Адвокаттың гонорарында нақақ көзден жас бар ма?

none

Танымал тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызы «ар-намысымды қорлады» деп сотқа тартқан журналист Бибігүл Дәулетбекқызының адвокаты Айман Омарованың күн санап бұрынғы беделінен айырылып барады. Бұған себеп адвокаттың өз клиентін қорғау кезінде бір ғана тактикаға – «хайп-байбаламға» әдеттеніп алуы. Ол тіпті тұрмыстық деңгейдегі жанжалдың бәрін саясиландырып шешкісі келеді. Заң шеңберінде, нақты факті мен сымдай тартылған аргумент бойынша ғана сөйлеуге тиіс адвокаттың мұндай жеңілтек өрескел әрекеті басқа істер кезінде нәтижелі болған шығар. Бірақ, жүріс-тұрысы баяғыдан күмәнді, бейпілауыз Бибігүл Дәулетбекқызына қатысты істе «хайп-байбалам» жағдайды одан бетер ушықтырып, танымал адвокатты абройдан жұрдай ете бастады.

Тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызы Бибігүл Дәулетбекқызын сотқа берген тұста Қазақстанның әр түкпірінде тұратын ондаған адамның «Бибігүл алдап кетті», «жұмысын жасатып пәленбай мың теңге ақымды жеп кетті» және т.б. деп арызданған жазбалары әлеуметтік желіні жауып кетті. Олардың ішінде журналистер мен әртістер, көлік жүргізушілер мен фотограф-операторлар, киім-кешек, алтын-күміс әшекей сататын саудагерлер, тіпті тұрмысы нашар көпбалалы әйелдер де бар. Олардың алтауы алаяқтық бабы бойынша Бибігүл Дәулетбекқызының үстінен полицияға арыз жазып тастады. Ләйла Сұлтанқызы мен Бибігүл Дәулетбекқызының арасындағы іске қана адвокат болып жалданған Айман Омароваға арызданушылардың осы әрекеті әдейі ұйымдастырылған ауқымды қаралау кампаниясы сияқты көрінеді. Сондықтан ол бірнеше мәрте Фейсбук желісінде тікелей эфирге шығып, Бибігүлге қарсы арызданушыларға сес көрсете сөйледі.

Әрине, қыруар ақшаға жалданған адвокат клиенті оңбаған болса да қорғауы тиіс. Бірақ мұның бәрі қылмыстық іс жүргізу кодексінің шеңберінен шықпауы керек. Қорғауындағы адамның кінәсіз екенін нақты фактілер арқылы дәлелдеп, қатаң түрде аргументтеу қажет. Ал адвокат Айман Омарованың заң шеберінен шығып кетуі Л.Сұлтанқызы мен Б.Дәулетбекқызының арасындағы даулы істе де көрініс тапты. Тіпті, ол өзінің клиентін барынша қорғау үшін Фейсбукте жасаған тікелей эфирінде өзінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының штаттан тыс кеңесшісі және Президент жанынан құрылған Қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі екеніне ым жасап, Ләйлә Сұлтанқызына қаратып сес көрсете сөйледі. Бұл енді тек заң аясында шешілуі тиіс қылмыстық істі саясиландыру емей, немене?!.

Осы тұста сотқа тартылған Бибігүл Дәулетбекқызы жалдаған адвокатының гонорарын қандай қаржы көзінен төлеп жатқаны жөнінде айта кетейік. Осы жылдың басында қызылордалық көпбалалы әрі жалғызбасты әйел Гүлнұр қиын жағдайға тап болды. Ол жұрттан мүгедек баласын емдетуге көмек сұрады. Үнемі «жемтік» іздеп әлеуметтік желіні бағып отыратын блогер Бибігүл дереу Гүлнұрмен хабарласып, іші-бауырына кіріп, өзінің көмегін ұсынады. Ол әлеуметтік желідегі парақшасында көпбалалы анаға көмек беру мәселесін көтереді. Екеуара келісім бойынша, Гүлнұр есепшот (банк карточкасы) ашады, осы есепшоттағы халықтан жиылған ақша тең бөлінуі тиіс. Гүлнұрдың айтуынша, есепшотқа 600 мың теңге жылу жиналған. Ол оның тең жартысын Бибігүлге беріп, алғысын жаудырады да қалған 300 мың теңгеге Астанаға барып мүгедек баласын емдетіп қайтады.

Журналист-блогер Бибігүл Дәулетбекқызын тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызы сотқа берген тұста ол жанұшырып Гүлнұрға хабарласады. Басына күн туып сотқа тартылғанын айтқан ол қорғану үшін беделді әрі қызметі қымбат адвокат Айман Омарованы жалдағанын, соның гонорарына ақша жетпей жатқанын айта келе көпбалалы ана Гүлнұрдан кемі 300 мың теңге аударуын талап етеді. Гүлнұр ақша түгесілгенін, бәрін мүгедек баласының еміне жұмсағанын айтып ақталады. Бірақ, бұл сөзді Бибігүл місе тұтпайды. Ол «тағы 300 мың теңге бересің де, бересің» деп, Гүлнұрды қарғап-сілеп, балаларының өміріне қатер төндіре сөйлеп, қоқан-лоқы жасап әбден қорқытады. Бибігүлдің қоқан-лоқысынан әбден зәрезап болған көпбалалы ана қазір полицияға және «Нұр Отан» партиясына шағымданып, өзін Бибігүл Дәулетбекқызының қысымынан қорғап қалуды сұранып арызданбақшы.

Бибігүл Дәулетбекқызы Гүлнұрға ғана қоқан-лоқы жасап жүрген жоқ. Оның айтуынша, қызылордалық Жәмила Садуовадан миллиондаған ақша талап етіп жүр. Оқырманның есінде болса керек, осы қыста қала маңындағы саяжайды жалға алып тұрған Жамиланың өрімдей үш баласы шала жанған көмір иісінен уланып қайтыс болды. Осы қайғылы оқиғадан кейін журналистер қара жамылған әйелге көмек беру мәселесін көтерген. Бұл іске блогер-журналист Бибігүл Дәулетбекқызы да бір қапталдан қосылып, жеке бас мүддесін күйттеп атсалысыпты. Қайырымды азаматтар үй сатып алу үшін Жәмила Садуованың есепшотына 9 млн теңгеге жуық қаражат аударғанын есіткен Бибігүл «мұның бәрі менің арқамда жиналған ақша, соның 5 млн теңгесін маған бересің, қалған 4 млн теңгесі Қызылордадан екі бөлмелі пәтер сатып алуға жетеді» депті. Бұл талапқа көнбеген Жәмиланы Бибігүл «өйтіп жіберем», «бүйтіп жіберем» деп әлі қорқытып жүр екен...

Тура осыған ұқсас оқиға Алматы маңындағы Талғар қаласында болды. Қақаған қыста бес балалы жас отбасының моншада тұрып жатқаны жөнінде журналистер мәселе көтерген. Отбасының қиын жағдайын баспасөзден естіп-білген жергілікті кәсіпкерлер шама шарқынша көмек бере бастады. Сондай бір жанашыр топты қалқалап барған Бибігүл Дәулетбекқызы әлгі отбасымен тығыз байланыс орнатып, жағдайын үнемі біліп тұрған. Оның бұл жанашырлығында гәп бар еді...

Көпбалалы отбасының моншада тұрып жатқаны жергілікті биліктің назарынан тыс қалған жоқ. Жағдайдан хабардар болған облыс әкімі Амандық Баталов «Әлішер» шаруа қожалығының жетекшісі Асқар Сүлейменовке көмек беруді тапсырған. Кәсіпкер сол маңдағы 3 бөлмелі жаңа үйді сатып алып, оның кілтін көпбалалы отбасыға табыстады. Осы ақпаратты естіп алған Бибігүл Дәулетбекқызы көпбалалы анаға бірде аяғымен барып, бірде телефон шалып зығыртап қыла бастайды. Айтуынша, көпбалалы отбасыға кәсіпкердің үй сатып әперуіне Бибігүлдің жалғыз өзі мұрындық болыпты-мыс. Сондықтан, жанашыр халықтың көпбалалы отбасының есепшотына аударылған қаржыны өзіне түгел беруді талап етіпті. Ол «сұраған үйлеріңді менің арқамда алдыңдар, ал басқа жұрт ақша аударып жатқан карточканы менің қолыма бересіңдер де, бересіңдер» деп зіркілдеп, көпбалалы отбасының әбден берекесін қашырады.

Дәлелі бар (аудио, видео жазбалар және ақша аударылымдардың түбіртектері) бұл фактілердің бірін де жоққа шығару мүмкін емес. Осы жағдаймен таныс емес пе, әлде «клиентінің сөзіне көзсіз сеніп, оны жанұшыра қорғап қалу міндетім» деп түсіне ме, белгісіз, адвокат Айман Омарова журналист-блогер Бибігүл Дәулетбекқызының атына сын айтыла қалса, өре түрегелетін әдет шығарып алды. Әрине, ол Бибігүл Дәулетбекқызының өзін қорғау үшін төлеген қаржысын ақтап, адвокат ретінде клиентіне адал қызмет еткені дұрыс. Бірақ, сол адвокаттық гонорардың ішінде көпбалалы аналар мен қорғансыз балардың көз-жасының ащы дәмі бар екенін де қаперге алып қойғаны жөн болар еді.

[right]Берік Мыңжасар[/right]

Айдары: Түтін 03.11.2019 - 16:07