Барымызды барында бағалайық

none

Таяуда тарихшы, профессор Талас Омарбекұлының Орталық мешітте өткен жаназасына қатыстық. Ол жай ғана тарихшы емес аса көрнекті ғалым, дара тарихшы еді. Өкінішке қарай оның жаназасында ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаевтан басқа ресми тұлғаларды көре алмадық. Талас ешқашан атақ-даңқ, абырой іздеген жан емес. Институтты бітірген 1971 жылдан қайтыс болған 2021 жылға дейінгі жарты ғасырлық оқытушылық, ғылыми еңбегінде өзінің ғылыми мектебін қалыптастырған ғалым болды. Еліміздің тәуелсіздігі оның ізденістеріне соны серпін, тың тыныс берді. Таластың ғылыми жетекшілігімен 34 кандидаттық, 7 докторлық және 3 PhD диссертациялар қорғалды.

Оның жетекшілігімен әзірленген төрт томдық «Қазақстан тарихы» оқулығының өзі неге тұрады? Қазақстандық студенттер негізінен осы оқулықты пайдаланып жүр ғой. Ел тарихындағы қолдан жасалған ашаршылық, саяси қуғын-сүргін кезеңі, кеңестік қанқұйлы жүйенің орнығуы мен оның ауыр салдары жөнінде Талас Омарбековтің іргелі зерттеулері өз алдына бір төбе. Ғалым 800-ден астам ғылыми еңбектің, 50 монографияның, 20 шақты оқулықтың авторы атанды. Тек соңғы жылдарда ғана ол 35 кітап шығарыпты. Талас көп жағдайда ойын жасырмай ақиқаттың алдаспанын жарқ еткізетін. Сол мінезі ғылым саласының шенеуніктеріне ұнай бермейтін. Сондықтан ба осындай адам айтқысыз мол ғылыми мұраның иесі өз еңбегінің әділетті бағалануын көре алмады.

Ең алдымен жанға бататыны оның ҰҒА мүшелігіне өткізілмеуі. Екі-үш қана монографиясы бар баласындай жас жігіттер ҰҒА академигі атанып жатқанда 50 монографиялық еңбегі бар көрнекті тарихшы шетке ысырылды. Мәртебесі мүше-корреспонденттіктен де төмен "құрметті академик" атағы берілді.

Петербургтегі императорлық академияның мүше-корреспонденті Н.И.Ильминский 1884 жылы академиктік сайлауға түсуге шақырылғанда «Радлов тұрғанда менің академик болғаным ұят болады» деп бас тартып, орнына әйгілі шығыстанушы, түрколог Василий Васильевич Радловты ұсынған екен. Академия оның ұсынысын қолдаған. Н.И.Ильминскийдің бұл әрекеті кезінде ғылыми ортада әділдік тұрғыдан жоғары бағаланған. Ал бүгінгі Қазақстанда «Талас ағаның алдында біздің академик болғанымыз ұят» деген ешкім болмады.

Талас Омарбеков пандемия дертіне ұшырап Алғабастағы инфекциялық госпитальде жатқанда оған дұрыс қамқорлық жасалғанда тірі қалар ма еді деген өкініш те бар ішімізде. Артынан іздеушісі болмаған тәрізді. Ел президенті Қ.К.Тоқаев көңіл айту жеделхатын жолдағанына қарамастан жаназасы орталық мешітке ұйғарылыпты. Дұрысында көрнекті ғалымның жаназасын үйінде шығарып, Ғалымдар үйінде қоштасу рәсімі мен митингісі ұйымдастырылса құба құп болмас па еді. Неге солай тырысып қаламыз?

Таласты Кеңсай-2 зиратына жерлеуге рұқсат берген Алматы қаласының әкімшілігіне рахмет! Алайда оған жоғарғы беттегі марқұм Ескендір Хасанғалиев, Шөмішбай Сариев, Әбсаттар Дербісәлі, Есенғали Раушанов сияқты тұлғалар жатқан алаңқайдан орын берілгені дұрыс болар еді. Оның ғалымдық мәртебесі соған әбден лайық-тын. Тағы да сол іздеушілерінің кемдігінен бе Таласқа Кеңсайдың, төменгі бір жықпыл мүйісінен мәңгілік мекен бұйырыпты.

Әрине, айлар өтер, жылдар жылжыр, кімнің кім екендігін уақыт көрсетер. Таластың тарихи інжу-мұрасы талай боқтықтың ішінен жарқырап көрінер. Сондықтан құрметті ағайын, айналамызға сәл де болса сергек болайықшы, барымызды барында бағалайық та дегім келеді.

Марат Бәйділдаұлы,

жазушы-публицист

(Жазба автордың Фейсбуктегі парақшасынан алынды)

Айдары: Бақ-бақ 13.12.2021 271

Қатысты мазмұн