Билік ауысымындағы байсалды шешім

none

Елімізде билік транзитінің саяси қызуының қалың бұқараға сезілмеуі – қалыптасқан тұрақтылықтың белгісі деуге болады. Әйтпесе күні кеше бір одақтың құрамында болған көрші елдердегі билік ауысуының түрлі төңкерістерге, алауыздыққа, тіпті территориялық тұтастыққа төнген қатерімен де көрініс бергені белгілі.

Еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ə.Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында қол жеткізілген республикадағы жетістіктер бүгінде қазақстандық қоғам өмірінің көрсеткіштері болып табылады. Осы жылдар ішінде жүргізілген реформалар өтпелі кезеңнің қолайсыз салдарларын еңсеруге мүмкіндік берді жəне негізгі мақсаты халықтың материалдық əл-ауқатын жақсарту болып табылатын ауқымды əлеуметтік реформаларға көшудің базисін жасады.

Шетелдік сарапшылар Қазақстандағы билік жүйесінің екінші президентке өтуін Қытайдағы Дэн Сяопиннің тәжірибесіне жақындау екенін де айтады. Яғни аталған елде билік ауысқанымен, біршама уақыт бойы бұрынғы лидердің басымдығы байқалып тұратын. Елімізде де Елбасы әлі де қоғамдық-саяси өмірден түбегейлі алшақтаған жоқ. Мысалы, Президенттік өкілеттігін тоқтатқаннан бері екі жыл өткен соң ғана елдегі билікқұраушы Нұр Отан партиясының тізгінін Мемлекет басшысына жуырда ғана берді. Дегенмен, Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы қызметін әлі де жалғастырып келеді.

«Билік транзиті айналасында әркім пайымын бұған дейін де жасады, кейін де жасар. Алайда, өз басым көп ел осындай тағдырлы емтиханнан сүрініп, тіпті құлап жатқанда Қазақстанның одан сенімді түрде әрі абыроймен өткенін оң бағалаймын. Ал енді тиісті дәстүрдің орнығуы барысында біржолата саясатпен қош айтыспай Елбасы бастапқы кезеңде бұл үрдіске бас-көз болған тәжірибе де өзін ақтап жатыр. Яғни, кезіндегі Ресейде Борис Ельциннің осымен кеттім, менен кейін шөп өспесе де бәрібірдің реті Қазақ елінде қайталанбағаны дұрыс-ақ. Бұл өз ісіне деген аяғына дейін жауапкершіліктің көрінісі», деп жазды саясаттанушы Расул Жұмалы бұл туралы Facebook-парақшасында.

«Негізінде «Нұр Отан» тек саяси институт емес, сонымен қатар президенттің саясатын алға жылжытатын маңызды құрал. Президенттің саяси бағыт-бағдарын жүзеге асыру бірінші кезекте «Нұр Отанға» жүктеледі. Мемлекет пен қоғамның арасында өткел орнату да билеуші партияның жұмысы. Мәселе «Нұр Отан» өзіне жүктелген істі ойдағыдай орындап отыр ма? Назарбаевтың тұсындағы «Нұр Отан» мемлекет пен қоғамды байланыстыратын тиімді институтқа айнала алды ма? Партия Тоқаевтың тұсында қалай түрленеді? Анығы, жыл басында Ассемблеяны қолына қаратса, алдағы уақытта «Нұр Отан» партиясының төрағалығы да Қ.Тоқаевтың қолына өтпек. Сөйтіп Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік саясаттағы ықпалы пен билігі күшейе түседі. Ал бұл оған жүктелген жауапкершіліктің арта түсетінін білдіреді. Байқар болсаңыз, Тоқаев «транзит» деген терминді аса ұнатпайды. 2019 жылғы президент сайлауынан кейін бұл мәселеге мүлде нүкте қойып, транзиттің тәмам болғанын мәлімдеген. Яғни, Назарбаевтың биліктен біржолата кеткенін, қазіргі әрі нақ президент Тоқаев екенін емеурінмен аңғартқан. Алайда Назарбаев Тоқаевты тежеп отыратын түрлі тәсілдерді күні бұрын қарастырып қойған еді. Қауіпсіздік кеңесі мен «Нұр Отандағы» төрағалық елде қос билік орнаған деген қауесетті қоздата түсті. Назарбаев мұны жеке мүддесі үшін жасаған жоқ, биліктен бірден кете салса елдегі ырыс пен ынтымақтың, бірлік пен бейбітшіліктің шаңырағы шайқалып кете ме деп қауіптенді. Мемлекетті Тоқаевқа табыстарда аздаған күмән-күдігі болған да шығар, мұны сейілту үшін Назарбаевқа уақыт қажет болды. Араға екі жыл салып Назарбаев ел билігі сенімді қолда екеніне анық көзі жетті» деді саясаттанушы Данияр Әшімбаев.

Биыл Қазақстан Тəуелсіздігінің 30 жылдығын атап өтуде. Осы уақыттың ішінде мемлекетіміз Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Əбішұлы Назарбаевтың салиқалы саясатының арқасында барлық салада үлкен табыстарға жетті. Елбасы (тарихпен алғанда, аз ғана уақыттың ішінде) Қазақстанды барлық қиындықтан аман-есен алып шығып, абыройы асқақ, беделі жоғары, өркениетті ел қатарына қосты. Осы табыстарымызды қазіргі уақытта Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жалғастырып, елімізді одан əрі дамыту жолында тиімді реформалар жəне нақты қадамдар жасап келеді.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жуырда Nur Otan партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында жаңа дəуірдегі қазақстандықтарға бағдар болатын «Елдіктің жеті тұғыры» атты қағидаттар жиынтығын ұсынды. Елбасы Тəуелсіздіктің отыз жылдығын айтулы жетістіктері ретінде қуатты елге айналып, бірлігі бекем қоғам құрғанымызды, сындарлы саясат жүргізіп, əлеуеті зор нарықтық экономикалық жүйе қалыптастырғанымызды, əлем картасында егемен еліміздің ойып тұрып орын алғанын айта келіп, «ең бастысы, бабаларымыз ғасырлар бойы аңсап өткен Тəуелсіздікке қол жеткізіп, елдігіміз қайта жаңғырды», деді.

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Несіпбек Айтұлы Елбасы Nur Otan партиясының іргетасын өзі қалап, оның қалыптасуына зор үлес қосқанын, жаңа жобалар мен зерделі ізденістерге жол ашқанын, бағыт-бағдарымызды айқындағанын айтады.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұлттық мұрат жолындағы ұлағатты істері қай уақытта да тағылымға толы. Тұңғыш Президентіміздің, əсіресе, өнерге деген ерекше ықыласы мен қамқорлығы көңілге айрықша құрмет орнықтырады. Елбасы айтпақшы, қазіргі таңда жаһандық бəсекеге қабілетті болу үшін бірегей ұлттық мінез, асқақ рух керек. Ал мұндай қасиеттер тарихты білу, мəдени құндылықтарды тану арқылы келеді. Демек, ұлтты тану һəм таныту оның терең тарихы мен мəуелі мəдениетіне, өрелі өнеріне тікелей байланысты. Ұлттық мəдениет – халықтың рухани тірегі.

«Қазір жаһандану үдерісі тұрмысымыз бен салт-санамызға өзгеріс əкелді. Біздің менталитетімізге мүлдем жат ұғымдар идеологиялық-мəдени экспансиямен бетпе-бет келіп отыр. Ұлыларымыздың бізге тастап кеткен ұлан-ғайыр даласын, мінездегі ірілігін сақтап қалудың күннен-күнге қиын болып бара жатқаны жанымды жегідей жейді. Ұстап қалу үшін зерде, тұлғалық мінез керек. Елбасы осы факторды тағы да еске салып отыр» дейді Қазақстанның Халық әртісі Асанәлі Әшімов Елбасының партия билігін тапсыра отырып, жас ұрпаққа жолдаған Үндеуіне орай берген пікірінде.

Бақыт Бекболат

Айдары: Төбе 24.12.2021 242

Қатысты мазмұн