Әбілязов неге өтірік айтады?

none

Францияда қашып жүрген Мұхтар Әбілязов өзінің «оппозицияшыл келбетін» сақтап қалуды көздейтін ақпараттық жаңа кампания бастады. Айтуынша, Қазақстан құқық қорғау органдары оны ұрлап кетуге немесе өлтіріп тастауға жанталасып жатыр екен. Ол сөзінің дәлелі ретінде 2011 жылы Лондонда, 2013 жылы Италияда болған екі оқиғаны мысалға келтіріпті. Тарих қойнауына сіңіп бара жатқан бұл оқиғаның мән-жайын білмейтіндер шынымен де солай ойлауы мүмкін...

Қашқын банкир Мұхтар Әбілязовтің айтуынша, Англияда уақытша тұру статусын алған оның бір түнде Лондоннан қашып, Еруопаға жасырын өтіп кетуіне Қазақстан билігінің өлтірмекші болған әрекеті мәжбүрлепті. Сөзінің дәлелі ретінде ол өміріне қатер төндірген бір-екі оқиғаны айтады. Бірақ, ол «Әбілязовтің өміріне қауіп төндірді, оны өлтірмекші болды» деген сыңайда ағылшын баспасөзінде сол кезде жазылған нақты мысал келтірмеді.

Шындығында, Әбілязовтің Лондоннан түн жамылып қашып кетуінің себебі мынада: 2011 жылы БТА банктің талап арызы бойынша Лондон сотында іс қаралып жатқан. Дау қаржы мәселесіне қатысты болған соң сот Әбілязовке өзінің Англия аумағындағы дүние-мүлкі мен активтері жөнінде мәлімет беруді міндеттеді. Ал Әбілязов сот қарауынан активтерінің бір бөлігін жасырып қалған. Сот тергеуі кезінде осы жайт әшкере болып қалады да, Лондон сотының ашуын туғызады, сондықтан «жалған мәлімет беріп, сотты сыйламағаны үшін» Әбілязовті 22 ай түрме жазасына кеседі.

Жаза тағайындаған сотқа Әбілязов қатысқан жоқ, оның мүддесін Елена Тищенко есімді украиналық адвокат қорғап жүрген. Адвокатынан түрме жазасына кесілгенін естіген Әбілязов сол түні жасырын Еруопаға құрлығына өтіп кетеді. Ол Лондон сотының шешіміне бас иіп, 22 ай түрмеде отырғысы келмеді. Сондықтан Әбілязовтің «мені Англиядан қашып кетуге Қазақстанның жауыз билігі мәжбүрледі» дегені шылғи өтірік.

Қашқын банкир айта беретін тағы бір оқиға Италияда болған. 2013 жылдың май айында Италия полициясы Әбілязовті ұстамақшы болады. Бірақ, тыңшылар берген мәліметте айтылғандай әлгі үйде Мұхтар Әбілязов болмай шықты. Италия полициясы сол үйде тұрып жатқан Әбілязовтің әйелі мен кішкентай қызын ұстап Қазақстанға асырып жіберді. Бұл оқиғаны Мұхтар Әбілязов «әйелім мен қызымды ұрлап кетті» деп үлкен дабыра қылғанын білеміз. Шындығында бұл оқиға Мұхтар Әбілязовтің зымияндығын, қарабасының қамы үшін бала-шағасын да құрбандыққа шалып жіберетін қатыгез адам екенін көрсетті.

Бұл оқиғаның мән-жай Ұлттық қауіпсіздік комитетінің экс-төрағасы Нартай Дүтбаев қамауға алынғанда белгілі болды. Тергеу мәліметіне сүйенсек, Дүтбаев 2000-шы жылдардың басынан бері Әбілязовке қызмет жасап келген. Банкир Ержан Тәтішевтің өлімінің шын себебі, Әбілязовтің Тәтішевті өлтіруге тапсырыс бергені дер кезінде ашылмай қалуына сол кезде ҰҚК төрағасы қызметін атқарған Дүтбаевтың тікелей қатысы болғаны анықталды. Ол лауазымды қызметтен кеткенен соң да Әбілязовке құпия ақпарат жеткізіп отырған. Сол үшін ол Әбілязовтен көп мөлшерде ақша алып жүргенін дәлелдейтін аудио жазба интернетте бар. Көлденең көп ақшаның буына еліткен Н.Дүтбаев шетелде қашып жүрген М.Әбілязовтің «адал қызметшісі» екенін дәлелдеу үшін арнайы қызметте жұмыс жасайтын күйеубаласы Нұрлан Хасен мен жиені Ерлан Нұртаевты да тартқан.

ҰҚК-нің экс басшысы Н.Дүтбаев 2013 жылдың қарсаңында өзінің беделін салып, Нұрлан Хасенді арнайы қызметтің сыртқы барлауына, яғни Еуропа бағытына ауыстырғызады. Нұрлан Хасен «Әбілязовті құрықтау операциясына» қатысты құпия мәліметті қайын атасына, ал Дүтбаев Әбілязовке хабарлап отырады. Үнемі ақпар алып отырған Әбілязов «құрықтау операциясы» болатын күні әйелі мен қызын Италиядағы үйіне тастап, өзі тайып тұрады. Әрине, Әбілязовті таппай жер сипап қалған соң, операцияны тоқтату керек еді, Әбілязовтің әйелі мен қызын Қазақстанға алып келудің қажеті жоқ болатын. Бірақ, операцияға басшылық жасаған Дүтбаевтың күйеубаласы зымиян банкир Әбілязов құрған жоспар бойынша әрі қарай әрекет етеді. Әбілязовтің әйелі мен қызын Қазақстанға алып келу арқылы халықаралық дау туғызып, Қазақстанның беделіне нұқсан келтірді. Әбілязовке керегі де осы болатын. Ол өзінің зымиян жоспарын жүзеге асыру үшін әйелі мен қызын жылатып, құрбандыққа шалып жіберуге дайын екенін көрсетті. Бұл оның етжақын тусын да аямайтын өте қатыгез адам екенінен хабар беріп тұр.

Мұхтар Әбілязов өзін «өміріне төніп тұрған қауіптен» құтылып кете беретін өте ақылды, сауысқаннан да сақ адам санайды. Айтуынша, үнемі оқ өтпейтін брондалған машина мініп, әрбір қадамын аңдап басып, айналасына жалтақ-жалтақ қарап жүреді екен. Мұнысы енді өтірік. Мысалы, Әбілязовті франция полициясы қамауға алып, үш жыл түрмеге отырғызған оқиғаны еске алайық.

Лондоннан қашып кеткен Әбілязов Францияда жасырынып жүрудің қарапайым қауіпсіздігін ұмытты. Ол өзіне талай жыл заңгерлік көмек берген ұлты украин адвокат Елена Тищенконы ағылшын тыңшылардың аңдып, із кесіп жүргенін сезбеді де. Көңіліне желік кірген қашқын банкир қауіпсіздікті ұмытып, жасырынып жатқан жерінен шығып, түн ортасында адвокаттың Франциядағы үйіне барып, сонда қонып қалады. Адвокат тұратын үйге дүрбі салып отырған тыңшылар Әбілязовтің іш киіммен жартылай жалаңаш жүргенін байқап қояды да, француз полицейлеріне хабар береді. Сөйтіп, Әбілязов адвокатының қасында тәтті ұйқыда жатқан жерінде тұтқындалған болатын.

Мұхтар Әбілязов абайсызда жасаған қателігінен ешқандай сабақ алмайды. Адвокаты әрі ашынасы болған әйелдің кесірінен тұтқындалып, француз түрмесіне отырып шыққан Әбілязов бұдан кейін де тыныш жүрмеді. Ол украиналық «Ашық диалог» ұйымының заңгері Людмила Козловскаямен тығыз байланысқа түсті. Осы екеуінің төсек қатынасын жасап жатқанын көрсеткен видео былтыр интернетті шулатқан. Бұл тағы да Әбілязовтің доғал ойлайтынының дәлелі емес пе? Әйтпесе, «сауысқандай сақ жүрмін» деген адам күмәнді жерге қайыра аяқ баса ма?!

text

Бұл оқиғаға қатысты тағы бір сұрақ бар. Егер Әбілязовті «өлтіруді мақсат тұтқандар» оның төсегіне төніп қадағалап отырса, оны сол жерде неге жайрата салмаған?! Әрине, бұл сұраққа Әбілязов жауап бере алмайды. Себебі, ол - БТА банктің мол қаржысын жымқырып кеткен ұры. Көп қаржыны жасырып тастаған ұрыны ешкім өлтіріп тастауға мүдделі емес. Егер ұры өліп қалса, ол құпиясын өзімен бірге о дүниеге алып кетеді, ондай жағдайда жасырылған мол ақшаны да табу мүмкін болмай қалады. Міне, Әбілязов осы мәселені айтуға тілі кесіліп, босқа байбалам салып жүр.

Берік Мыңжасар

Айдары: Түтін 03.12.2019 220

Қатысты мазмұн