда 180 автомобиль бары анықталды. Өңірлер бойынша ең көп автокөлік Алматы облысында тіркелген – 1 000 тұрғынға 231 автокөлік, ең төмен көрсеткіш Түркістан облысында – 1 000 тұрғынға 76 автокөлік. Автожүргізушілердің 89 пайызы – бензин, 2 пайызы – дизель және 9 пайызы – аралас отын тұтынады.

Автокөлікке жаһандық тапшылық бар, жыл соңына болжам қандай

2022 жылы автомобиль нарығы әлі де жаһандық тапшылық қыспағында отыр. Ол елімізге Ресей Федерациясынан жеткізілетін автокөлік мен машина жиынтықтарының қысқаруына алып келді. Автонарықты талдау және мониторингілеу орталығының хабарлауынша, екінші жартыжылдық нәтижесі нарық қатысушыларының бейінділігімен және валюта нарығындағы жағдайға қарай айқындалатынын көрсетті. 2023. «Көпшілігі әліптің артын бағуды ұйғарған. Біздің клиенттеріміз де соңын күтіп отыр, бәлкім рубль арзандап қалар, онда баға да өз қалпына келеді. Біз тек жағдайға икемделе аламыз. Клиенттер де бейімделе түсті, біреулер жүрілген көліктерді таңдайды, шұғыл көлік сатып алғысы келетіндер – бізден алады. Сауда тоқтап қалды деп айтуға келмейді. Сауда жүріп жатыр, бірақ өте баяу жүруде», – деп пікір білдірді «Вираж» компаниялар тобы.

«Allur» компаниясының айтуынша, әлемдегі саяси-экономикалық ахуалға қарамастан, нарық сауданың қалпына келгенін көрсетіп отыр. Брендтер әлі де логистикалық процестерді реттеп жатыр, екінші жартыжылдықта жаңа автомобильдер өндіріліп, жеткізіледі деп күтуде.

«Terra Motors» компаниясы бірінші жартыжылдыққа қарағанда екінші жартыжылдық әлдеқайда табысты болады деген оптимистік болжамын бөлісті. Оған дистрибьютерлердің қабылдап жатқан шаралары көмектеседі.

«Барлық қиындықтарға қарамастан, Hyundai Trans Kazakhstan зауыты толық қуатына көшіп, автомобиль өндірісін одан әрі арттырып, модельдер қатарын кеңейтіп жатыр. «Астана Моторс» құрамындағы кейбір дистрибьюторлар жаңа логистикалық бағдарларды қарастыруда, өйткені жекелеген автокөлік брендтері РФ арқылы транзитпен тасымалдауды доғарды. Осыған байланысты Қазақстанға автомобиль жеткізуде қиындықтар туындап отыр», – дейді «Астана Моторс» ҚМК.

Автонарықты талдау және мониторингілеу орталығының болжамынша, саудадағы қазіргі динамика сақталып, логистика жұмысы реттелсе, нарық былтырғы деңгейден тағы 10%-ға артады. Ал болжамның орындалу ықтималдығы елдегі макроэкономикалық жағдайға және автобөлшектер мен техниканы тұрақты жеткізілуіне байланысты болмақ.

Дереккөз: ҚазАқпарат

Айдары: Текемет 05.09.2022 34

Қатысты мазмұн