Ақорданың жоспарын «5 мың теңгелік саяси технология» бұза ма?

none

Сайлаудың бет алысына қарасақ, Ақорданың саяси идеологы Мәжіліс сайлауын өзінің жеке бақылауына алған, ал мәслихат сайлауын әкімдіктерге тапсырып қойған секілді. Мұнда логика бар: Мәжіліс – жоғарғы биліктің бір тармағы, оның екеуі - Президент институты мен сот билігі. Мәслихат жергілікті халықтың мұң-мұқтажын күйттеп кетсе, әкімнің «бас ауруы» болатыны анық. Әкімдіктер өзінің осы проблемасымен шұғылданады. Оның үстіне, «Мәжіліс сайлауына араласпа, ісің болмасын» деп жоғарыдан нұқсау түскен секілді. Осындай жағдайда Ақорданың идеологы бірмандатты округтердегі жағдайды Астанада отырып қадағалай ала ма? Гәп - осында.

«5 мың теңгелік саяси технология» сайлауға қатысатын саяси партияларға қатысты емес. Бұл саяси технология Мәжіліс сайлауының бірмандатты округтерінде тиімді қолданылатыны айқындалып келе жатыр. Мысалы, Ақорданың идеологы Мәжіліс сайлауының 29 бірмандатты округіне «өзінің 29 кандидатын» жіберді делік.

Кандидаттар былайғы жұртқа «аманатшыл», «ауылшыл», «тәуелсіз», «оппозицияшыл» кейіпте көріне береді, бірақ жоспар бойынша дәл солар депутат болуы тиіс. Әрине, Ақорданың кандидаттарына үгіт-насихат жүргізуге біршама қаржы бөлінеді. Олар бұл қаржыны Сайлау туралы заңға сәйкестендіріп қолданады және үгіт-насихатты дәстүрлі әдіспен (теледидардан сөйлеу, үй-ғимараттарға плакат жабыстыру, тұрғындармен кездесіп бағдарламасын түсіндіру, үйіп-төгіп құрғақ уәде беру) жүргізеді. Осылайша жоғарыдан белгілеп берген рамкадан шыға алмай дымы құриды. Мұндай әдіс дәл қазір тиімді емес, сайлаушыға әсер етпейді.

Қаржысы бар кейбір кандидаттар сайлауалды науқанға әлеуметтік желіні қосуға әрекеттеніп жатыр. Оның схемасы мынадай: қу кандидат әрбір ауыл-аймаққа адамын қояды. Оны «сенімді інішек» деп атайық, оның «каспиголдына» миллион теңге салынады. Мұндай сенімді «інішектердің» саны округтің жағырапиясына қарай 30-40 болуы мүмкін. Мысалы, «Тастұмсық» деген ауыл бар дейік. Сол ауылдың көшесінде бір «інішек» тұрады. Ол өтіп бара жатқан тұрғынды тоқтатып «мына кандидатқа дауыс беріп, бланкіні суретке түсіріп, қайтар жолда маған көрсетсең, 5 мың теңге берем» дейді. Сайлаушының шаруасы бітті осымен. Қарапайым сайлаушыға «көпір салығызам, көшеге тас төсеткізем...» деген сайлауалды құрғақ уәде алыстағы бір арман. Ол орындала ма, орындалмай ма, белгісіз. Ал 5 мың теңге қол созым жерде тұр. Оның үстіне, тұрғындардың түгелге жуығы қазір тіпті азық-түлікті қарызға алып жүр. Қалалық жерде азық-түлікті қарызға алатын «каспи ред» деген жүйе жұмыс істейді. Мұның бәрі әлеуметтік жағдайдың әбден ушыққанын білдіреді. Кейбір отбасылар әрең жан бағып отыр. Мұндайда «сананы тұрмыс билейді». 5 мың теңгені екі күнге созып, жанбағыс қылса да пайдалы ғой. Саяси сана осылайша бір сәтте шайылып жоқ болады...

Қазіргі сайлау заңы бойынша, жеңімпаз үшін «50%+1дауыс» деген талап жоқ. Ең көп пайыз дауыс жинаған кандидат жеңіске жетеді. Кейбір округтерде 40-тан астам кандидат 1 депутаттық мандат үшін таласады. Біз мұны азайтып, орташа есеппен 30 кандидат бір округте таласады дейік. Округте көп дегенде 100 мың адам ғана дауыс беруге барады. Оны 30 кандидатқа бөлсек, 3 мың сайлаушыдан сәл ғана асады. Мұндай жағдайда 10 мың дауыс жинаған кандидат міндетті түрде жеңіске жетеді. Осынша дауыс жинау үшін не істеу керек? Ол қаржысы мол адам үшін қиын емес. 10 мың дауысты 5 мың теңгеден есептесек, 50 млн теңге болады. Қу кандидат пәлен миллион теңгесін шығындап теледидардан сөйлеп, плакат шығарып, ел аралап, халықпен кездесіп, құрғақ уәде беріп жұртқа насихат жүргізіп жатпайды. Ол үгіт-насихатқа жұмсалуы тиіс қаржыны және оған тағы бірнеше миллион қосып, оның бәрін «сенімді інішектеріне» бөліп береді де дауысты осылайша сатып ала салады.

Округтерге тіркелген кандидаттардың тізімін қарап отырсам, 50 млн теңгені қиналмай халыққа таратып беруге шамасы келетін кәсіпкерлер де, трайбалистік кланның беделді өкілдері де көп екен. Оларда «5 мың теңгелік саяси технологияны» оп-оңай падалануға мүмкіндік бар. Бұл сайлау сонысымен қызық, сонысымен тартысты болайын деп тұр. Мұндай жағдайда бірмандатты округтерді өзінің бақылауына алған Ақорданың идеологы қайтпек?, процес бақылауынан шығып кетіп, стратегиялық мақсатқа жете алмай қала ма? Әзірге бұл сұрақтың жауабы жоқ.

Oraz Alimbekov,

Faceboоk парақшасынан алынды

Айдары: Бақ-бақ 15.02.2023 161

Қатысты мазмұн