Бас мүфти халықты қалай алдап кетті?

none

Шілденің 28-інде ҚМДБ басшылығы «OTAU TV» ұлттық жерсеріктік телевизия желісінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы базасында құрылған «MUNARA TV» республикалық рухани-ағартушылық телеарнасы (49-арна) ашылғанын қуанышпен хабарлады.

Осы ақпаратты таратқан kazislam.kz ақпараттық-танымдық порталы былай деп жазды: «Өздеріңізге белгілі, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен елімізде жарияланған пандемиялық жағдай кезінде «Халық арна» телеарнасы ашылған болатын.....Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы осыған дейін «Халық арнаның» құрылтайшыларымен ынтымақтаса отырып, нәтижелі жұмыс атқарды. ҚМДБ «Халық арна» телеарнасының құрылтайшыларына айрықша алғыс білдіреді. Бұдан былай Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының телевизия саласындағы ақпараттық-насихат жұмыстары осы «MUNARA TV» телеарнасы арқылы таратылады».

Енді осы жерін тарқата кетейік. 2020 жылдың қараша айында ғана ҚМДБ «Асыл арнаның» орнына «Халық арна» дейтін арна ашқанын жариялаған. Нұр-Сұлтан қаласындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде ҚМДБ төрағасының орынбасары Ершат Оңғаров «Халық арна» ашылғандықтан, «Асыл арна» телеарнасы жабылады" деп мәлімдеген.

"ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен биыл 3 қарашада мүфтияттың төл арнасы «Халық арнаның» ашылғанын зор қуанышпен жеткіземін. Діни басқарманың төл арнасын ашу жыл басынан бері қолға алынып келе жатқан іс. Осы бағытта бірқатар жұмыс істелген болатын. «Халық арна» мүфтияттың 30 жылдығы қарсаңында ашылуда. Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы халықтың өтінішімен мүфтияттың медиа саласындағы әлеуетін ескере келе «Халық арна» телеарнасын ашу туралы шешім қабылдады. Телеарнаның бас директоры Нұржан Дарқұлов мырза тағайындалды. Ол өз мамандығының білгірі», - деді Е.Оңғаров. Нұржан Дарқұлов кезінде Алматының Таугүл-3 ықшамауданында бас имам болған, кейін «Асыл арнада» шариғи редактор болып істеген. Жабылды деген «Асыл арна» телеарнасының директоры Мұхаметжан Тазабеков ҚМДБ жанындағы ғұламалар кеңесінің отырысына келіп тірнектеп жинаған контент бейнеқорын «Халық арнаға» толық тапсыратынын айтқан.

Ақиқатында, Бас мүфти өз күшімен ашты деген «Халық арна» 2017 жылдан бері осы атпен эфирге шығып келе жатқан жекеменшік арна еді. Оның құрылтайшылары дін өкілдерінің бірге "жұмыс істейік, арнаның көрермені де, рейтингі де өседі" деген ұсынысын қабыл алып, жекеменшік телеарнаның 52 пайыз акциясын ҚМДБ-ға беруге келіседі. Акцияның қайтарымына діни басқарма арнаға жаңа техника алуға, бағдарлама санын, сәйкесінше штат санын көбейтуге уәде береді.

Бізге белгілі дерек бойынша, ҚМДБ басшылығының нұсқауымен мүфтиятқа қарайтын мекемелер ай сайын телеарнаның мұқтажына деп миллиондаған теңге беріп отыруға мәжбүр болған. Көл-көсір ақша түсе бастаған арнаға есімі елге белгілі тележурналистер де келе бастаған. Бірақ «Халық арнаның» басшылығына берілген уәде сол күйі құрғақ сөз болып қалыпты. Арнаға құйылады деген ақшаның көп бөлігі құмға сіңген судай жоқ болған. Мұның зардабы телеарна эфиріне бірден әсер етті. Керемет болады деген хабарлардың орнына ісін жаңа бастаған блогердің жасаған материалындай шикі, сапасыз, шалажансар дүниелер басып кетті. Оның сыртында ҚМДБ телеарнаның басшылығына берген қаржылық қолдау жөніндегі уәдесінен де тайқи бастайды. Сөйте тұра, Атырауда «Халық арнаның» аймақтағы филиалын ашып, мұны да бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының ерен еңбегі ретінде жарнамаланып жатты.

Бұл аралықта «Халық арнаның» нағыз қожайындарының шыдамы таусылып, арнаның жұмысын құлдыратқан, шығынға батырған ҚМДБ басшылығынан келісім бойынша мойындарына алған міндеттемені дереу орындауын талап ете бастайды. Нағыз діндар адам «Уәде – Құдайдың бір аты» екенін, аманат пен міндеттеменің жүгі ауыр боларын сезсе керек еді. Бірақ, мүфтиятағылар нағыз мұсылман тән қасиеттен жұрдай екен. Сегіз ай сергелдеңнен кейін Бас мүфти «Халық арнадан» жеріп шыға келді. "Халық арна" қайда кетті?" деген қалың мұсылманның заңды сұрағынан құтылу үшін ол тез арада басқа телеарна ашу туралы тапсырма береді. Міне, «Мұнара» атты телеарнаның шығу тарихы осындай.

Ораз Әлімбеков

Айдары: Текемет 16.08.2021 1429

Қатысты мазмұн