13 адамды бизнес өлтірді ме?

none

Ай мен күннің аманында 13 адам хостелде ыс тиіп қырылып қалды. Жантүршігерлік осы оқиға адам өмірі қауіпсіздігіне сай емес лас бизнестің, «бармақ басты, көз қыстымен» шұғылданып жүрген кәсіпкерліктің кең етек жайғанын тағы көрсетті. Мемлекет орта және шағын бизнесті қолдаймыз деп қадағалау органдарының тексеруін тыйып тастаған. Өздеріне жасалған осындай жеңілдіктің қадірін кәсіпкерлер біліп отыр ма? Бизнесті тексеруге жариялаған мораторийді кәсіпкерлер бағалап, соның үдесінен шығып, бизнестің де жауапкершілігі барын сезінді ме? Әрине, жоқ. Әйтпесе, есі дұрыс кәсіпкер жертөледен қонақүй-хостел аша ма?!.

Түрме де жердің астында емес, үстінде ғой. Жертөленің аты жертөле, оған қанша жерден желдету жүйесін қойғанмен ол дұрыс жұмыс істемейді. Желдету жүйесін дұрыс жұмыс істету үшін сасық ауа кететін құбырды үй шатырынан жарты метр биікке көтеру керек және жертөленің ішіне күшті вентилятор қою қажет. Жертөледе хостел, балабақша, асхана ашқыш қуаяқ кәсіпкер соншама қаржы шығындамайды. Сондықтан жертөлеге сасық ауа жиналады, жылыту мерзімі кезінде адам өміріне тіпті қауіпті.

Алматы болсын, басқа қала болсын, жертөлені пайдаланып бизнес жасап жатқан кәсіпкер көп. Олар қалайда көп пайда табу үшін өрт пен ыс қауіпсіздігін сақтамайды. Хостелде екі-үш тәулік түнеп кетуге келген сапырылысқан адамдар ортасын шілтермен бөліп қойған қуықтай жерде екі сөрелі төсекте ұйықтайды, сол жерде тамағын ысытып жейді, шайын сол жерде қайнатып ішеді. Осыған ұқсайтын жекеменшік балабақшалар да бар. Асханалар да кешеден қалған тамағын ысытып беріп, талай адамды улаған оқиға жиі қайталанады. Жергілікті билік пен тексеру-қадағалау органдары адам өміріне қауіпті осындай бизнес істеп отырған кәсіпкердің «екі аяғын бір етікке» тыққаны жөн. Мемлекеттің орта және шағын бизнеске жеңілдік жасап, еркіндік беріп, дамуына қолдау көрсеткені дұрыс шығар, бірақ әр нәрсенің стандарты, міндетті талабы бар ғой. Қадағалаушы органдар сол стандартты бизнестен қатаң талап етсін! Әйтпесе қуаяқ кәсіпкерлер бизнесті тексеруге жарияланған мораторийді де пайда табудың қайнар көзіне айналдырып, басқа адамдардың өміріне қауіп төндіруін ешқашан тоқтатпайды.

Ораз Әлімбеков

(Материал Фейсбук парақшасынан алынды)

Айдары: Бақ-бақ 30.11.2023 50

Қатысты мазмұн