«Әлтаев ісі»: куәлерге кім қысым жасады?

none

Кезінде лауазымды қызметін пайдаланып 135 мың доллар пара алады деген күдікке ілінген Нұржан Әлтаевқа қатысты соттың алғашқы процесі өтпей қалғанын бұған дейін жазғанмын. Оның себебін сот іске қатысушы прокурор мен айыпталушының сот процесіне келмей қалуымен байланыстырған. Бұл жағдайды пара берушінің, яғни «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының бұрынғы басшысы Абылай Мырзахметовтің құқық қорғау органдарымен әлдебір астыртын келісім жасап жатыр деп болжадым. Сөйтсем, мұнда тағы бір гәп бар екен ғой.

Айыпталушы Нұржан Әлтаевтың пара алғанын дәлелдеп, кінәсін мойнына қойып беретін негізгі куәге оның туыстары арқылы қысым жасалыпты. Олар антикорға жазған арызында өздеріне жасалып жатқан қысым Абылай Мырзахметовтің «адамдары» тарапынан болғанын айтыпты. Әрине, заң бойынша пара алушы ғана емес, пара беруші де жазаланады. Егер сотта Н.Әлтаевтың пара алағаны дәлелденсе, онда Абылай Мырзахметов те біраз жылға сотталуы мүмкін. Оның үстіне, Абылай Мырзахметов – жеке өзіне қарсы қозғалған қылмыстық іс бойынша 30 млн доллар көлемінде пара алушы ретінде айыпталып жатыр. Бұл жағдай Абылай Мырзахметовтің жағдайын тым қиындатып жіберетіні анық. Сондықтан Абылай Мырзахметов жазасын жеңілету үшін «Әлтаев ісінен» қалай да сытылып кетуге тырысады.

Жалпы, тіркелмеген «Ел тірегі» партиясы мен оның лидері болған Нұржан Әлтаевтың тарихы күмәнді. Әрине, Н.Әлтаевтың о бастан ағайынды Абылай мен Асқар Мырзахметовтердің «адамы» болғанын, солардың қолдауымен лауазымды қызмет атқарғанын, кейін Мәжіліс депутаты атанғанын Шымкент халқы жақсы біледі. Мысалы, Асқар Мырзахметов Ауыл шаруашылығы министрі болып тағайындалғанда, ол өзіне орынбасар етіп Шымкент жақта жүрген Н.Әлтаевты шақырып алады...

«Ел тірегі» деген атау да Мырзахметовтердің «шапанынан» шыққан. Сондықтан болса керек, Назарбаевтың күйеубаласы Тимур Құлыбаев «Ел тірегіне» де, Н.Әлтаевқа да қатысым жоқ» деп басын ала қашты. Ақиқатында, «Ел тірегі» алғашында «Атамекен» палатасының жанына құрылған «Кіші және орта бизнес ассоциациясының» атауы еді. Ол кезде «Ел тірегі» ассоциациясын Жазира Дүйсенбекова басқарды. Кейін Асқар Мырзахметовтің «бағы тайып» облыс әкімі қызметінен кеткен соң, экс-депутат Нұржан Әлтаев та «Ел тірегі» атты партия құратынын мәлімдеп жария саясат алаңына шыққан. Бұл ағайынды Мырзахметовтердің мүддесін «Жаңа Қазақстан» жағдайында қорғап қалуды көздейтін саяси шантажға ұқсайтын бір айласы еді. Өкінішке орай, тіркелмеген «Ел тірегі» партиясын және оның лидері Н.Әлтаевты нағыз оппозиция деп қабылдағандар бар. Шындығына, Қазақстан тарихында төменнен, яғни қара халықтың қолдауымен саяси ұйым мен партия құрылған емес. Саяси партиялардың бәрі бай-бағылан лауазымды шенеуніктердің мүддесін қорғап қалу үшін жасақталып келеді. Аяқасты белсенді болып кеткен Нұржан Әлтаев та сондай бір саяси ойынның құйтырқы тетігінің бірі болды...

Ораз Әлімбеков

(Материал Фейсбук парақшасынан алынды)

Айдары: Түтін 31.10.2023 63

Қатысты мазмұн