Әбілязов нені армандайды?

none

Жақында экс-банкир, олигарх, Назарбаев дәуірінде тасы өрге домалап, мол табысқа жеткен, бірақ қаржы мен билікке байланысты мүдде қайшылығына орай шетел асып, содан кейн өзін демократ етіп танытуға күш салып жүрген Мұхтар Әбілязов қызық әңгіме жариялапты.

Айтуынша, сонау 2011 жылы, Лондонда жүргенде, оған түнгі сағат 12-де Лондон полициясынан қоңырау шалып, дереу полицияға келуі керек екенін, оған қастандық дайындалып жатқанын және оны ұрлап әкетуі мүмкін екенін хабарлапты. Дәл осы кезде, түнде ол ресейлік миллиардердің офисінде отырған екен. Сонда әлгі миллиардер Әбілязовтен не армандайтынын сұрапты.

Айтуынша, ол кезде оның «К+» спутниктік телевидениесі, оппозициялық «Алға» партиясы, «Республика», «Взгляд» газеті және ол ұйымдастырып, қаржыландырған көптеген оппозициялық жоба белсенді жұмыс істеп жатқан болатын. Яғни, ол Назарбаевтың режимін құлатуға тырысып, дәйекті түрде іс-қимыл жасапты. Жаңаөзендегі наразылық акциясын қолдапты, Жаңаөзенде «К+» арнасының журналистеріне корпункт ашыпты. Жаңаөзен тұрғындары арнаға тікелей сұхбат беріп, сол кезде бүкіл қала дерлік «K+» арнасын спутниктік тәрелке арқылы көріпті.

Сонда Әбілязов ресейлік миллиардерден: «Сенің өміріңнің мағынасы неде?» деп сұрапты-мыс. Онысы: «Мен балаларыма Батыста бақытты және өмір сүруі үшін миллиард долларлық байлық қалдырғым келеді» деп жауап беріпті.

Ал Әбілязов: «Мен Америка мен Еуропадағыдай мықты демократиялық ел құрғым келеді. Балаларым өз елінде өмір сүріп, ештеңеден қорықпайтын, оларға бизнесімді қалдырып, оларды түрмеге қамайды, бәрін тартып алады немесе өлтіреді деп ойламайтындай...» депті.

Ресейлік миллиардер маған өкінішпен қарап: «Сен жындысың. Бұл орындалмайтын арман!» депті. Осы әңгімесін баяндаған Әбілязов енді аудиториясына: «Бұл орындалмайтын арман деп ойлайсыз ба? Ал сіздің арманыңыз қандай?» деп сұрақ қойып, қармағына ілінгендерінен өзіне ақша аударуға үндейді.

Жалпы шетелде жүрген осы уақыт ішінде Әбілязов Қазақстан халқына манипуляция жасаудың түрлі айла-амалын үйренуге ден қойып, қазақша сөйлеуді үйрене бастады, сентиментке толы әңгіме жазып, әсерлі фотосессияға түсуді де қолға алыпты. Режимді құлатып, қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын тамаша заман орнатанына уәде беруден жалықпайды. Оған сеніп қалатын аңқау адамдар да жоқ емес.

Бірақ өзі жеккөретін режимге қызмет етіп, математик-шахматшы миымен құйтырқы жемқорлық схемаларын жасаған Әбілязовтің шынымен де эволюциядан өтіп, демократиялық ел құрғысы келетіні рас па? Оған сенуге бола ма? Егер ол кезінде билікті басып алу авантюрасына қатыспай, шетел асып кетпегенде немесе Назарбаевпен астыртын ымыраға келгенде, «демократқа» айналатын ба еді? Және оның пана іздеп барған елдердің де заңын бұзып, сот төрелігінде проблема туындатуы оның авантюрашыл мінезін қоймағанын, ішкі болмысы өзгермегенін көрсетіп отырған жоқ па?

Айдары: Бақ-бақ 30.07.2023 57

Қатысты мазмұн