«Азаттықтың» ақыры

none

«Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ» деген нақылды АҚШ қаржыландыратын «Азаттық» радиосы мен осы БАҚ-қа қатысты пікір жазған өзіме қолданып отырмын. Әнеу күні АҚШ қаржыландыратын БАҚ-тың қырғыз қоғамына арналған «Азаттык» радиосының ел аумағындағы көрсетілімін Қырғызстан билігі екі айға тоқтатып тастаған. Осыған орай, мен Қазақстандағы «Азаттықтың» «мұртын балта шаппайды» деген пікір айтқам. Сөйтсем, бұл қате пікір екен. Заңға қайшы келсе, қандай БАҚ болмасын, биліктің аямайтыны анық, түбінде «Азаттықты» жауып тынады.

Алғашында қате пікір түзуге бұған дейін айтылған бірнеше мәлімдеме себепші болды. Әсілінде, «Азаттық» радиосында дау-дамай тиылған емес. «Азаттықты» «зікіршілер» деп аталатын сопылық секта жаулап алғаны, редакциясына трайбалистер желі тартып, ұя салып алғаны айтылған. Редакциядағы біршама ауыс-түйістен кейін былайша айыптау бәсеңсіді. Бұдан кейін «Азаттық» радиосының аймақтық басшылары мен кейбір журналистері Қазақстан билігімен ауызжаласып, Ақорданың мүддесіне сай хабар таратады» деген айыптау болды. Мұндай сыпсың сөзді өзін ғана нағыз оппозиционер санайтын Мұхтар Әбілязов бірінші болып айтты ма, әлде трабайбалистердің кесірлі ісі бойынша «Азаттық» радиосынан қуылған белгілі журналист Әсем Тоқаева айтты ма, сол жылнамаға аса мән бермеппін, әйтеуір осындай ауыр айыптауды әлгі екеудің бірі бастағанын білем. Журналист Әсем Тоқаева бірнеше материалға шолу жасап «Азаттықтың» Ақорда саясатын күйттеп жүргені жөнінде дәлел келтірген.

«Мұның бәрі Ескі Қазақстанның тұсында болды, қазір «Азаттық» ым-жымдасатын жаман әдеттен арылды, жаңарды» деп айттуға болар еді. Дегенмен, тура осындай айыптауды Мұхтар Әбілязов әлі айтып жүр, оған АҚШ-тағы Серікжан Біләшұлы тілін безеп қосылып алған. Жақында тіркелмеген «Ел тірегі» партиясының жетекшісі Нұржан Әлтаев та АҚШ-тан ақша алатын «Азаттықтың» кейбір журналистері Қазақстан билігімен ым-жымы бір екенін жайып салды.

Осы оқиғаларды қапелімде ұстаған мен «жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды» деген қорытынды жасап, Қазақстандағы билікпен әйтеуір бір байланысы бар «Азаттықтың» «мұртын балта да шаппайды» деп пікір айтып жіберіппін. Олай-былай ойланып қарап отырсам, бұл айтқаным тым ұшқары пікір екен. Билік деген ажырықша тұтасып тұрғанымен, монолит емес. Экономика, мәдениет, қорғаныс-қауіпсіздік, идеология және бірнеше салаға тарамдалатыны тағы бар. Әсем Тоқаева айтқандай, «Азаттық» журналистері осы салалардың бірімен ым-жымдасқан болар, Әлтаев айтқандай, астыртын сол байланысты сәтті жалғастырып жатқан шығар. Дегенмен, мемлекеттің басқа саласы қауіп көрсе немесе «Азаттық» радиосы Қазақстан заңдарына қайшы әркет жасаса, жазасыз қалмайды. Осы орайда Қырғызстандағы «Азаттыктың» да қырғыз билігінің кейбір тармағымен астыртын байланыста болғанын жоққа шығара алмаймыз. Соған қарамай «Азаттык» қырғыз қызметінің жұмысын Қырғызстан екі айға тоқтатып отыр ғой. Тіпті, тәжік шекарысында атыс-шабыстан кейін Қырғызстан билігі ОДКБ-ның кезекті әскери жаттығуын өз жерінде өткізуден бас тартты, Тәжікстанда болатын әскери жаттығуға қырғыз қарулы күштерін қатыстырмай тастады. ОДКБ-ны блоктап, Қырғызстанға аяқ бастырмай қойған ресми Бішкек «АҚШ қаржыландыратын «Азаттык» кімнің шекарасы, тәйірі?!» деген шығар. Осы тұстан желілеп ой тартсақ, «Азаттық» радиосы ағат басып, жаңылыс жүріс жасаған күні Қазақстан билігі де заңға сүйеніп жаза қолданатынын жоққа шығара алмаймыз.

Oraz Alimbekov Facebook парақшасынан алынды

Айдары: Дүрбі 29.10.2022 91

Қатысты мазмұн