Арон Атабекке ақша керек пе?

none

«Шаңырақ» оқиғасына байланысты 18 жылға сотталып, 15 жылдан кейін құр сүлдері шыққан Арон Атабек оппозициялық саясаттың «ойыншығына» айналды. Қайтпас күрескер Арон Атабектің атын пайдаланып біреулер саяси ұпай жинауды мақсат тұтты, енді біреулер Аронның мүшкіл жағдайдағы құр сүлдерін саяси саудаға салып, жанашыр жұрттың қайырымдылық сезімін қоздырып миллиондап мыш-мыш ақша жинап жатыр. Олар «Аронды шетелге апарып емдетіп, аяғына тік тұрғызамыз» деп, заң тұрғысында да, медициналық тұрғыда да ақылға қонымсыз орындалмайтын әңгімені айтып, езеуреп қоймады. Мұндай құйтырқы әрекеттен сезіктеніп қалған қоғам белсенділернің бір тобы ақша жинаушыларды айыптап, әлеуметтік желіде жағымсыз ақпарат таратып жатыр.

Денсаулығының жарамсыздығына байланысты түрмеден шыққан Арон Атабекті әуежайдан күтіп алып, үйіне ілесе барып, онымен суретке түскен қоғам белсенділері сол кезде-ақ өздеріне саяси ұпай жинауды бастап кетті. Күрескердің қасынан табылып, жылт етіп жұрт назарына ілініп қалуға құштар тобыр Арон Атабек шаңырағын бұл өңірде тіршілік етпейтін аң-құсы бар зоопаркке айналдырып жібергендей болды. Сондай «жанашырлықтың» кесірінен ұзақ жыл түрмеде отырып иммунитет атаулыдан жұрдай болған Аронға коронавирус жұқтырып тынды. Өкпесі қабынған ол өкпе желдеткіш аппарат арқылы зорға демалып жатыр, тамақ ішуден қалды. «Иммунитеті жоқ Аронға вирус жұқтыру соның атын пайдаланып, саяси ұпайпен қоса мол ақша жинап алуды көздеген қулардың жоспарлы ісі ме» деген күдік бар.

Арон Атабек жанашырлары жеткізген ақпарат бойынша, күрескерге көмек үшін ағылған қаржы тасқынын қоғам белсендісі Ася Асеткина мен Аронның қарындасы Рәзия Нутышева қадағалап отыр. Қазір ол қаржының көлемі елу миллион теңгеге жуықтапты. Оппозициялық «Свобода слова» газетін бірнеше миллион доллар үшін билікке сатып жіберген журналист Гүлжан Ерғалиева жарты миллион теңгесін садақа қылған. Үнемі биліктің саяси-экономикалық жобаларын атқарып жүретін ұлтшыл патриот Мұхтар Тайжан ондаған мың теңгемен шектелді. Бұған дейін Қытай қазақтарына қаржылай қолдау көрсетіп жүрген оралман-кәсіпкер миллион теңгесін шығындапты... Олар да Арон Атабекке соншама қаржының керек емес екенін жақсы біледі, ауырып жатқан күрескер дем алып жатқан өкпе желдететін аппаратты бір қайырымды жан сыйға тартқан, «жылы-жұмсақ тамақ керек» дейтіндей Арон тамақ ішуді қойды. Оның аузына су тамызып, күтуші ретінде күні-түні тегін қызмет көрсететін досы бар. Сондықтан Арон Атабекке көмек үшін мол ақша аударып, қайырымдылыққа ақша бергенін астыртын дереккөздер арқылы жұртқа жайып отырған қамқоршылардың ісін «осы бір қайғылы істе саяси ұпай түгендеп қалуды көздейтіндер» деп бағалауға болады.

text

Арон күйкі тірлікті қамдайтын адам емес, ол – бүткіл өмірін күрескерлік идеяға арнаған ақын. Ол өлеңдері арқылы өзіне ескерткіш қойып кеткенді ғана қалайды. Бұл тұрғыдан алғанда Аронның жан-дүниесін түсініп, соған шынайы көмек беріп жатқан қоғам қайраткері Жасарал Қуанышәлінің аты ғана ойға оралады. Ол зейнеткер бола тұра өз қаржысына Арон Атабектің өлеңдерін жинап кітап етіп шығарды. Жасарал Қуанышәлінің ойында басқалар секіліді Арон Атабек есімін пайдаланып саяси ұпай яки қаржы жинап, пайда табу деген пиғыл жоқ. Ол өзінен жасы кіші күрескер інісінің артында рухани мұра қалдыруды көздейді. Жасарал Қуанышәлі өзінің осындай қамқорлығы арқылы Арон Атабектей принципші саясаткер, күрескерлік идеяға жанымен берілген азамат екен дағы да дәлелдеді.

«S»

Айдары: Түтін 10.10.2021 1085

Қатысты мазмұн