Арон Атабектің «мұрасына» таласып жатыр. Кім?

none

2021 жылы 24 қарашада 68 жасында қайтыс болған Арон Атабектің рухын мазалап, саяси ұпайын түгендеуді мақсат тұтқан екі топ өзара таласып жатыр.

«Ақсақ қойдың түстен кейін маңырайтыны» секілді 1 қарашада бір топ саясаткер «Арон Атабекті қорғау комитетін» құратынын мәлімдеген. Бұл бастаманы Мұрат Әуезов, Хасен Қожа-Ахмет, Балташ Тұрсымбаев және Аронды өмірінің соңында күтіп-баптаған Мұратбек Есенғазы мен Рәзия Нұтышева (Арон Атабектің қарындасы) көтерді. Бұл саяси шараны 7 желтоқсанда құқық қорғаушы Ерлан Қалиев жалғастырып, «Шаңырақ ісі» бойынша жиын өтізді. Екі жиынның да мақсаты түсініксіз – «О дүниелік болып, қараңғы көрде жатқан Арон Атабекті кімнен, қалай қорғамақшы?!» деген сұраққа жауап жоқ. Сөз арасында «Шаңырақ оқиғасы» бойынша кінәлі деп танылған Арон Атабекті толық ақтап алу жөнінде айтылып қалды. Бірақ, бастамашы топтың аяқалысынан құқықтық шырғалаңы көп бұл іске шындап кірісуге олардың дегбірі жетпейтіні, ниеті жоғы байқалады. Олар Арон есімін өздерінің саяси ұпайын үстемелеп қалу үшін пайдаланып жатқан секілді.

Арон Атабек «мұрасына» иелік етуді көздейтін тағы бір топтың лидері ретіне Жасарал Қуанышәлин көзге түсіп жүр. Ол басқаратын топ Аронның үшінші әйелі Жайнагүл Айдархан мен оның белсенді қызы Айданамен астыртын тығыз байланыс жасайды. Жасарал Қуанышәлин түрмеден әлсіреп шыққан Арон Атабекке күтім жасаған Мұратбек Есенғазы, Рәзия Нұтышева, Ася Асеткинаға (бұл белсендінің шын аты-жөні емес, оның кім екені әлі анықталған жоқ) көп сын айтты. Кейін Қуанышәлин оларды «Аронды өлтірген осылар» деп, айыптауға көшті.

Арон Атабектің «мұрасын» додаға тасталған көкпардай алысып-жұлысып тартқылап жатқан екі топтың қалқасында кім тұрғанын анықтау қиын емес. Алғашқы топтағы Б.Тұрсымбаев пен Е.Қалиевтің белсене кетуінен олардың артында Жанболат Мамай тұрғанын болжауға болады. Арон төсек тартып ауырып жатқанда оның күтушілері - М.Есенғазы мен Р.Нұтышеваның Мамайды арқа тұтқаны белгілі.

Әрқайсысы өзін «шын оппозиция» санайтын Жанболат Мамай мен Мұхтар Әбілязовтің ит пен мысықтай болып, бірі екіншісінің аяғынан шалып жүргеніне екі-үш жылдың жүзі болды. Екеуінің арасындағы текетірес Арон Атабек «денсаулығына байланысты» түрмеден босатылғанда тағы да көрініс тапты. Соңғы жылдары әсіре «әбілязовшіл» болып кеткен Жасарал Қуанышәлиннің Тұрсымбаев тобына қарсы әрекет етуі Мамай мен Әбілязов текетіресінің аясында жүріп жатыр.

Таласушы екі топ та бұған дейін, Арон Атабек түрмеде жатқанда оның тағдырына араласқан емес, әркім өзінің саяси күйкі тіршілігімен әуре болып жүрген. Аронның түрмеден шығуы, оның өлімі қоғамда дүрбелеңді жағдай туғызғаны белгілі. Осындай оқиғадан саяси ұпай жинап қалуды көздейтін псевдо оппозициялық топтың Арон тағдырына «алаңдап», «жанашыры» бола қалуы кездейсоқ емес. Әбілязов пен Мамай осындай аянышты тағдырды саясаттың құралына айналдырып жіберді. Соның кесірінен Арон Атабектің туыстары өзара алакөз болып, жауығып жатыр. Отбасы құндылығы оппозицияшыл саясаттың құрбандығына шалынды.

Берік Мыңжасар

Айдары: Түтін 08.12.2021 102

Қатысты мазмұн