Билікке оппозиция керек пе?

none

Қазақстанда парламенттік оппозиция туралы мәселе көтеріліп, оны арнайы заңдастыру енді қолға алынып жатса, бұл демократиялық елдерде бұрыннан дәстүрге айналған саяси құбылыс. Оппозиция (латынша opposіtіo – қарсы тұру, қарсылық білдіру) – өз көзқарасын, саяси ұстанымын басқа саяси көзқарас пен ұстанымға қарсы қою, қарсы әрекет жасау; билеуші элитаға қарсы тұратын саяси күштерді (көшбасшы, партиялар, қозғалыстар) білдіреді. Оппозиция шынайы саяси бәсекелестік жағдайында дамиды, негізінен, екіпартиялық немесе көппартиялық жүйелерде көрініс табады. Мысалы, классикалық екіпартиялық елдер саналатын АҚШ-та республикалық және демократиялық партиялар, Ұлыбританияда консерваторлық және лейбористік партиялар үнемі саяси бәсекелестік жағдайында әрекет етіп, сайлау барысында алма-кезек жеңіске жетіп отырады. Өзге де демократиялық елдердегі көппартиялық жүйелерде билеуші партияға қарсы салмақ болатын оппозициялық партиялар жұмыс жасауда. Тіптен бірнеше оппозициялық бағыттағы партиялар күш біріктіріп, коалиция құрып, ықпалды саяси күшке айналып жатады. Яғни оппозицияның болуы қалыпты құбылыс, ол демократияның шарты десек те болады.

Итальяндық белгілі элитолог-ғалым Вильфредо Парето «элиталардың циркуляциясы» деген ғылыми ұғымды айналысқа ендірген. Оның мәні – қоғамда саяси элитаның екі түрі болады: біріншісі – билікті қолына алған билеуші элита, екіншісі – оған қарама-қарсы, биліктен үміткер контрэлита, бұл екеуі саяси бәсекелестік негізінде билік үшін күреседі. Контрэлита – ол оппозиция. Егер билеуші элита халықтың сенімінен айырылып, легитимдігін жоғалтып, сайлау алдында берген уәделерін орындай алмай беделінен айырылса, онда келесі сайлауда жеңіліс табады. Контрэлита болса дамудың тиімді балама жолдарын ұсынып, саясатта жіберілген қателіктерді көрсетіп, орын алған кемшіліктерді түзету міндетін мойнына алып, халықтың қолдауына ие болады, сөйтіп, кезекті сайлауда анық басымдықпен жеңіске жетеді. Нәтижесінде бұрынғы билеуші элита жеңіліс тауып, контрэлитаға айналады, ал кешегі контрэлита жеңіске жетіп, бүгінгі билеуші элитаға айналады. Сапалық қасиеттері мықты (саяси ерік-жігері күшті, тың идеялы, отаншыл, ұлтжанды, табанды, білікті, іскер, өз ісіне адал) жаңа саяси элита тарих сахнасына шығады. Осылайша элиталардың ауысуы циклдық айналымға түсіп, элиталардың циркуляциясы жүреді. Егер де билеуші элита қолындағы билік пен әкімшілік ресурсты пайдаланып, элиталардың циркуляциясына тосқауыл жасап, контрэлитаның билік үшін күресуіне жол бермейтін болса, онда бұл әлеуметтік тәртіпті бұзады, ондай қоғамда даму болмайды. Саяси элита өзгеріп, оның құрамы ауысып, жаңаланып отырмаса, елде тоқырау болады, саяси жүйе жемқорлық, тамыр-таныстық, кландық-топтық мүдделердің әсерінен іріп-шіріп, құлдырайды. В.Парето «Адамзат тарихы – элиталардың алмасу тарихы» деген екен.

Бізде оппозицияға қатысты дұрыс түсінік қалыптасуы керек. Оппозиция – жау емес, ол саяси бәсекеге түсуші, жасампаз балама даму жолдарын ұсынушы, билеуші партияның, билік басындағы элитаның жіберген түрлі қателіктерін қалт жібермей бақылап, орнымен сынап отыратын, ұлттық мүдделерді қорғау мен елді дамытуға үлес қосқысы келетін саяси күш. «Сырт көз – сыншы», сын түзелмей, мін түзелмейтіні айдан анық. Белгілі бір елдегі оппозиция өкілдері сол елдің азаматтары, олар да өзінің Отаны үшін, кіндік қаны тамған туған жерінің мақсат-мүддесін қорғау үшін күресетін патриоттары. Билік пен оппозицияның қарым-қатынасында елдің ұлттық мүдделері, мемлекетшілдік ұстаным басты орында тұруы шарт. Билеуші элита биліктен айырылып қалудан қорқып, тар топтық-эгоистік мүдделерін мемлекеттік, ұлттық мүдделерден жоғары қоймауы керек.

Ал шынайы оппозицияның болуы мен қызмет етуі көптеген жағдайлар мен шарттарға байланысты (адамның саяси құқықтары мен бостандықтары сақталуы, шыншыл саяси бәсекелестік жүруі, әділ сайлау өтуі, нағыз көппартиялық жүйе болуы т.б.). Осындай шарттар сақталса нағыз оппозиция туындайды. Ал басқадай болса, В.Парето айтқандай, элиталар циркуляциясы жүзеге аспайды немесе билеуші элита мен билік партиясы өздеріне ыңғайлы, өздерінің айтқанынан шықпайтын жасанды оппозиция жасап, көрер көзге сүйкімді, «ойыншық» көппартиялық жүйе құрап алуы да ықтимал. Бірақ бүйтіп өзін-өзі алдаудың түбі ешкімді оңдырмайды, оның ауыр зардабы бүкіл елге тиеді.

Дегенмен Қазақстандағы қоғамдық пікірде оппозицияға қатысты қайшылықты пікір қалыптасқанын мойындауымыз керек. Кейбір азаматтар «бізде шынайы оппозиция жоқ» десе, енді бірі «оппозиция жасанды, ол биліктің қолдан жасаған жобасы» дейді. Кейбіреулер оппозицияны «шетелден қаржыландырылатын, елдің ішіне іріткі салушы күштер» деп жағымсыз қабылдайды. Ал Қазақстан Конституциясының 5-бабы 1-тармағына сәйкес, «Қазақстан Республикасында идеологиялық және саяси әралуандылық танылады». Бұл дегеніміз – плюрализм, яғни оппозицияның Ата заң аясында әрекет етуіне толық мүмкіндік бар деген сөз. Демократиялық ел боламыз десек, бізде оппозиция да және оның құқықтық негізі де болуы керек. Қоғамдық пікірде оппозицияға деген оң көзқарас қалыптасуы қажет.

Сондықтан да Қазақстан президенті Қ.Тоқаев ұсынған халықтың үніне құлақ асатын мемлекет құру идеясы, осы бағытта жасалып жатқан игі қадамдар, азаматтық қоғамның орнығуы, шынайы оппозицияның туындауы, нағыз көппартиялық жүйенің қалыптасып, дамуы елімізді одан әрі демократияландыруға игі әсер етпек. Әсіресе 2019 жылы 20 желтоқсанда өткен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің екінші отырысында президентіміз Қ.Тоқаев бізге парламенттік оппозиция институты қажет екенін баса айтып, тиісті ұсыныстар мен заң жобасын әзірлеп, парламентке енгізуді тапсырып, «Біз балама пікірлер мен қоғамдық талқылау тоқыраудың басы емес, дамудың басты талаптарының бірі екеніне көз жеткіздік. Сондықтан парламенттегі саяси азшылықтың негізін заң жүзінде бекіту қажет», – деді.

Мемлекет басшысының аталған тапсырмасын пайдаланып, «Ақ жол» партиясы бұрын дайындаған парламенттік оппозиция туралы заң жобасын бүгінгі уақыт талаптарына сәйкес қайта жаңартыпты. Сөйтіп, «Қазақстан Республикасының парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының конституциялық заңына толықтырулар енгізу туралы» конституциялық заңының жобасы мақұлданып, сенатқа жолданды.

«Ақ жол» демократиялық партиясының ресми сайтында 2014 жылы 14 қаңтарда жарияланған, 18 баптан тұратын «Парламенттік оппозиция туралы» ҚР заңының жобасы тұр. Заң жобасында «Парламенттік оппозиция – парламент мәжілісінде депутаттық фракциялары бар, заң жобалары бойынша дауыс беруді қоса санағанда, парламенттік көпшіліктің саясатына қарсы пікірін ашық білдіруші және қызметтегі үкімет құрамына кірмеген саяси партиялар» деп анықталған екен [https://akzhol.kz/парламенттік-оппозиция-туралы-қазақ/]. Көріп отырғанымыздай, өздерін Қазақстандағы «сындарлы оппозиция» деп санайтын, бизнес партиясы және ХХ ғасырдың басындағы «Алаш» қозғалысының ізбасары деген ұстанымдағы «Ақ жол» ҚДП парламенттік оппозиция мәселесін бұдан бірнеше жыл бұрын мықтап қолға алғаны байқалады.

Бұл заң жобасы ЕҚЫҰ-ның да жоғары бағасына ие болған. Заң жобасының 2-тарауы «Парламенттік оппозицияның қызметіне» арналған. Мұндағы 5-бапта «Парламенттік оппозицияның құқығы», 6-бапта «Қазақстан Республикасы парламент мәжілісінде лауазымдарға парламенттік оппозициядан ұсыну және сайлау тәртібі», 7-бапта «Парламенттік оппозициядан Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі Есеп комитеті төрағасы лауазымына ұсыну тәртібі», 8-бапта «Парламенттік оппозициядан министрлер орынбасарлары лауазымына ұсыну тәртібі», 9-бапта «Парламенттік оппозицияның дербес іс-шараларының пәні», 10-бапта «Парламенттік оппозицияның жиналыстарын, митингтерін, шерулерін, пикеттерін және демонстрацияларын өткізу» сияқты көптеген маңызды мәселелер қарастырылған.

Мақұлданған жаңа заң жобасы «парламенттік көпшілік» және «парламенттік оппозиция» ұғымдарының аражігін ашып, құқықтық негіздерін қамтамасыз етеді. Парламенттік оппозицияға қандай да бір мәселе бойынша өз ұстанымын білдіруге мүмкіндік әперетін бірқатар саяси кепілдіктер беріледі: саяси партиялардың фракциялары басшыларының парламент палаталарының бірлескен отырыстарында, парламент мәжілісінің жалпы отырыстарында, тұрақты комитеттердің, жұмыс топтарының отырыстарында, парламенттік тыңдаулар мен өзге де іс-шараларда сөз сөйлеуге кепілдік беру заңды бекітілмек. Сонымен қатар парламент мәжілісіндегі жеті комитеттің бірінің төрағалығын парламенттік оппозицияға беру міндетті және комитет хатшылығының екі орны да парламенттік оппозиция мүшелеріне беріледі екен. Мұның барлығы енді еліміздегі оппозицияның саяси шынайылыққа айналатынын көрсетеді. Қазақстанда парламенттік оппозицияның заң жүзінде мойындалып, құқықтарының бекітілуі еліміздің демократиялануындағы үлкен бір белес деп бағалауға тұрарлық қадам.

Сейілбек ШАЯХМЕТҰЛЫ

Әл-Фараби атындағы

ҚазҰУ саясаттану және саяси технологиялар

кафедрасының профессоры, саяси ғылымдар докторы

"Жас Алаш" газеті

Айдары: Бақ-бақ 14.05.2020 671

Қатысты мазмұн