2020 жыл: көпбалалы отбасыға қандай көмек беріледі

none

Парламент мәжілісінде «Атаулы әлеуметтік көмек саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырудың тиімділігі» тақырыбында үкімет сағаты өтіп, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов АӘК берудің жаңа тетіктері туралы баяндама жасады.

Министрдің сөзінше, 2020 жылдың 1 қаңтардан бастап кәмелетке толмаған 4 және одан да көп балалары бар отбасыларға жәрдемақы тағайындалғанда отбасының табысына қарамайды. 4 балаға 42 496 теңге; 5 балаға 53127 теңге; 6 балаға 63 757 теңге; 7 және одан көп балаға 74 388 теңге беріледі.

Сонымен қатар жаңа жылдан бастап «кепілдендірілген әлеуметтік топтама» беріле бастайды. 1 жастан 6 жасқа дейінгі табысы аз отбасы балаларына азық-түлік және гигиена құралдары, 6 жастан 18 жасқа дейінгі балаларға мектептерде ыстық тамақ беріліп, оқу құралдарымен және мектеп киіммен қамтамасыз етіледі, мектепке дейінгі жол шығындары өтеледі. Медициналық, стоматологиялық көмек 18 жасқа дейінгі балаларға тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде көрсетіледі.

Ресми мәлімет бойынша, аз қамтылған балалар арасында көпбалалы отбасылар 56 пайызға жеткен.

Қыркүйектің 2-сі күні жарияланған Қазақстан халқына жолдауында президент Қасым-Жомарт Тоқаев тұрмысы төмен отбасыларға арналған атаулы әлеуметтік көмекті «азаматтарды еңбекке ынталандыратын, ашық, әділ жолмен беруді» ұсынды.

Бір айдан соң еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов үкіметте атаулы әлеуметтік көмектің жаңа жобасын таныстырған болатын.

Айдары: Текемет 09.12.2019 88

Қатысты мазмұн